Ауыл

Қарабұтақта сүт, ет цехы ашылады

«Еңбек еткенге бақыт басын иеді». Алты жылдың ішінде «Әділ», «Еділбай» шаруа қожалығын және  «Берік АБ» ЖШС-ын құрып, Әйтеке би ауданы Қияқты елді мекенінің өрісін малға толтырып отырған  Берік Аяповтың ісі көпке үлгі.

Берік Қабылқайұлының негізгі мамандығы — теміржолшы. 2013 жылы өзі өскен ауданның Аралтоғай ауылдық округіне қарасты Қияқты елді мекенінде мал өсіруді қолға алып,  «Әділ» шаруа қожалығын құрды. Алғашқыда азғантай мал ұстап, соны бағуды ғана  ойлаған Берік іске кірісе келе, шаруаның үлкен-кішісі болмайтынын түсінді. Қанша мал ұстасаң да оған қора салып, азығын дайындайсың. Осылайша Берік қожалық ісіне бел шешіп кірісті. Ресейден және Ақмоладан қазақтың ақбас сиырын, Оралдан еділбай қойын әкеліп, асылтұқымды мал басын көбейтті. 2015 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып,  мұғалжар жылқысын сатып алды.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырмын. Облыстық, аудандық әкімдік қолдау көрсетуде. Жалпы, еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп.  Былтыр 56 миллион теңге несие алып, Ресейдің Киров ауданынан 73  асылтұқымды герефорд  сиырын сатып алдым. Бұл сиырдың ақбас сиырдан бір артықшылығы — салмағы ауыр, яғни етті. Қазір қожалықта 700-ге жуық ірі қара, 3 мыңға жуық  қой мен 500 жылқы бар. Жиырма адам жұмыс істейді. Олардың еңбекақылары 100-150 мың теңге аралығында. Еңбек адамдарының  жағдайын жасап отырмын. Отын, су, азық-түлік, киім-кешек — барлығымен қамтамасыз етемін. Мал саны көбейген сайын жұмысшылар керек. Қазір еңбегін адал атқаратын малшыларға зәруміз. Мал бағатын адамдардың көпшілігі өз ісіне мұқият емес. Бірі бір ай жұмыс жасап қалаға кетіп қалса, екіншісі қожалықтан қожалыққа өтіп, тұрақтамайды. Негізгі мәселенің бірі — осы. Жанын қинап жұмыс жасағысы келмейді. Тегін ас ішіп, жалақы алғанды ойлайды. Ал өз ісіне мұқият маман қашанда құрметке лайық. Осы мәселені мен үнемі айтып жүремін. Бірақ құлақ асатындар аз. Шөп шабатын уақытта да жұмысшы таба алмай қиналамыз. Ешкім бұндай шаруаны жасағысы келмейді. Сөйте отырып бағасын қымбат көреді. Егер шөп шабуға келсе, еңбекақысынан бөлек, шөптің бағасын арзандатып берер едік, — дейді Берік Аяпов.

Қожалықтың қыстауы — Қияқты елді мекенінің арғы беті. Бұл жерді тұрғындар бас Қияқты деп атайды. Былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы жергілікті билік  25 миллион 800 мың теңгеге  электр желісін тартып беріпті.

Шаруаның жүруі малдың азығына байланысты. Себебі жем-шөбі сапалы болса, малдың күйі таймайды, құнын жоғалтпайды. Қожалық басшысы биыл суармалы  жер алып, мал азығын дайындауды қолға алған. Жоңышқа, күнбағыс екпек.

Биыл қожалыққа  Қарабұтақ ауылдық оркугінің маңынан сүт және ет цехын ашу үшін  үш гектар жер беріліпті. Қазір жер тегістеліп, алғашқы құрылысы басталып кеткен. Алла сәтін салса, келер жылы іске қосылмақ. Электр желісі, су, өзге де инфрақұрылым мемлекет тарапынан жүргізіледі.  Берік Аяповтың айтуынша, бұл шаруаның барлығы биыл жүзеге асуға тиіс болған. Алайда елімізде індет өршіп, шаруа тоқтап қалған. Себебі құрылысшылардың барлығы сырттан келеді.

— Біз малды етке өткізбейміз. Жеке адамдар мен қожалықтарға сатамыз.  Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарынан келіп алады. Облыс пен ауданның шаруалары асылтұқымды малды басқа жақтан іздемейді, осы жерден табады. Қазір малдың саны өсті, енді оның өнімін өндіруді қолға алмақпын. Цех іске қосылған кезде халыққа тиімді бағамен ет, сүт өнімдерін шығарамыз. Тағы бір айта кетерлігі, біз  малға артық қоспа беріп, семіртетін екпе салмаймыз. Малдың барлығы табиғи шөппен қоректенеді. Қыстау мен жайлаудың арасындағы кең жерде жайылады. Ешқандай қоспа бермейтін болғандықтан еті мен сүтінің де дәмі табиғи болады. Бізден мал алатындардың көпшілігі, ең алдымен, осы мәселеге назар аударады. Мәселен, жылқыларды қолда ұстамаймыз. Барлығы еркін жайылып жүр, — дейді қожалық басшысы.

Цех құрылысы аяқталса, сауын сиыр сатып алмақ. Осылайша шаруашылықты жандандыра түспек.

ТОЛЫБАЙҒА ҰЯЛЫ БАЙЛАНЫС ОРНАТЫЛДЫ

Шалғай ауылдардың негізгі мәселесінің бірі — байланыс. Ұзақ жылдардан бері Толыбай ауылының халқы да байланыстың жоқтығынан қиындық көріп келген еді. Жақында  ауылға Kcell  ұялы байланыс жүйесі орнатылды. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

— Толыбайда 60-тың үстінде үй, 11 жылдық мектеп бар. Қанша жылдан бері ауыл халқы байланыстың жоқтығынан қиналып келді. Әсіресе, интернеттің болмауы мектеп оқушылары үшін қиын. Бір қуантарлығы, қазір  балалар сабақты мектепке барып оқып жүр. Ауыл індеттен аман.  Жақында Kcell компаниясы 3g модем орнатты. Болашақта интернеттің қуаттылығын арттырамыз деді, — дейді Ақтасты округінің әкімі Серікқали Тампишев.

Округке қарасты Ақтасты ауылында Beeline жүйесі бар. Бірақ интернеттің жылдамдығы өте нашар. Округ әкімі: «Интернет жылдамдығы жақсарса, ауыл халқының бір мәселесі шешілер еді», — дейді.

ІНДЕТ ЖӘНЕ МІНДЕТ

Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін облыста 37 мобильді топ жұмыс жасайды. Оның ішінде ауданда құрылғандары бар. Әйтеке би ауданы бойынша құрылған топ Жүргенов ауылындағы сауда орталықтары мен мектептерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға COVID-19-ға қарсы қатаң режимді сақтау және қауіпсіздікке мән беру керектігін ескертті. Жалпы ауданда індеттің алдын алу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Мәселен, аудандық жастар ресурстық орталығы еріктелермен бірлесіп, Қызыл Ай қоғамдық бірлестігінің індеттің алдын алу, одан сақтану жолдары туралы жазылған жадынамаларын таратты.

Жалпы аудан бойынша барлығы 20 адам коронавирусқа шалдыққан. Аудандық арухананың бас дәрігері Әсет Шарапатовтың айтуынша, қазіргі күні эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бірінші толқын кезіндегі қиындықтар қайталанбас үшін жүйелі жұмыс жүруде. Қазіргі күні ауруханада төрт жасанды тыныс алдыру аппараты, 8 оттегі концентраторы және екі-үш айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Коронавирусқа қарсы дәрілердің қоры жасақталған. Қорғаныс киімдері жарты жылға жетеді. Аурухананың жанынан оттегі бекеті ашылып, сегіз баллон дайын тұр.

ЖҰМЫСШЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ

Аудан орталығында  «Дәріс»  ақпараттық-кеңес беру орталығының атқарушы директоры Гүлнұр Едигеева «Адам саудасына қарсы іс-қимыл» тақырыбында жиын өткізді. Басқосу  облыс әкімдігі бекіткен  «Адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасы, оның алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар» жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Орталық директоры Гүлнұр Едигеева еңбек нарығында жұмысшылардың құқығы жиі бұзылатынын айтты. Азаматтардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлар жиі кездеседі. Адам саудасы мен адамға мәжбүрлі түрде ақысыз жұмыс жасату оқиғаларының қоғамда орын алып жататыны жасырын емес. Еңбек нарығында  жұмыс беруші мен жұмысшының арасында қандай да бір кикілжің болмас үшін, ең алдымен, еңбек шартын жасау маңызды. Гүлнұр Едігеева осы мәселені кеңінен түсіндірді. Сұрақтарға жауап берді.  Ұсыныстарын жазып алды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Нәжмәдинов пен ауданның  аға прокуроры Тілекқабыл Сарин аталған мәселеге қатысты ауданда қандай алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.

ЖӘРМЕҢКЕ: ЕТ АРЗАН, КӨКӨНІС КӨП

Аудан орталығы Т.Жүргенов ауылында ауыл шаруашылығы  жәрмеңкесі өтті.  Жәрмеңкеге Т.Жүргенов, Сұлукөл, Әйке, Ақтасты, Жабасақ, Құмқұдық ауылдық округтерінен келген шаруалар ауылшаруашылық өнімдерін саудаға шығарды. Жылқы, сиыр, қой, қоян, қаз, тауық  еті және тартылған ет, шұжық, қазы-қарта, құрт, ірімшік, сүзбе, май, қаймақ секілді ауыл өнімдерін арзан бағада сатты. Сондай-ақ бақша өнімдері мен тоқыма бұйымдарын сатылымға шығарғандар болды.  Қарабұтақ, Аралтоғай ауылдарының шаруалары мал әкелді.

— Жәрмеңкеге жұртшылық ерте жиналды. Себебі базар бағасынан сәл арзан болатынын біледі, әрі қожалықтар табиғи, сапалы өнімді саудаға шығарады. Көпшілік өнімді талап алып жатыр. Бағасына көңілдері толады.

Алдағы уақытта аудан орталығы мен Қарабұтақта тұрақты түрде  әр сенбі сайын жәрмеңке ұйымдастырылады. Тұрғындар осы күні өздеріне қажетті өнімді сатып алуларына болады, — деді  аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы М.Сатимов.

Т. Жүргенов ауылдық округінің әкімі Р.Смағұлованың айтуы бойынша, «Назерке» шағын маркеті жанынан жабық базар үшін жер бөлінген. Келешекте бұл жер де сауда алаңына айналады. Тұрғындар өздері дайындаған өнімді жыл бойы сатуға шығара алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button