Жаңалықтар

Саматтың алма бағы

Самат Малдығұловтың негізгі мамандығы — тіс технигі. Ол біраз жыл Ырғыз аудандық ауруханасында, кейін Ақтөбе қаласындағы «Денсаулық» клиникасында  қызмет етті. Былтырдан бері бау-бақша өсірумен айналысады.

Ырғыз жері жартылай шөлейт аймаққа жатады, сол себепті бұл өңірде жеміс ағаштары өспейді дейтін ел ұғымындағы қасаң түсінікке күмәнмен қарайтынмын. Сөйтіп, «Ырғызда жеміс ағаштарын отырғызса, қалай болар екен деген оймен ғаламтордың көмегіне жүгіндім. Сол арқылы шеңгел өсетін жерді жеміс ағаштары да жатсынбайтынын білдім. Аудан орталығына жақын, құмды жоталардың етегіне қоныс тепкен, кезінде бөлімше болған Ақши дейтін ауыл бар. Сол құм жоталар біткен жерден шеңгел, ши, жиде аралас өскен қара топырақты алқап басталады. Сол өңірдің топырағын Ақтөбедегі арнайы мамандар зерттеп, оң қорытынды бергеннен кейін өткен жылы картоп, қияр егіп, мол өнім алдым. Ал биыл бір гектарға 200 түп алма көшетін ектім. «Даму» бағдарламасы арқылы 6 миллион теңге несие алып, Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас өңірлерінде өсетін алма көшеттерін сатып алдым. Көшеттердің барлығы да жақсы көктеді, — дейді Самат.

Игілікті істердің бәрі алғашында қызығушылықтан басталады, ал қызығу құштарлық пен тынымсыз еңбекке ұласса, нәтижелі болары анық. Самат та бұл өңірде алғаш қолға алған ісін ерекше құштарлықпен, сүйіспеншілікпен істеп жүр. Сызғышпен сызғандай түп-түзу боп қатарласа бой түзеген көшеттер көздің жауын алып, сән құрап қалыпты.

Кәсіпкердің айтуынша, өзі арнаулы техникамен қаздырып алған құдықтың мол суы көшеттерді күнбе-күн суаруға толық жетеді. Қазір бақта өзінен басқа тағы екі адам еңбек етеді. Бүгінде Самат бақшаның басына шағын баспана тұрғызып алған.

Самат өзінің негізгі кәсібін тастаған жоқ, Ырғыздан ашқан арнайы кабинетінде тіс емдейді. Әрбір күннің әр сәтін босқа өткізбейтін еңбекқор азамат күндіз тіс емханасында, ал жұмыстан кейін алма бағында еңбек етеді.

                                                            Рахымжан ӨТЕМІС,

                                                             Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button