Денсаулық

Экстракорпоральды ұрықтандыру тегін жүргізіледі

Елімізде соңғы жылдары бала сүйе алмай жүрген отбасылардың саны артып барады. Мәселен, Ақтөбеде 1580 әйел бедеулік диагнозымен тіркелген. Жүкті болудың барлық әрекеттері нәтижесіз болса, ерлі-зайыптылардың көпшілігі  экстракорпоральды ұрықтандыруға жүгінеді. Бұндай қызмет түрі бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ғана жасалатын. Ал биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енді.           2020 жылы облысқа 23 квота бөлінді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында келесі жылы ЭКО-ға бөлінетін квоталар санын «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жеті есеге арттыруды тапсырды. Егер бұрын ақтөбеліктер ЭКО жасату үшін басқа аймақтарға баруға мәжбүр болса, қазір мұндай қажеттілік жоқ. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің амбулаториялық-емханалық қызмет жөніндегі орынбасары, репродуктолог, медицина ғылымдарының кандидаты Светлана Есенаманованың айтуынша, орталықта репродуктивті технологиялардың барлық түрлері жүргізіледі.

Қазіргі таңда әйелдер арасында  аналық бездегі фолликулалардың, яғни сапалы жасуша жұмыртқаларының  азаюы көбейіп барады. Бұның себебі әртүрлі. Жасөспірім кезде етеккір сирек келсе немесе эндокринді аурулардан зардап шексе, әйелдер осы жағдайға душар болуы мүмкін. Бұндай жағдай жас, тіпті  30 жастағы әйелдерде де кездеседі. Олар бізге келіп, екі-үш жыл есепте тұрады. Өкініштісі көп жағдайда оларға ЭКОда  көмектесе алмайды. Әйелдердің аналық безіндегі сапалы қордың, яғни овариальный резервтің не себепті төмендеуі әлі күнге дейін белгісіз болып отыр. Тұқымқуалаушылық немесе басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ кіші жамбасқа жасалатын оталар да аналық без қызметінің төмендеуіне әкеледі, — деді Светлана Есенаманова.

Перинаталдық орталық мамандарының айтуынша, егер ерлі-зайыптылар балалы бола алмайтынын білсе, емделу, медициналық тексерулер ешқандай нәтиже бермесе, уақыт жолғалтпай репродуктологқа қаралғаны дұрыс.

— Егер әйел екі жылдан аса уақыт бала көтере алмай жүрсе, гинеколог тексеріп, ем тағайындағанмен нәтиже болмаса, репродуктивті маманмен кеңескені жөн. Маман жан-жақты тексерулерден кейін диагноз қойып, ЭКО жасатудың жолын түсіндіреді. Квота кезегіне қояды, — деді Светлана Есенаманова.

ҚР Президентінің ЭКО-ға бөлінетін квотаны жеті есеге арттыру туралы тапсырмасын ескере отырып, перинаталдық орталық мамандары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізбек.

— Бізде бір қызық жағдай болды. Бедеулік диагнозы қойылған 34 жастағы пациент келді. Алты жыл емделіпті. Бірақ ешқандай нәтиже болмаған. Үміті үзілуге қараған келіншек  ЭКО жасатуға бел байлайды. Алайда ЭКО-дағы алғашқы қадамы сәтсіз аяқталды.  Сонда да  үмітін үзбеді. Жарты жыл тағы тексерулерден өтті. Осы уақыт ішінде өзі де психологиялық тұрғыда дайын болды. Әйелді бақылау кезінде фоликуллалардың табиғи жолмен өсіп жатқанын байқадық. Осылайша жасуша ұрықтандырылды. Әйел ұл баланы өмірге әкелді, — дейді репродуктолог.

Орталыққа келіп жүрген Айман есімді келіншек өз басындағы оқиғаны айтып берді.

2006 жылы тұрмысқа шықтым.  2007 жылы жүкті болып, 11 аптадан асқанда түсік тастадым. Осыдан кейін күйеуіміз екеуіміз Ақтөбе мен Елордадағы қымбат клиникаларда тексерулерден өтіп, емделдік. Тіпті бақсы-балгерлерге де бардық.  2009 жылы жаз айында аяғымның ауыр екенін білдім. Қуанышымда шек болмады.  Бірақ 11 аптадан асқанда тағы түсік тастадым. Осыдан кейін емделгім келмеді. Бәрінен үмітімді үздім. Осылай жылдар өтіп жатты. Сәбилі боламын деген үмітім сөне бастады. 2019 жылы өзімді қолға алып қайта тексерулерден өтіп, ЭКО процедурасына дайындалдым. Бұл қызмет түрінің қымбат екенін біліп, қаражат жинай бастадым. Бірақ учаскелік дәрігерім квота арқылы тегін көмек алуға болатынын айтты. Сақтандыру жарнасын төлейтін болғандықтан бұл қызметті және қымбат зерттеулерді  тегін алуыма болады екен. Қазір кезегімді күтіп жүрмін. Ана боламын деген сенім бар.  Менің басымнан өткен оқиға біреулерге ой салады деген үміттемін. Сәби сүю үшін миллиондаған қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Сақтандыру жүйесі арқылы көмек алуға болады, — дейді Айман.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы сәби сүйе алмай жүрген аналарға мүмкіндік берері анық.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button