Басты жаңалықтар

Аналарға баспана мен тұрмыстық техника сыйлады

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, темірліктер «Анаға сый» қорының бастамасымен жалғызбасты ананы қуанышқа бөледі. 3 бала тəрбиелеп отырған Жақсымай округінің тұрғыны Əлия Қасымованың енді өз үйі бар. Сондай-ақ, тағы үш анаға тұрмыстық техника тарту етілді.

Атап айтсақ «Ұлттың ұйытқысы — ана» атты рухани кеш барысында 3 баланың анасы Гүлмира Мұсаға теледидар, 4 баланың анасы Раушан Бегімоваға кір жуатын машина, тағы бір ана Данагүл Бақытжанованың кәсібіне қажетті тігін машинасы табыс етілді. Олардың барлығы — ұл-қыздарын бір өзі өсіріп отырған әйелдер. Сондай-ақ жоғарыда аталған қор атынан Кұндыз Бижанова, Рая Ізтаева, Тілектес Көрпебаева, Құралай Өтегеноваларға 30 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек ұсынылды. Және ультрадыбыстық зерттеу аппаратына түсуге, массаж еміне сертификаттар, қысқы киім-кешек, т.б. сыйлықтар үлестірілді. Артынша қатысушыларға жеке кəсіпкер Назгүл Айнағұлова гүл шоқтарын ұстатты. Бұның баршасы — ауданның жаны жомарт кəсіпкерлері мен тұрғындары тарапынан жиналған ақшаға жасалған қолдау.

Өз кезегінде педагог Мəрия Елемесова, «Анаға сый» қорының мүшесі Бибіхан Шадиева, Жақсымай ауылдық округі əйелдер кеңесінің төрайымы Гүлнар Өмірова, дəрігер-гинеколог Кəмпит Дабылдина, т.б. ізгі тілегін айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті. Ал аудан əкімінің орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева:

— Қазақ — жетім-жесірін жылатпаған халық. Біз, Темір жұрты, жүрегіміздің жылуын мұқтаж отбасыларға сыйлауға дайынбыз. Осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысымызды білдіріп, əрі қарай жалғасын табуына тілектеспін, — деп ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button