Денсаулық

Індетті жеңу үшін тәртіп керек

Облыста 37 мобильді топ жұмыс жасап жатыр. Аптаның әр күнінде тиісті басқармалар қала көшелерін аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алайда тәртіпке бағынатындар сирек. Сенбі күні облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жанынан құрылған мобильді топпен бірге рейдке шықтық.

Басқарма мамандары, жастар ресурстық орталығының өкілдері, еріктілер және Алматы ауданына қарасты желілік полиция қызметі №3 бөлімшенің полицейлерінен құралған топ екіге бөлініп,  қаланың ескі бөлігін аралады.

Қаланың Алматы ауданында, негізінен, шағын дәмхана, кафе, сыраханалар көп. Әсіресе, Орталық базар аумағындағы шағын асханаларға келетіндердің қатары күні-түні азаймайды. Мобильді топ рейдті кешкі сағат 21.00-ден бастады. Себебі кафелердің жұмысы осы уақытта қызады. Бірінші топтың мүшелері түсіндіру жұмысы алдымен  тұрғындар  «Малышка» атап кеткен аумақтағы «Күн сәулесі» кафесінен бастады. Кафе ішінде ер адамдар сыра ішіп отыр. Арақашықтық сақталған. Алайда кафенің іші санитарлық талаптарға сай емес. Кіреберіс есік тұтқасында санитайзер, есік алдына анисептикалық сұйықтық себілген ылғал төсеніш жоқ. Қызметкерлердің көпшілігі медициналық бетпердені иегіне түсіріп алыпты.  Мобильді топтың және басқарманың басшысы Сәбит Мұқанов қызметкерлерге ескерту жасады.

Топ мүшелері «Вкусняшка» кафесіне кірді. Есік тұтқасындағы мәрлі әбден кірлепті. Есік алдында төсеніш жоқ. Кафе иесі  Фариза Оразымбетова кемшіліктерді түзейтінін айтты.

— Қызметкерлердің барлығы бетперде киіп жүреді. Бұл жерге жасы 21-ге толмаған жастарды кіргізбейміз. Қаулыда көрсетілген талап бойынша уақытында кафені жабамыз, — деді кафе иесі.

«Магнит», «Маяк» секілді дәмханаларды аралап шықтық. Азық-түлік дүкендері де назардан тыс қалмады. «Пинто» сыраханасына келгенде санитарлық тазалықтың мүлде сақталмайтынын көрдік. Есік алдындағы контейнерге салынған қоқыс сыртына шығып жатыр. Қызметкерлердің басым бөлігі бетпердені дұрыс тақпаған. Ал «Самовар» дәмханасы антисептиктің орнына су құйып қойыпты. Оның өзін сұраған кезде әрең тауып берді. Әкімші әйел өзінің жаңадан келгенін айтып, ақталды. Топ жетекшісі мен полицейлер ескерту жасады.

Байқағанымыз, шағын дәмханалар мен кафелер қарапайым санитарлық тазалықты сақтамайды. Қызметкерлері медициналық бетпердені дұрыс кимейді. Тіпті біреулері мүлде тақпаған. Кафе ішінде антисептик келушілерге ыңғайлы жерде тұруы керек. Ал олар оны көрінбейтін жерге қойған. Келушілер көп болғаннан кейін есік тұтқасындағы санитайзер ылғал әрі уақытында ауыстырылып тұруы керек. Бірақ тексеру кезінде бұл талапты орындайтындардың сирек екеніне көз жеткіздік. Қарапайым қауіпсіздік шараларын жасамасақ, індеттің алдын ала алмаймыз. Әрбір дәмхана иесі осыны ескерсе екен дейміз. Әрине, бизнес өкілдерінің де жағдайын түсінеміз. Індет ешкімге оңай тиген жоқ. Бірақ талап пен тәртіпке бағынып жұмыс жасасақ қана қиындықты жеңеміз,— деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқанов.

Екі топқа бөлінген топ мүшелері жиырмадан аса кафе, дәмхана, азық-түлік дүкендерін аралап шықты. Топ құрамындағы облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Әбиева, жастар саясаты басқармасының бас маманы Мәди Кемешов, ерікті жас  Гүлдана Баймағанбетова және өзге де мамандар тәртіп бұзғандарға ескерту беріп, кеңестерін айтты.

Жалпы, жастар саясаты мәселелері басқармасы індет басталғалы осындай рейдтерге шығып жүр. Бұған дейін қала ортасындағы «Астана», «Арбат» саябақтарын аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бүгінгі күнге дейін 396 адамға ескерту жасады. Тұрғындардың көпшілігі бетпердені ескертуден кейін таққан.

Облыстағы басқармалардың барлығы өздеріне бекітілген күні рейд жүргізеді. Мәселен, әр аптаның жұма күні дін істері басқармасы рейдке шықса, сенбі күні жастар басқармасы көше аралайды. Жұма күні дін істері басқармасының мамандары А.Данахметов, А.Дәулетқалиев және «Аңсар» еріктілер тобының жетекшісі Б.Нұрлан ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Саябақта бетпердесіз  серуендеп жүрген 50-ге жуық адамға ескерту берді.

P.S.

Рейд кезінде байқағанымыз, тұрғындар індеттің барын ұмытып кеткен тәрізді. Алаңсыз қыдырып жүр. Кафенің ішінде ырғалып-жырғалып билеп жүргендер көп. Арақашықтықты сақтағандар сирек кездеседі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button