Жаңалықтар

Табыстың көзі

Қазір мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдаланып, мал шаруашылығына бет бұрғандар көп.

Шалқар ауданында мал өсіріп, кәсібінен нәсібін тауып отырған азаматтардың бірі «Болашақ» шаруа қожалығының төрағасы Шыңғыс Мусин.

Ол бастапқыда өз қаражатына жылқы мен қой сатып алып, кейін кәсібін кеңейту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 12 миллион теңге несие алған. Қазір шаруашылықта 100-ге жуық жылқы, 600 қой бар.

Кәсіпкер сондай-ақ аудан орталығынан «Талап» сервистік дайындау орталығын ашқан. Мұнда арнайы мал сою орталығы мен жартылай дайын ет өнімдерін шығаратын цех бар.

Орталықтың ең басты артықшылығы — тазалығы. Бұл жерде сойылған мал етінің сапасын тексеретін арнайы ветеринарлық зертхана арқылы өнімнің тазалығы жөнінде анықтама беріледі. Ветеринар маманнан бөлек, мұнда 4 қасапшы қызмет көрсетеді. Мәселен, сиыр мен жылқыны сою 7500 теңге тұрады.

— Орталықта сәйкестік сертификаты бар. Ветеринарлық-санитарлық сараптама беріледі. Малды сойып, өңдеп, ет сататын базарға жеткіземіз. Ал жартылай дайын ет өнімдерін шығаратын цехта 13 адам жұмыс жасап жатыр. Бүгінде «Шалқар дәмі» деген атаумен шығарылатын өнімдер аудан орталығындағы 95 пайыз дүкенді қамтамасыз етіп отыр. Атап айтсақ, манты, тұшпара, тефтели, котлет, басқа да ет өнімдерін ешқандай қоспасыз дайындаймыз. Ай сайын 2 тонна жартылай ет өнімдері шығарылады, — дейді Шыңғыс Мусин.  

Кәсіпкер қазір кәсібін кеңейту мақсатында аумағы 140 шаршы метр болатын цех ғимаратын салып жатыр. Құрылыс жұмыстарын биыл желтоқсан айында аяқтап, жаңа нысанның ашылуын жоспарлап отыр.

— Енді жартылай дайын ет өнімдерін облыс аудандары мен өзге де өңірлерге шығаруды көздеп отырмыз. Ол үшін арнайы сауда оталықтарымен келісімшартқа отырдық. Тағы 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Әрине, кәсіпті өркендету үшін жыл сайын жоспар құрамыз. Бір орында тоқтап қалмай, күнделікті ізденістеміз. Соңғы жылдары ауданда жылыжай шаруашылығы дамып келеді. Түрлі көкөніс, гүл өсіруді қолға алу ойымда бар, — дейді кәсіпкер.

Қой етіне сұраныс жоғары

Шалқар ауданының орталығынан 55 шақырым жерде орналасқан «Нұралы» шаруа қожалығы 2013 жылы құрылған. Аталған қожалықтың басшысы Кәмшат Төлеуованың айтуынша, төрт түлік малдың саны жыл сайын артып келеді.

— Мал шаруашылығымен отбасымызбен бірге айналысамыз. Бастапқыда 120 аналық сиыр сатып алдық. Соған республикалық бюджеттен асылтұқымды ірі қара мал сатып алуға субсидия бөлінді. Оралдан ақбас сиыр, 2018 жылы Ресейден 100 ангус асылтұқымды сиыр алдық.

Мүйізді ірі қарадан басқа, былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиеге 4 мың қой алдық. Бүгінде 400 жылқы мен 10 шақты түйе бар, — дейді кәсіпкер.

Шаруа қожалығында 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Аудандағы «Шалқар еті» ет комбинатына және сауда дүкендеріне ет өнімдерін жеткізіп, жаз мезгілінде қымыз сатумен айналысады.

— Облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Project management» бағдарламасы бойынша Германиядан бір ай бизнестің қыр-сырын тегін оқып, үйрендім. Елімізде кәсіп бастауға мемлекеттік бағдарламалардың игілігі көп.

Қазіргідей күз мезгілінде шөп шабу, жем тасу секілді мал азығын дайындау  жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта аналық сиыр, Ресейден тағы бұқа сатып алуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ экспорт көлемін арттыру үшін тағы 10 мың қой алғымыз келеді. Себебі қойдың етіне сұраныс жоғары. Былтыр Ресейге экспортқа шығарып көрдік. Мал басы ең кемі 20 мың болуы керек екен. Ол үшін биыл 100 мың гектар жер алдық. Шаруашылықты одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді кәсіпкер.

Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, бүгінде Шалқар ауданында 510 шаруа қожалығы, 14 селолық тұтыну кооперативі бар.

— Ағымдағы жылдың 9 айында ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 12660,9 миллион теңгені құрады. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 8  жоба «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына тапсырылды. Оның ішінде 7 жоба несие алса, 1 жобаның құжаттары мақұлданды.

Аудандағы «Еңбек» шаруа қожалығы  20 сауынды сиыр алып, сүт өндіріп, Шалқар     қаласындағы «Абзал» сауда үйіне өз өнімдерін өткізуде. 2,4 миллион теңге несие   алып және өз қаражатына 20 бас мүйізді ірі қара  сатып алды.

Сондай-ақ биыл 533 гектар жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді. Қазір барлық жұмыстар толық аяқталды. Оның ішінде жеке тұрғындар 418,5 гектар және шаруа қожалықтар 114,5 гектар жерге көкөніс екті, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button