Жаңалықтар

Ақылшым деп танимын

Жеңіс ҚОНЖАРҰЛЫ,

ҚР білім беру ісінің үздігі.

Оқырман ойы

Қай кезеңде де тәлім-тәрбие ісі күнделікті өмірімізбен сабақтас. Жақсыға ұмтылу, жаманнан жеріну — ұлтымыздың қашаннан қалыптасқан ұстанымы. Осы игі дәстүрді ұмыт қалдырмай, ілгері дамытып отыру — бәріміздің парызымыз.

Менің ұзақ жылғы ұстаздық қызметім осы ауқымдағы көптеген мәселелерді ойға алдырады, көңілімді қозғайды. Қарап отырсам, мектепте қырық жылдай еңбек етіппін. Соның он жылында мектеп директорының орынбасары, ширек ғасыр мектеп директоры болған екенмін.

Алдымнан көптеген шәкірттер түлеп ұшты, көптеген ұстаздармен қызметтес болдым. Ең алдымен, өзімді адаммен жұмыс істеу мектебінен өттім деп ойлаймын. Педагогикалық ұжымның басшысы болғандықтан үнемі жауапкершілік жүгін сезініп, ізденісте жүресің. Сондайда баспасөз менің сенімді серігім болды деп нық сеніммен айта аламын.

Әлі есімде, мұғалімдік жолым басталған 1971 жылдан облыстық «Коммунизм жолы» газетін жаздырып алып отырдым. Еліміз егемендікке ұмтылған тұста «Ақтөбе» атауын алған басылыммен достығым сол бұрынғы қалпында қалды.

Бұл газетті жаныма жақын тартқызып, жүрегіме жылу ұялататын себептер де баршылық. Өйткені жас мұғалім кезімізде сабақтан тыс шараларды ұйымдастыру үшін қажетті материалдарды облыстық басылым бетінен табатынбыз. Сондай-ақ жас ұрпаққа тәрбие беру бағытындағы аға буын ұстаздардың мақалалары жиі жарияланып тұратын. Солардың кейбіреулерін қиып алып, сақтап қоямыз.

Жалпы мектеп өмірі, мұғалім беделі, бала тәрбиесі тақырыбы — облыстық «Ақтөбе» газеті бетінен түскен емес. Нарық заманы басталған тұста мұғалімдер де талай қиындықты бастан кешірді. Жалақы уақытында берілмегендіктен негізгі мамандығын тастап, базар жағалап кеткен әріптестеріміз де болды. Солардың өмірін, жалпы сол уақыттағы тыныс-тіршілікті біздің газетіміздің журналистері қаз-қалпында көрсетіп отырғаны жадымызда.

Бір кездері қазақ мектептері мен ана тілімізде тәрбие беретін балабақшалар саны азайып, жабыла бастағаны көңілімізді қобалжытқан сәттер орын алғанын кім ұмытпақ? Сондайда қалам иелері дүбірлетіп дабыл қақты.

Бүгінде басқа жерлерді айтпағанда, Ақтөбе қаласының өзінде қаншама қазақ мектептері жұмыс жасап жатыр десек, мұндай жетістікте журналистердің еңбегі мол екенін жоққа шығара алмаймыз.

Тіл мәселесінде де солай. Ана тіліміздің тазалығына ұдайы көңіл бөліп отыратын да  «Ақтөбе» газеті. Мекеме-ұйымдардағы қызмет барысында мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ұйытқы болып жүрген де біздің қалам ұстаған бауырларымыз.

Ең маңыздысы — газет оқырмандар ойымен санасады, сол тұрғыдан тақырып ауқымын кеңейтіп, жаңартып отырады.

Мен ардагер ұстаз ретінде «Ақтөбе» газетін ақылшым деп танимын, сол себепті де біздің достығымыз алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігіне еш күмәнданбаймын.

    Алға қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button