Басты бет » Жаңалықтар » Комиссия мүшелері құрылыс нысандарын аралады

Комиссия мүшелері құрылыс нысандарын аралады

Сейсенбі күні Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Жұмабек Қуқанов, комиссия мүшесі Ардақ Өтегенов, Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында салынып жатқан құрылыс нысандарын аралады.
Қазіргі таңда бұл тұрғын үй алабында 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. №9 көп қабатты тұрғын үй желтоқсан айына дейін пайдалануға берілмек. Ал №10 тұрғын үйге бүгінгі күні көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 123 пәтерлі №9 тұрғын үйдің құрылысын мердігер ұйым «Норис и К» ЖШС жүргізген. Жоба құны — 1 667 429,500 теңге. Ал 159 пәтерлі №10 тұрғын үйдің құрылысын «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС жүргізуде.
— Бүгін комиссия мүшелері «Нұрлы жер» бағдарламасымен «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында салынып жатқан тұрғын үйлерді қарауға келдік. Негізгі мақсат — «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында осы ауданда салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын бақылау, үйлердің сапалы және уақытылы мерзімде пайдалануға берілуін қадағалау. Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе-1» тұрғын үй алабында 11 аз қабатты тұрғын үй, ал «Нұр Ақтөбе-4» тұрғын үй алабында көп қабатты 4 үй салынып жатыр. Ең қуаныштысы — биылғы жыл аяғына дейін бұл тұрғын үйлердің құрылыстары аяқталады. Қазір екі үй жылу қазандығына қосылған. Жыл соңына дейін 365 отбасыға пәтер кілттері тапсырылады деп жоспарлануда. Негізінен, бұл үйлер екі жылға дейін кепілдікте тұрады. Егер пәтерлердің сапасына қатысты қандай да бір мәселелер туындаса, олқылықтар кетсе, мердігер ұйымдар өз қаржысы есебінен жасайды, — дейді Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов.
Осы тұрғын үй алабында 9 қабатты 8 секциялы тағы бір тұрғын үй салынуда. Оның құрылысын «Ақтөбе-Сәулет», «Казстройподряд» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүргізуде. Атап айтсақ, осы үйдің «А»,«Д»,«Ж»,«И» блоктарын «Казстройподряд» ЖШС салып жатыр. Жоспарға сәйкес, мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтауы керек. Аталған 4 блокта 284 пәтер бар.
— Бүгінге дейін біз тапсырыс беруші — Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі бөлген қаржыны жұмсап бітірдік. Қазіргі таңда келісімшартқа сәйкес жұмыстың қалған бөлігіне бөлінетін 398 миллион теңге қалды. Егер сол қаржыны алсақ, құрылыс жұмыстарын толығымен желтоқсан айының аяғына дейін бітіреміз. Тұрғын үйді көріктендіру жұмыстарын басқа мердігер ұйым жүргізеді, — дейді «Казстройподряд» ЖШС құрылыс учаскесінің басшысы Сапарғали Жұмағалиев.
Айта кету керек, биыл жыл соңына дейін «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 1632 пәтер пайдалануға берілмек.

Данагүл ҚАЗИХАН.