Тарих

Осы жұрт Сәрсенғалиды біле ме екен?..

Тағзым

Талапшыл ауыл

1973 не 1974 жыл ма екен? Әйтеуір қар еріп, жер лайсаң болып жатқан Наурыз айының іші еді. Сырттай оқып жүрген ҚазГУ-ден шақырту келіп, кезекті сессияға суыт жүруге тура келді. Ол кезде жазғытұры, сең қозғалған кезде Ойылдың халқы Қобда бағытымен Ақтөбеге қарай жолға шыға бермейді. Шұбарқұдық арқылы,онда да жүк таситын көліктер саптасып, бірімен-бірі тіркесіп қана жүретін. Соны білетін мен,  қапылып жол аузын келсем, айтқандай, бір топ жүк көліктері сап түзеп, енді қозғалғалы тұр екен. Қуанып кеттім. Көліктерді де, көліктердің жүргізушілерін де танимын — «Жекенді» кеңшарынан. Бұл — менің туып-өскен ауылым «Жетікөл» кеңшарымен көршілес, аралас-құралас өңір-ді. Сол шаруашылықтан өз алдына енші алып шыққанға дейін мына азаматтардың талайымен бірге жүргенмін. Мектептен кейін шаруашылықта трактор айдап, одан біразырақ уақыт егіс бригадасында есепші болып жасағанымда, бұлардың әрқайсысымен, бес-он жас үлкендіктеріне қарамастан, жақсы таныс едім. Сол қалпыммен, арсалаңдап келіп бір көліктің кабинасына отыра салып,  дұрыстап аман-саулық сұрасуға ыңғайланғаным сол еді, таныс жүргізушім қабақ шытып:

— Біз осы жерде қазір он машина тұрмыз. Бірақ сені бірде-біреуіміз алмаймыз. Себебі жазда бізді газетке сынап жаздың, — деді. Қапелімде, біреу таяқпен төбеме қойып қалғандай күйде тілге келмей, отырып қалдым. Сосын біз отырған көліктің есік көзіне топтаса қалған өзге жүргізушілердің де бірауыздылығын сыңайынан байқадым да, ың-шыңсыз, ештеңе айтпастан, көліктен түсіп кеттім. Ренжігенім жоқ, өйткені егін орағы кезінде сынап жазғаным да рас еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сапар Сағынтаев жиналыс өткізіп, егін орағы, мал азығын дайындау науқандары кезінде жекенділік жүргізушілер мен механизаторлардың жексенбі күні демаламыз деп жатып алатынын айтып, аудандық газетке арнайы тапсырма берген. Сол бойынша шаруашылыққа іссапарда болып жазған едім. Ол кезде күйіп тұрған науқан кездерінде, техниканы қаңтарып қойып, әр жексенбі сайын жүргізушінің не механизатордың, жалпы еңбек адамының демалып үйде жатамын деуі, шаруашылықтың жағдайына үйлесе бермейтін, айыпталатын талап болатын.

Қазіргі кезде мұның басқаша қабылданатыны белгілі ғой. Алайда кеңестік заманда қоғам мүшелерінің еңбек құқықтары тайға таңба басқандай жазулы тұрғанмен, іс жүзінде оның бәрі орындала бермейтін. Шынын айтқанда, таңның атысы, күннің батысы қат-қабат науқанмен жағаластан шаруашылықтардың оларды орындауға мүмкіншіліктері де жоқ еді. Мектеп жасындағы қаршадай бала шөп шабу кезінде трактор тіркемесіне отырып, біреулері қырманда астық ұшырып, қайсыбірі қозы аузына көкдәрі құйып, алажаздай үлкендермен бірдей иықтасып еңбек ететін.  Осыны білетін қоғам мүшелері бұған көп жерде көнбістікпен қарап келсе, жекенділіктер, ерте оқыған ба, әлде заң талаптарына өзгелерден жетік пе, көп жағдайда мойынсынғысы келмейтін кейіп танытатын. Міне, қоғамдық саналары ерте оянған, қисынды-қисынсыз талабы көп осы ауылға Сәрсенғали Балапашев 1979 жылы басшы болып келді.

Ол бұған дейін, өзінің туған жері Шығанақ Берсиев атындағы кеңшарда еңбек жолын бастап, төрт жылдай веттехник болып еңбек етіп, одан Құрманов атындағы кеңшардың, өзге өңірмен салыстырғанда, шамалы бір шаруашылықтың малы бар фермасында ұзақ жыл басқарушылық қызмет атқарған. Әсіресе, осы фермада қызмет жасаған жылдарда өзін кеңестік шаруашылықтың шебер ұйымдастырушысы ретінде танытқан болатын. Ол кезде қисыны кеткен шаруашылыққа осындай озат фермалар мен кеңшарлардың басшыларын жіберетін үрдіс бар еді.

Құм үстіндегі орман

Сәрсенғалидың кеңшардың тізгінін қолға алған кезін, осы Сарыбие ауылының бүгінгі ардагер педагогі Мұхит Кереев былай еске алады:

— 1979 жылдың, шамасы сол — шілде айының аяғы, тамыз айының бас жағында келді. Бұл кезде шаруашылық 300 мың сом зиянмен отырды. Шаруаға мығым басшы екенін танытып, іске ыждағатпен кіріскен жаңа директор бес айда сол зиянды жауып, пайдаға шықты.Ол кеңшардың тізгінін қолға алғанда шаруашылықтың ғана емес, кеңшардың орталығы — Сарыбие ауылының, өзге де елді мекендерінің, тіпті малшы, шопандардың қыстақтарына дейін сиқы кетіп тұрды. Әсіресе, кеңшар орталығының шығыс жағындағы, Ойыл беттегі шағыл құм ауылды иектеп басуға айналған-ды. Қайсыбір басшылар сынды бірыңғай шаруамен болмай, жаңа директор бірінші күннен осындай әлеуметтік мәселелерді де қолға алды. Әлгі шағыл құмға жағалай тал ектірді. Сөйтіп, оны тоқтатты. Өйтпегенде ауылды құм басып қалатын еді.

Мұхит құрдасымыз айтса айтқандай, қазір сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек, бедерлі құм үсті қалың орман-тоғай — ауылға қорған, малға ықтасын. Әрине, кеңшарға басшылық жасаған 16 жылда Сәрсенғали атқарған шаруа, жасаған игілік көп еді. Барлық мал қыстақтарында Маңғыстаудың берік ұлу тасынан малшыларға тұрғын үй, малға баз салдырды. Малшы-шопан газ пайдаланатын болды. Сол қыстақтардың жанында кеңшар бойынша тайлап буылған пішен сонадайдан қаладай болып көрінетін. Престелген пішеннің кірпіш сынды қалап үйілгеніне, әрі өткен-бері өткен жүргінші еріксіз таңдай қағып сүйсінетін. Бұл көрініс — Сәрсенғали Балапашев басқаратын «Жекенді» кеңшарының паспорты сияқты еді.

Аздап егін егіп, негізінен, қоғамдық төрт түлік мал өсірумен айналысатын кеңшардың табысын молайтуға, халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін сарыққан азамат, осы игіліктерді сақтап қалу үшін де аянбай күресті. Баспасөз беттерінде кеңестік шаруашылықтардың талан-таражға түскені жөнінде көп жазылды. Халықтың маңдай терімен жиналған ортақ дәулеттің көп жерде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенін қазір ешкім бекер дей алмайды. Алайда соған жол бермеймін деп, еменнің қарсы біткен бұтағындай иілмей  қасарысып, ақырында осы жолда өмірін берген Сәрсенғали Балапашев сынды азаматтардың да өткенін бүгінгі жұрттың білгені дұрыс сияқты.

Ол өзінің өмірінің соңғы сәтіне дейін кеңшарды ыдыратпай ұстады. 1993 жылғы бір есепке қарасақ, мұнда 436 отбасы, 4290 адам, әр отбасыға шаққанда 10-нан артық бала болған. Өңірде 4 мыңнан астам ірі қара, 33 мың қой, 1200 жылқы, 20 түйе өсірілді. Орта мектепте 700-ге жуық бала оқыды, 65 бала мектеп жанындағы интернатта тәрбиеленді. Салыстыра қарасақ, қазір бұл ауылда 200-дің үстінде отбасы қалған. 1989 жылы Сәрсенғали салдырған екі қабатты орта мектепте 223 бала оқиды. Жылқы болмаса, қалған малдың саны да әлдеқайда  аз.

Ұжымдық тірліктің жақтаушысы

Тұралаған шаруашылықты  аяғына тұрғызып, нығайтқан басшының тоқсаныншы жылдардағы жаппай жекешелендіруге ықылас  таныта қоймағанын түсінуге болады. Бөлшектеніп кетсе, біртұтас шаруашылықтың әлсірейтінін біліп, ауылдың әр тұрғынын ұжымды сақтап қалуға үгіттеп бақты. Әрине, көпшілік түсінді, директорды қолдады. Бірақ уақыт оның жағында емес еді. Кереғар нұсқаулар іскер басшының қолын байлап, жігерін тұқырта берді. Бір нұсқау бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерге кеңшар есебінен 1,5 миллион сом төлеу көрсетілсе, жеке қожалық құрушыларға кедергі жасамау айрықша талап етілді. Кеңседен белсенді топ шықпай, дау көбейді. Олар қойған талапты орындаса, шаруашылықтың ақсирақ болып, құлайтыны анық еді. Осындай бір талқы жиын үстінде, тура жұмыс кабинетінде, 54 жастағы сап-сау басшы жүрегі қысылып, жұрттың көз алдында қайтыс болып кетті.

Кезінде бұл күтпеген жағдай, әділдікті ту еткен басшының тосын өмірден өтуі аудан, ауыл халқын есеңгіретті. Қаза үстінде марқұмның қилы тағдыры, әр кез халқымен бір болған қарапайым өмірі таразыға түсті.

Әкесі Балпаш төрт бауырымен бірге соғысқа аттанып, елге түгел оралмаған. Сөйтіп, күндей күркіреген соғыс  тынғанмен, төрт жасар сәбиге жаңа атқан бейбіт күннің шуағы түспеді. Сүттей ұйыған отбасының әйнегі шытынады. Қара шаңырақта әжесі Нәби екеуі қалды. Немересіне қаршадайынан өмірдің қыр-сырын бойына сіңіріп, адалдықтың жолына тәрбиелеп өсірген де осы әжесі еді. Харизмасы өте мықты жан болатын. Сол мықтылығы ғой, қаза үстінде «Сәрсенғалидың кеткені рас болса, мені де жүз күннен қалдыр ма?» деп жылап, тәңірден тілек сұрапты. Айтқандай тура жүз күн дегенде көз жұмған. Емен иілмейді, сынады деген — осы.

Өмірлері аңызға айналған әже мен немере Сарыбие ауылының жанындағы қорымға жерленді.

Артында шиттей бес баламен қалған зайыбы Толыш ері басшы болған ауылдан қозғалмады. Он бес құрсақ көтерген асыл ана (он бала жастай шетінеген), өзі өмірден өткен 2008 жылға дейін, балаларының тілеуін тілеп отырды. Осы жерден ұлдарын аяқтандырды, қызын қияға ұшырды. Қазір қара шаңырақта үлкен ұл —Арман тұрып жатыр. Оның өзінің бес баласы бар. Зайыбы Жұмагүл — Сапақкөл орта мектебінде жоғары санатты мұғалім.

Жекенді өңіріне басшы болған Сәрсенғалидың қадір-қасиетін қарапайым халық, өзімен бірге қызметтес болған әріптестері, өмірден өткеніне ширек ғасыр өтсе де, ауыздарынан тастамай айтып отырады.

— Сәрсенғали ағаның бойындағы ең абзал қасиет — қарапайымдылығы, қайырымдылығы. Өте жайлы кісі болатын. Ешуақытта түтігіп, ашуланып, айқай салып жатпайтын. Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ, ұстамдылығы, төзімділігі мол, мінезге бай адам еді. Кей істерінің шешімін таба алмай отырған кездерінде темекіні үсті-үстіне тартып, ұзақ ойланып отыратын. Темекі тартысы ма, әлде мұрты ма, әлде бір ұқсастығы бар ма, құрдастарының сыртынан қойған «Сталин» деген лақап аты болатын. Әрине, ішкі жан дүниесі оған мүлдем ұқсамайтын, — деп жазады естелігінде 1979 жылдары «Жекенді» кеңшарында комсомол жетекшісі болып бірге қызмет атқарған Ғазиза қарындасымыз.

Директордың еңбек адамдарының тілін тауып жұмсаудағы шеберлігін сол кезде мектеп қабырғасында оқыған жастар жағы да еске алады. «Әкем ауыр жұмыстан қажып, жұмысқа шықпай қалса, тура үйге келетін. «Сен жата бер, мен саған келгенім жоқ. Мына кластасымнан шай ішіп кетуге келдім» дейтін — шешеммен Ойылда бірге оқығанын айтып. Содан шай аяқталғанда әкем де тракторына отыратын, — деп әңгімесін түйеді Аслан ініміз күліп.

Жақсы басшының көпке тигізген шарапаты, асыл қасиеттері жайлы ел ішінде айта берсе әңгіме көп. «Жақсы әке — балаға қырық жыл азық» дегендей, бүгінде жастай қалған балалары да өсіп, жетілді. Өмірден қапияда ерте өтіп кеткен екінші ұлы Тұрлан болмаса, қалған балалар түгел азамат қатарына қосылды. Бір-бір үй болып отыр. Балалы-шағалы.

Қызы Мейрамгүл — мұғалім. Ұлы Жекен де біраз жылдардан бері ұстаздық жолда.

Ең кенже ұлы Бекен — философ. Осы мамандық бойынша гуманитарлық ғылымдарының магистрі. Соңғы он бес жыл бойы білім беру саласында қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласындағы Бәйішев университетінде  өз мамандығы бойынша қызмет етуде. Бұл әулеттің келіндері, жауқазындай қаулап өсіп келе жатқан немере-шөберелері де ата даңқына сай.

— Ісі баршаға үлгі, дара тұлға Сәрсенғалидың бұл ауылға сіңірген еңбегі шаш етектен. Ол — елдің есінде. Ұмытылған жоқ. Іздері сайрап жатыр. Сондай ардақты азаматтың есімін есте қалдыру шараларын жасауымыз керек, тіпті ауылға есімін берейік  деп бастама көтеріп жүргеніме көп болды, — деген еді бүгінгі ауыл ардагерлерінің ұйытқысы Мұхит бізбен әңгіме кезінде.

Жақында Сарыбие ауылындағы саябаққа есімі беріліп жатқанын естідік. Бұл саябақты кезінде өзі салдырған еді. «Ердің есімін елі шығарады» деген сөзді тағы бір еске алып, бұған қуанып қалдық.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button