Білім

Ізгілік дәнін сепкен жүректерге

Қайда жүрсең де ұстаз ұлылығы ұмытылмайды. «Ұстазым менің, ұстазым!» деген әдемі әуен көңіліңді тербетіп жүреді ылғи.

Осыдан отыз бес жыл бұрын, яғни 1985 жылдың 1 қыркүйегінде Ақтөбедегі педагогикалық училищенің мектеп бөліміне бір топ талапкер оқуға қабылдандық. Мақсатымыз — бастауыш білім мұғалімі мамандығын игеру. Оң-солын танып үлгермеген дерлік он бес жасар жасөспірімдерміз. Ата-ананың жылы құшағынан, туған ауылдан, үйренген ортадан ұзамаған балалық шақта суырылып шығып, қалаға келу, бауыр басу оңай емес. Алғашқы күндерден-ақ бізді өз қамқорлығына алып, оқуды бітіріп шыққанға дейін біз үшін жаны қалмай жүгірумен болған, тек сабаққа тиісті нәрсені ғана емес, өмірдің, тұрмыстың барлық жағын қамтып, жол сілтеп, ақыл-кеңесін аямаған Дина Өтегенова апайымыздың еңбегі ерекше еді. Апай бізге химия, биология пәндерінен сабақ берді. Училищенің материалдық-техникалық базасы да мықты еді. Лабораториялық тәжірибелердің бәрін өткізіп, бүге-шігесін қалдырмай көрсететін, жалықпай түсіндіретін. Ұстазымыздың ол еңбегі ақталды. Біздің арамыздан Базархан Иманғалиева ұстазымыздың ізін жалғастырып келеді, қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білдей оқытушы, ғалым.

Дина апайымыз өте мәдениетті, кішіпейіл кісі еді. Біздің сәл жақсылығымызға  жаны қалмай қуанатын, балалық-шалалығымызға қабақ шытып, ұрысқан сәтте де шын жанашырлығы сезіліп тұратын. Осы қасиет біз дәріс алған ұстаздарымыздың бәріне тән болатын. Қазір бақилық болған Қибат Қауанова апайымыз, Қанаш Жұмалин ағайымыз да өз істеріне жан-тәнімен берілген шын мәніндегі ұстаздар еді.

Қибат апайымыз тек тарих пәнімен шектеліп қана қоймай, тереңге тартатын, әр сабағында проблемалық сұрақтар қойып, біздің қалай шешетінімізді, жауап беретінімізді жіті бақылайтын. Логиканы жақсы көретін, барлық нәрсенің байланысын табуды, түпкі себептерін анықтауды үйрететін. Сөз жоқ, тарих пәнінің нағыз майталманы еді.

Қанаш ағайымыз физикадан дәріс берді. Формуламен есептеуді, физиканың қыр-сырын танытуды өзіне тән әдемі қалжыңымен өріп, асқан шеберлікпен ұғындыра қоятын. Ата-ананың мейірімін, алыстағы ауылды аңсап жүрген көгенкөз жасөспірімдер Қанаш ағайдың сабағында туған әкеміздің, ағамыздың жан жылуын сезгендей, бір сейіліп қалушы едік.

Айша Базарбайқызы бізге математикадан сабақ берді. Асқан сырбаз, асықпай келіп, сабағын түсіндіретін, қандай қиын пән болса да, есептің небір жолдарын ұтымды үйрететін. Егер сабаққа әзірлігіміз болмаса, бетіңе бір қарайтын да, «екіні» қонжита қоятын. Сол «екіден» қатты қорқушы едік.

Негізі, бізге дәріс берген ұстаздарымыздың әрқайсысына да сипаттама беріп шығуға болады. Бәрі де өз ісінің нағыз майталмандары, асқан шебер ұстаздар. Бірақ, мақсат ол емес. Мақсат — сол бір сәулелі жылдарда біздің көкірегімізде із қалдырған, санамызды нұрландырған, ұлы мамандықтың не екенін сөзбен де, іспен де таныта білген ұстаздарымызға ілтипатымызды білдіру ғана.

Қазақ тілі мен әдебиетінен Зоя Біралова апайымыз дәріс берді. Зоя апайдың қазақ тілінің шын жанашыры екендігі көпшілікке аян. Ана тіліміз бен әдебиетіміздің білгір маманы болған ол үшін ұсақ-түйек деген болмайтын.  Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін кісінің нағыз өзі. Өзі өз пәнін қаншалықты терең білсе, бізден де соны талап ететін. Дұрыс сөйлеу, сауатты жазу мұғалімнің ең басты міндеті екенін тәптіштеп түсіндіретін. Апай да тек жоспарлы материалмен шектеліп қалмайтын. Бағдарламадан тыс қаншама мағлұмат беретін, ана тіліміздің асқан байлығын, мол мұрасын игеруге жетелейтін. «Поэзия минутын» өткізіп, өлең оқытатын, қазақ тілінің грамматикасын үтір-нүктесіне дейін қалдырмай үйрететін. Ол еңбек те еш кетпеді. Арамыздан шығып, қазір филология ғылымының докторы, профессор деңгейіне жеткен Күлзат Сәдірова — біздің мақтанышымыз.

Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Галина Мазитов да біздің жүрегімізде. Орысша сөйлеп тұрып, арасында «айналайындар» дегенде, жанымызды баурап алатын еді. «…И вот, Наташа Ростова на балу…» деп, екі қолын жайып жіберіп Толстойды түсіндіргенде, сол салтанаттың ішінде өзі жүргендей, көздері шоқтай жайнап кететін…

Біздің ұстаздарымыздың барлығы шын мәніндегі өз ісінің шексіз шеберлері еді.

Музыкадан сабақ берген Нағима Нұрғазина апайымыз қандай!?. Тұла бойы тұнған мейірім, ана туралы ән үйреткенде, бізбен бірге өзі жылап отыратын. Ол жылдары жатақхананың мәжіліс залында үлкенді-кішілі шаралар көп өтетін. Апай біздің топтан хор шығаратын, Ахмет Жұбановтың «Қарлығашын», «Туған жер», «Кептерлер» әндерін екі дауыста орындаушы еді. Бейнелеу өнерінен сабақ берген Есет ағайымыз қолы қалт еткенде, топтағы әдемі қыздардың суретін салып беретін. Сухомлинскийше айтқанда, балаға жүрек жылуын берген нағыз ұстаздар еді әрбірі.

Білімнің қара шаңырағы атанған Ақтөбе педучилищесін сол жылдары үлкен істердің ұйытқысы болған Ниетжан Беріков ағай басқарды. Ол кісі бізге психологиядан дәріс берді. Аз сөзбен көп мағына білдіруді, әр сөздің дәлелді, тұжырымды болуын біз Ниетжан ағайдан ұғындық. Оған деген үлкен құрмет ұстаздарымыздан да, шәкірттерден де сезіліп тұратын. Кейін ағайдың тоқсан жасқа толуы қарсаңында шығарған «Даналық хикметінен» ұстазымыз туралы көп жайды оқып-білдік. Педучилищенің нағыз білім ордасы болуына Ниетжан ағай жан аямай еңбектенген екен. Сол еңбектің арқасында 1986 жылы Ақтөбе педучилищесі республика көлемінде барлық көрсеткіш жағынан бірінші орынға ие болыпты.

Ал біз үшін бұл училище көп институттарға бергісіз еді, сондай болды да. Арамыздан шыққан ғалымдар, өз ісіне адал ұстаздар — соның айғағы.

…Былтыр педучилищені бітіргенімізге отыз жыл толып, бәріміз кездестік. Оқу бітіргелі алғашқы кездесуіміз. Басында сәл тосырқау болса да, кейін бір үйдің баласындай тез үйренісіп кеттік. Бәрімізді біріктіріп тұрған күш — сол бір сәулелі жылдарға деген сағыныш, асыл ұстаздарымызға деген құрмет. Кездесудің соңында топ басшымыз болған Әмина Парсаева: «Мейлі, кім болайық, ғалымбыз ба, әкімбіз бе, қарапайым мұғалімбіз бе, менің бір түйгенім, ең бастысы, адам болып қалыппыз. Мен соған қуандым», — деген еді. Әдемі сөз. Дәл тұжырым. Бізге білім берген ұстаздарымыздың да ұлы мақсаты осы еді.

Нұргүл ЖҮСІПОВА,

Ақтөбе педагогика училищесінің 1989 жылғы түлегі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button