Басты бет » Жаңалықтар » Үш жерде жәрмеңке ұйымдастырылды

Үш жерде жәрмеңке ұйымдастырылды

Өткен сенбі күні «HALYQ SAUDA» әлеуметтік жобасы аясында Ақтөбе қаласының үш жерінде дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылған шара.

Жәрмеңке 11-шағын аудандағы «Нектар» сауда үйі алаңында, «HALYQ SAUDA» шағын көтерме сауда орталығының Гришин көшесі, 72 «Б» мекенжайы бойынша орналасқан дүкені алдында және көпшіліктің сұрауымен Алматы ауданының әкімдігі маңында — ЭКСПО ғимаратының жанындағы көлік тұрағында өткізілді. Онда картоп, пияз, қырыққабат және сәбіздің келісі 80 теңгеден саудаланды. Азық-түліктен бөлек, тұрғындар антисептик пен тұрмыстық химия құралдарын қолжетімді бағамен сатып алды.

Жәрмеңкелердің қорытындысы бойынша «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 20 тонна картоп, 4 тонна қырыққабат, 4,5 тонна сәбіз, 4,6 тонна пияз, ал Гришин және Шәйкенов көшелеріндегі алаңдарда 10 тонна картоп, 2 тонна қырыққабат, 2,5 тонна сәбіз сатылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала бойынша «HALYQ SAYDA» сауда желісінің 9 дүкені жұмыс істеп тұр. 50 жұмыс орны құрылды.  Аталған жоба облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар арзан азық-түлікпен қамтуды көздейді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.