Рухани жаңғыру

Жерлес ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды

«Геолог» мәдениет үйінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ІІІ облыстық «Жерлестер жаңғырығы» атты поэзия байқауы өтті. Мақсат — облыстан шыққан ақындарымызды ұлықтау, өлеңдерін жастар арасында кеңінен насихаттау, талантты жастарға жол ашу. Байқауға 6-20 жас аралығындағы үміткерлер қатысты.

Сайысқа Ақтөбе қаласы және  Әйтеке би, Мұғалжар,  Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарынан барлығы 54 адам қатысты. Оның ішінде мектеп оқушыларынан бастап студенттер, жұмыс жасайтын жастар бар.  Індетке байланысты байқау онлайн форматта өтті.  Үміткерлер түсіріп жіберген видеоны қазылар арқасы мұқият қарап шықты.

— Поэзия байқауын жеті жылдан бері ұйымдастырып келемін. Алғаш Мұқағали Мақатаев өлеңдерін жатқа оқу байқауын ұйымдастырдым.  Менің бір байқағаным, жастар өзіміздің өңірден шыққан ақын-жазушыларды біле бермейді. Мәселен, Сағи Жиенбаевтың біздің облыстан шыққан ақын екенін білмейтіндер бар. Осы ретте «Жерлестер жаңғырығы» байқауын қолға алдым. Талап бойынша тек қана облыстан шыққан ақындардың өлеңін жаттап, мәнерлеп оқиды. Алғашқы кезде қатысушылар өңірден шыққан  ақындарды білмейтін. Қазір олардың өлеңдерін жатқа оқып жүр, — дейді Мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Мұратбек Тәжіғұлов.

Қатысушылар А.Керейұлы, Н. Байғанин, С.Жиенбаев, Қ.Шаңғытбаев, Т.Айбергенов, Е.Дүйсенбаев, Е.Ашықбаев, Б.Бабажанұлы, Г.Қалдина, Қ.Алагөзов, Е.Қайболдин, тағы да басқа ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды.   Нәтижесінде 6-9 жас аралығы бойынша  Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы №5 мектептің оқушысы Іңкәр Қалатаева, 10-13 жас аралығында Қандыағаш қаласы №4 мектептің оқушысы Арайлым  Өмірзақ, 14-17 жас аралығында Ақтөбе қаласындағы №5 мектеп-лицейінен қатысқан Бекзат Құдайбергенов, 18-20 жас аралығында  А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушысы Айкөркем Қуандық бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ  І,ІІ,ІІІ орын алғандар да сыйлықсыз қалмады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button