Ауыл

Тауық бағып, табыс тапқан отбасы

Ойыл ауданындағы Екпетал ауылының тұрғындары тауық өсіріп отырған Лаура Есқалиеваны жақсы таниды. Биыл жаздан бері жесе ет, сатса ақша болатын үй құсын бағып, тәуір табыс көзіне айналдырып отырған жайы бар.

Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған көпбалалы отбасы ойлана келе, өз кәсіптерін ашуға, оның ішінде тауық өсіруге ниеттенеді. Кішкентайлы болып, бала күтіміне байланысты үйде отырған Лаура мемлекеттік бағдарламалар туралы естіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып алады.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырмыз. Кәсіпкерлік әліппесін оқып алып, бизнес-жобаны қорғап, мемлекеттік грантқа қол жеткіздік. Жолдасым Серік екеуміз ақылдаса келе, тауық бағамыз деп шештік. Содан жаз басталғанда Ақтөбедегі мал базарына барып, грант қаражатына әртүрлі 136 тауық сатып әкелдік, — дейді Лаура.

Тауық қорасы да үй ауласынан орын теуіпті. Кәсіп иесі Лаура болғанымен, үй құсын бағуға күйеуі Серік көмектеседі екен. Негізі, ол ауылдағы мектеп-балабақшада электрик болып жұмыс істейді.

— Негізі, тауық бағу соншалықты қиын деп айта алмаймын. «Еңбек етсең, емерсің» дейді ғой. Жемін берсең, тауықтар жұмыртқалай береді. Жазда бастаған кәсіптің алғашқы жемісін де көріп отырмыз. Тауықтың жұмыртқасы дәруменге бай табиғи өнім екені белгілі. Сол себепті де нарықта оған деген сұраныс жоғары. Әлеуметтік жағынан да маңызы зор өнімді мен де сатамын. Он жұмыртқа — 350 теңге. Сататын өнімді әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаймын, ірілері тез өтіп кетіп жатады. Іріктеліп қалған ұсақ жұмыртқаларды өзіміз жаратамыз, құймақ пісірсем, балалар сүйсініп жейді, әрине, өсіп келе жатқан балалар үшін жұмыртқа өте пайдалы ғой. Ара-тұра шай ішуге жұмыртқа қосып, бірдеңелер пісіре қоямын,  — дейді Лаура.

Кәсіп иесі қорасында ақ, қара ала, қызыл тауық барын, біздің өңірдің ауа райына қызыл тауық өсіру ыңғайлы екенін айтты. Әзірге бәрі аралас. Тауық өсіруді енді ғана қолға алған отбасы қыста жағдайдың қалай боларын, алда жыл бойы жұмыртқа беретін тауықтарды бақылау жұмысы тұрғанын, сондай-ақ 50 балапан сатып алғандарын, көзіңді ала бере кейбірі жемге, суға түсіп кететінін, қарамай қалсаң, ит-мысық қуатынын, сөйтіп, тауықтардың да азайып қалатынын, сондықтан да балапандарды үнемі көз алдарында ұстайтындарын әңгімеледі.

Серік пен Лаураның бес баласы бар. Отбасының тұңғышы — Сандуғаш тұрмыста. Ал Ясин, Мансур, Раян және Аяна есімді балапандары әлі кішкентай. Осындай балаларының болашағына алаңдайтын, соларды қайтсе де аяқтандырып, жетілдіруді ойлайтын отбасы құс өсіруді үлкен бизнеске айналдырып, одан әрі дамытуды мақсат етіп отыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button