«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ақтөбеде 115 көше жолы жөнделді немесе жол сапасы қандай?

Биыл Ақтөбе қаласында  жол құрылысына қатысты  ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы бағытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен қарастырылған 13,9 миллиард теңге ағымдағы жылдың қараша айында толығымен игеріледі.

Мемлекеттік бағдарлама және үнемделген қаражат

Жыл сайын көктемде ақтөбеліктерді ойдым-ойдым, шұрқ тесік жол әбігерге түсіретін. Жаз шықса, қаланың басты даңғылдары мен көше жолдарында ғана жол құрылысы жұмыстары қолға алынғандай болатын. Ақтөбенің ажарын тайдыратын мұндай «дәстүрлі» көріністің қайталанатынына жергілікті тұрғындардың еті үйреніп те қалған еді. Жолдың жайы жүргізушілер үшін қатты қиындық тудыратын. Өйткені жол бойындағы ойыққа түскен көліктің дөңгелегі ғана емес, басқа да қосалқы бөліктері істен шығып жататын.

Ақтөбе қаласындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 651 шақырым.

Осы ұзындықтағы жолдың тең жартысында ғана асфальт-бетон жабындысы төселген деген ақпарат бұрын-соңды айтылып жүретін. Ал биыл Ақтөбе көшелері адам танымастай өзгерді. Жергілікті билік бастапқыда облыс орталығындағы 97 көшеде жол жөнделетінін жоспарлаған. Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 13,9 миллиард теңге қарастырылды. Ауқымды қаражаттың есебінен қаланың және қала аумағындағы елді мекендерді қоса есептегенде, жалпы ұзындығы 171 шақырымдық жол жөнделу керек болатын. Алайда биылғы жоспар артығымен орындалып жатыр. Үнемделген қаражаттың есебінен келер жылдың еншісіндегі бірқатар жолды жөндеу жұмыстары биыл басталды. Енді қарашаның соңына дейін тапсырылмақ.

Бастапқыда биыл Ақтөбе қаласында 97 көше жолының жөнделетінін айтқан болатынбыз. Дәл қазіргі кезеңде біз 117 көшеде жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олардың барлығы биыл тапсырылады. Сондықтан біз үнемделген қаражатқа жоспарланған өзге көшелердегі жолды жөндеп жатырмыз. Негізінен, бұл жұмыстар келер жылға жоспарланған еді. Бірақ біз  құрылысты биыл жүзеге асырмақпыз, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

1000 сынама мен сапасыз құрылыстар

«Биыл қала аумағында үлкен жұмыстар атқарылды. Ең бастысы — жұмыстың сапасы. Сондықтан біз облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандарымен бірлесіп «Сапалы жол» акциясы аясында қаладағы жасалып жатқан барлық жолдың құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына айрықша басымдық бердік. Яғни жол сапасын бақылау әрі тексеру үшін алты айдан бері мониторинг жүргізіліп келеді. Бұл іске журналистер мен блогерлер де қатысып жүр. Өйткені біз бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарымызды ешкімнен жасырмаймыз. Сондықтан жол құрылысы сапасын бақылап, тексеру шарасына кім-кімнің де қатысуға толық мүмкіндігі бар. Бұл істе бізге Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық сапа орталығының зертхана мамандары көмектеседі. Олар жол құрылысына қажетті материалдарға талдау жүргізіп, бағасын береді. Содан кейін ғана біз сол жұмысқа қатысты мердігер ұйымға төлем жүргізу ісін бастаймыз», — деді қала әкімі.

Белгілі болғандай, сапа орталығының мамандары биыл бұл бағытта  1000-нан астам сынама алған.

Жолға қатысты сапасыз құрылыстар да анықталды. Нақтырақ айтсақ, қалада сапа сараптамасынан өтпегендіктен, төрт көше қайта жөнделді. Олар — Абай даңғылы және қаланың ескі бөлігіндегі тағы 3 көше. Яғни сапасыз салынған жолдардағы асфальт жамылғысының үстіңгі бөлігі толығымен алынып, жаңа қабат төселді. Бұл мәселеде зертханаларда тексерілетін жол құрылысы  материалдарын жеткізудің өзі маңызды рөл атқарады. Сол үшін біздің мердігер компаниялар жолды қайта жасауға мәжбүр болды. Біз мұндай жұмыстарды тұрақты түрде жүргізетін боламыз. Ең бастысы — қала тұрғындары салынған жолдан әсер алуы  керек әрі жол халыққа ұзақ уақыт қызмет көрсетуі тиіс, — деді А.Шахаров.

Қала әкімінің айтуынша, құрылысы сапасыз жүргізілген мұндай жолдардың

үстіңгі асфальт жамылғысы толықтай алынып тасталып, қайта жасалған. Өйткені олардың суға төзімділігі, қысқы кезеңде аязға шыдас беруі және басқа да жағдайлары сапа орталығының талабына сәйкес болмапты. «Бір қарағанда, теп-тегіс асфальттан мін табу қиын. Ал нақты сынама алынып, талдау жүргізілген уақытта, жол сапасы талапқа сәйкес болмай шығады. Бізге бұл қорытындыны сапа орталығы береді», — деді шаһар басшысы.

Талапқа сай келмеген телімдер

Тельман Малаев, Ақтөбе облысы бойынша жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының директоры:

— Биыл біз Ақтөбе қаласында салынуға тиіс жоспарланған 97 көше жолының 93-ін тексердік. Оның ішінде аяқталмаған телімдер де бар. Ағымдағы жылы 392 рет жолға шықтық, нәтижесінде  52 заңбұзушылық анықталды. Кемшіліктер орындалып жатыр. Алайда қазір соның 19-ы әлі қалыпқа келтірілген жоқ. Дегенмен мердігер ұйымдар мұндай олқылықтарды жоятыны туралы хаттамада көрсетті. Биыл Ақтөбе қаласында жол құрылысы материалдарына қатысты 1200 сына алынды. Соның 117-і нормаға сәйкес келген жоқ. Олар — қиыршы тас, малта тас, құмды қоспа, асфальт-бетон жабындысы сияқты өзге де шикізаттар. Мұндай  ескертпелер мердігер ұйым мен тапсырыс берушіге қағаз жүзінде берілді. Жалпы, жол салу ісінде қоспа араластырылады. Егер қоспаның құрамы дұрыс болмаса, нормаға сәйкес еместігі анықталады. Осындай кемшіліктерді біздегі зертхана анықтайды. Сондықтан ондай материалдарды жол салу ісінде құрылыс-монтаж жұмыстарына қолдануға тыйым салынады.

Жол құрылысын салу барысында Ақтөбенің климаты қалай ескеріледі?   

— Ақтөбе — климаттық аймақ. Сондықтан жол салу барысында өңірдің төртінші климатқа сәйкестігі ескеріледі. Климаттық аймақта жол салу құрылысына сәйкес бекітілген нормативтік құжат бар. Нақтырақ айтсақ, жолдың беріктігі 1200 мегапаскальдан жоғары болу керек. Аязға шыдамдылығы Ғ25-Ғ50 аралығында болу керек. Битумды қоспа да талаптарға сай болуы шарт. Сол кезде біздің жолдарымыз сапалы болады. Біздегі мамандар арнайы кестеге сәйкес жолға шығып, осындай талаптардың сәйкестігін тексереді. Әрине, кемшіліктер де анықталды.

— Нақты қай тұста қандай кемшіліктерді анықтадыңыздар?

Атап айтсақ, асфальт-бетон жабындысының қалыңдығы талапқа сәйкес келмей жатады. Сол сияқты жол негізінің қалыңдықтарында да сәйкестік болмайды. Мәселен, Кірпішті елді мекеніндегі жолды жөндеу барысында осындай қателіктер анықталды. Ұзындығы 250 метрлік асфальт-бетон жабындысының қалыңдығы нормаға сәйкес болмай шықты. Арнайы құралдардың көмегімен біз сол қалыңдықтың қай аралықтарда талапқа сәйкес еместігін анықтап, мердігер ұйымға айтып, тапсырыс берушіге хат жолдадық. Сөйтіп, мердігер ұйым белгілі қашықтықта  телімді фризамен кесіп тастап, орнына жаңа асфальт төседі.

Жолдың жайын көктемде көреміз…

Жол құрылысына қажетті  қиыршық тас және басқа да материалдар сапа орталығының зертханасынан өткеннен соң ғана пайдалануға берілген. Бұл орайда мамандар жиырмаға жуық карьерден алынған шикізаттың жол құрылысына жарамсыз екенін анықтапты. Бүгінде облыс аумағындағы он шақты карьерден ғана жолға қажетті өнімдер жеткізіліп жатыр.

Асхат Шахаровтың айтуынша, күрделі жөндеудің кепілдік мерзімі — 3 жыл, орташа жөндеу — 2 жыл. Егер осы уақыт аралығында жол сыр берсе, бұл істі мердігер мекеме жеке қаражатына жасауға тиіс.  Қала әкімі өз сөзінде сапа орталығы жолдардың кем дегенде бес жыл қызмет ететініне кепілдік беретінін айтты. «Бірақ бәрі айтқандай, жол сапасын көктемде көреміз», — деп  қалжыңдады ол.

«Сапалы жол» жобасының басты мақсаты — жөндеуден өтіп жатқан жолдарға қоғамдық бақылау жүргізу. Бұл орайда мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жалғасады. «Биыл қала аумағында жол салу ісіне республикалық бюджеттен 13,9 миллиард теңге қаражат бөлінді. Сол қаражатты біз биыл толықтай игереміз.  Қазір жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары қарашада аяқталады», — деді А.Шахаров.

«Сапалы жол» жобасы елімізде 2012 жылдан бері жүзеге асырылып жатыр.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Бауыржан Балғабековтің айтуынша, биыл департамент мамандары 23 мониторингтік тексеру жүргізген. «Көптеген заңбұзушылықтар асфальт қоспасына қатысты болып жатады. Сонымен қатар асфальт үстінде битумды дақ жиі кездесіп,  мұндай олқылықтар да тиісті шешімін тапты», — деді ол.

Істі сапалы атқаруға тырысамыз…

Ақтөбе қаласындағы негізгі әрі республикалық маңызға ие жолдардың бірі — 312-атқыштар дивизиясы даңғылы. «Бұл жол — қала жолдарының негізгі күретамыры. Биыл аталған жолға жөндеу жүргіздік. Жолдың үстіңгі қабаты — қиыршық тасты-мастикалық асфальт-бетон жабындысы. Яғни мұндай материалдар жолдың ұзақ уақыт қызмет етуіне ықпал етеді. Әрине, біз жөндеуден өткен бұл жолдың тұрғындар үшін тиімділігін көріп отырмыз. Себебі күн сайын осы жолмен жүретін халықтың бір бөлігі Ақтөбе маңайындағы ауылдық жерлерде тұрады. Өйткені бұған дейін бұл жолдың жағдайы өте нашар болатын», — деді А.Шахаров.

Биыл аталған жолдың 5 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Бас мердігер — «АССАНА-ДорСтрой» ЖШС. Жоба құны — 405 миллион теңге. Жол құрылысы жұмыстары ағымдағы жылдың маусым-қыркүйек аралығында жүргізілді.

Жоба бойынша асфальттың үстіңгі қабатының қалыңдығы 4 сантиметр болуы керек. Алайда  жол сапасына мониторинг жүргізу барысында алынған сынаманы өлшеу кезінде масштаб 5,5 сантиметр көрсеткен. Мамандар жолдың сапалы салынғанын әрі нормаға сәйкестігін айтып отыр. Себебі асфальт жабындысы әлі кеппеген жаңа жол уақыт өте келе отыратын көрінеді. Көрсеткіштің нормадан сәл артықтау болатыны да сондықтан.

Сол сияқты биыл жол құрылысымен айналысатын «КМК Строй» ЖШС қала аумағында бірқатар көшелерде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізді. Мекеменің бас инженері Ұлан Өмірбаевтың айтуынша, мердігер ұйым бұған дейін Сәңкібай батыр даңғылын, Пожарский көшесінен Пацаев көшесіне дейінгі аралыққа, сондай-ақ Әуе қалашығындағы Майталман көшесінде жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Бүгінгі таңда аталған ұйым Қарғалы елді мекенінде Сәтбаев көшесіндегі жолға орташа жөндеу жүргізуде. «Жоба құны — 420 миллион теңге. Жол жұмыстары биыл қарашада аяқталмақ. Жасалуға тиіс аралық — 7 шақырым. Бұл көшеде біз асфальт жабындысын төсеп, аялдама маңайын қайта жаңартамыз. Биыл біздің мекеме өз міндетіне алған жобаларға байланысты әзірге ешқандай шағымдар болған жоқ. Біз өзімізге сеніп тапсырылған істі сапалы атқаруға тырысамыз», — деді Ұ.Өмірбеков.

Ағымдағы жылы «КапРемСтрой» ЖШС Т.Айбергенов көшесін күрделі жөндеуден өткізді. Жол жөндеу ісіне 107 млн теңге қарастырылған. Жобада жол төсемін қайта құру, асфальт-бетон жабынының екі қабатын төсеу, сондай-ақ тротуар мен жарықтандыру қарастырылған. Бүгінде көркі кірген көшенің тұрғындары іргелі істің аяқталғанына дән риза.

Ескі көшелер ескерілсе…

Материал әзірлеу барысында біз қаланың бірқатар тұрғынымен, оның ішінде жол бойында жүретін жүргізушілермен көбірек тілдескен едік. Әрине, олардың қай-қайсысы да жол құрылысына қатысты қалада биыл атқарылған шараларға риза екенін, алайда кейбір көшелерге жөндеу жұмыстарының қажет екенін айтты. Айталық, биыл М.Жұмабаев көшесі жөндеусіз қалды. Нақтырақ айтсақ, Озерная көшесінен Бөкенбай батыр көшесіне дейінгі аралығы түнгі мезгілде такси жүргізушілері үшін қиындық тудырады. Сол сияқты жүргізушілер қаланың ескі бөлігіндегі Т.Ахтанов атындағы көшеге параллель жатқан Интернациональная көшесінің де жөнделгенін қалайды. Орталық базарға жиі қатынайтын жүргізушілер де, сол көшенің тұрғындары да биыл осы көшенің жобада барына  жол салу науқанының аяқталған мерзіміне дейін үмітпен қарапты.

Қазір Заводская аталатын көшенің Әйтеке би көшесіне дейінгі аралығы және Білге қаған көшелері  жөндеуді талап етіп тұр. Өйткені бұл көшенің тұрғындары шұрқ тесік жолдан әбден мезі болыпты.

P.S. Биыл Ақтөбедегі басты көшелердің бірі — Сәңкібай батыр даңғылына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Осы даңғыл арқылы Батыс-2 ауданына баратын жүргізушілер көбінесе көлік кептелісіне тап болады. Сондықтан жүргізушілер Сәңкібай батыр даңғылы мен Ғ.Жұбанова атындағы көшенің қиылыс тұсынан, яғни Батыс-2 ауданына дейін асфальт төселсе деген ұсыныстары бар. Қазір бұл аралықта жайдақ жол бар. Көліктер сол жолмен жүріп, жаңа ауданға бет алады. Егер осы аралықтағы жолға жөндеу жүргізілсе, Сәңкібай батыр даңғылы арқылы Батыс-2 шағын ауданының Мәңгілік ел аталатын көшесіне кептеліссіз-ақ жетудің мол мүмкіндік болар еді. Әрине, бұл — такси жүргізушілерінің тілегі…

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button