Абай — 175

Ақтөбелік студент республикалық айтыста жүлдеге ие болды

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай 30 қазанда Алматыда «Өлең – сөздің патшасы» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған жыр бәйгесіне жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Жас ұрпақты отансүйгіштікке, ұлт қазынасын құрметтеуге тәрбиелеп, арда ақынның рухына бас июге шақырған сөз зергерлері сайысының алғашқы айналымына 14 адам қатысып, ақтық кезеңге 4 студент жолдама алды. Олар — С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Зылиха Наурызалина, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Нұрбол Жауынбаев, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Ардақ Адалбек және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Жасар Нұрданбекұлы.

Айтыс барысында ақындар «Абай – дана, Абай – дара», «Рухани жаңғыру – басты бағдар», «Туған жер тұрған жермен өлшенбейді», «Ана тілім – ардағым», «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыптары бойынша сөз жарыстырды.

Аламан айтысқа қатысушылардың өнерін Талант Арынғали, Саят Қамшыгер, Ләззат Игісін сынды танымал ақындар бағалап, жыр додасына қазылық жасады.

Ұлт руханиятын, ұлт абызының ұлылығын ұлықтап, дәстүрлі айтыс өнерінің мерейін арттыруға сеп болған сөз сайысында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Зылиха Наурызалина өжет те өткір жырымен жұрт назарын аударып, жүлделі ІІ орынды иеленді.

 Гүлжахан ТӨРЕХАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button