Спорт

«Ақтөбе»: жанкүйері көп команданың жеңісі

Футбол

Сонымен, Бірінші лигадағы футбол маусымы аяқталды.

Бірінші конференцияда ойнаған «Ақтөбе» бұл чемпионат аяқталардан екі тур бұрын Премьер-Лигаға өткені баршаға мәлім.

Сәл шегініс жасасақ, өткен 2019 жыл біздің командамыз үшін оңайға соққан жоқ. Чемпионат басталар-басталмастан ФИФА шешімімен 12 ұпайдың шегеріліп тасталуы «Ақтөбенің» Премьер-Лиганы тастап шығуына әкеліп соқты. Сол бойда ақтөбелік команда енді жоғары топқа таяу уақытта қайта орала алмайтыны жөнінде әңгіме қоздырған сәуегейлер де табыла кетті. Сол сәуегейлер енді «Ақтөбенің» келер жылына қатысты күдіктер айта бастады. Мейлі ғой.

Дегенмен «Ақтөбенің» биылғы табысы кездейсоқ олжа еместігін шын жанкүйерлер жақсы біледі. Стадионға бара алмаған жұртшылық биыл Бірінші лига ойындарын тек интернет арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Оған да рақмет. Міне, сол кездесулерде «Ақтөбенің» салмақты да қисынды ойын өрнегіне куә болдық.

Жалпы «бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп келетін нақылдық нұсқаны тағы бір еске алар болсақ, «Ақтөбенің» биылғы жетістігін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бұл салаға нақты назар аударуымен байланыстырмасқа болмайды. Өйткені, өткен жылы футбол ардагерлері мен белсенді жанкүйерлер әлденеше рет бас қосып, «Ақтөбе» командасының, оған қоса жалпы ақтөбелік футболдың кемшіліктерін талқыға салып, облыс басшысынан қолдау мен қамқорлық сұрағаны баршаға мәлім. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет жазды да.

Міне, сол кезде бұл шаруаны аяғынан тік тұрғызудың барша мүмкіндіктерін жасауға уәде берген Оңдасын Сейілұлы сөзінде тұрғанына куә болып отырмыз.

«Ақтөбенің» Премьер-Лигаға қайта оралуына қоса басқа да бірқатар істер атқарылды: клубтың мойнында қазір еш қарыз жоқ, «Ақтөбе» командасы сапындағылардың 70 пайызы — жас ақтөбеліктер, сондай-ақ екінші футбол алаңы да қатарға қосылды…

Осы және басқа да көптеген шаруалар бір жылда атқарылғанын есепке алатын болсақ, «Ақтөбе» клубының, жалпы ақтөбелік жергілікті жас футболшыларды даярлаудың таяудағы жарқын болашағы көңіл жылытады.

Көңілі жылитын басты қауым, әрине, жанкүйерлер. Мынадай фактіні келтіре кетейік. Өткен 2019 жылы ФИФА шешімімен 12 ұпайдың шегерілуіне байланысты «Ақтөбе» ойын кестесінің соңында жүріп, ақыры чемпионатты 12-орынмен аяқтағаны мәлім. Міне, сондай жағдайда да еліміз бойынша біздің жанкүйерлеріміз бірінші орынға шыққан болатын. Сол кезде (2019 жылғы күзде) газетімізде жарияланған төмендегі деректерді қайталап келтіре кетелік: «Ойындарды 735 650 адам тамашалады. Ең көп жанкүйер «Ақтөбе» командасы қатысқан ойындарға жиналды — 179 200. Біздің ізімізді басып тұрған «Қайраттың» ойындарына 167 800 адам келсе, одан кейінгі «Ордабасы» 137 400 адам жинаған екен. Сондай-ақ еліміз бойынша ең көп жанкүйер жинаған орталық та біздің Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион болды, осында өткен кездесудің әрқайсысына орта есеппен 8071 адам келіпті. Ал, мысалы, бізден кейінгі орында тұрған Алматының көрсеткіші — 6165 адам. Тағы бір дерек — биылғы чемпионатта ең көп жанкүйер жинаған он кездесудің алтауы «Ақтөбе» командасының қатысумен өтіпті».

Міне, осындай жанкүйерлері бар «Ақтөбе» командасы қазіргі әлемдік індеттің беті қайтса, келер жылы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионды әлі талай қуанышты дүбірге бөлейтіндігіне сенеміз.

Жақсылық хабармен қанаттанған жанкүйерлер қазір жаңа маусымды асыға күтіп отыр.

 Соңғы турдың салмағы 

Сенбі күні, 31 қазанда Бірінші лиганың соңғы ХІV тур кездесулері өткізілді.

Премьер-Лигаға өтіп қойған жерлестеріміз бұл турда турнир кестесінде ең соңғы орында келе жатқан «Алтай» командасымен кездесті.

Ойын аса тартысты өтті. Дегенмен биылғы басты шаруаны — жоғары топқа өту мәселесін ерте шешіп қойған ақтөбеліктер тап осы кездесуде бұрынғыдай жанкештілікке бармады. Рас, жерлестеріміз семейліктердің қақпасына әлсін-әлсін шүйілді, қорғаушыларды әбден мазалады. Бірақ бірде қарсыластар қақпашысы Әнуар Сапарғалиев шеберлік көрсетсе, бірде жасалған соққылар нысанадан ауытқып кетіп, әйтеуір, «Ақтөбе» гол соғудың ретін келтіре алмады. Сөйтіп жүргенде кездесу соңына таман семейлік футболшылардың жұлдызы жанды. 88-минутта Бекжан Серғали, ал 90+4 минутта Айдын Металлов гол соғып, біздің қақпашымызды екі рет қапы қалдырды.

Бұл есеп, әрине, «Ақтөбенің» бірінші конференцияда екі тур бұрын қол жеткізген чемпиондығына еш кедергі бола алмағаны белгілі жайт. Сондай-ақ ең соңғы орында келе жатқан «Алтайдың» да турнир кестесіндегі жағдайы жақсара қоймады, семейліктер турнирді көш соңында қалумен аяқтады.

«Алтай»-«Ақтөбе» — 2:0.

Гол авторлары: Бекжан Серғали, 88-минут (1:0): Айдын Металлов, 90+4 минут (2:0).

2020 жыл 31 қазан-11.00. Павлодар қаласы, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

«Ақтөбе» бұл турда мына құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов (капитан), Куасси Куаджа, Никола Цуцкич (Бобан Джорджевич,  81-минут), Әлішер Әжімов (Максим Самородов, 60-минут), Есен Жасанов, Әділхан Таңжарықов, Рифат Нурмугамет (Рустам Темірхан, 60-минут), Владислав Прокопенко (Тәуіпбек Орналин, 60-минут), Андрей Часовских, Алексей Концедалов, Олег Чернышов.

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Антон Шурыгин, Әлішер Назаров, Рустам Сахибов, Нұрболат Батырханов, Жамбыл Көкеев, Виталий Волков, Демият Сламбеков.

*   *   *

Дәл осы кезеңде «Жұлдыз» стадионында «Байқоңыр» мен «Екібастұз» командалары кездесті.

Бұған дейін 9 ұпай жинаған екібастұздықтар 6-орында келе жатса, 10 ұпайы бар қызылордалық клуб 5-орында тұрған еді. Сол себепті осы кездесудің нәтижесіне қарай бұл командалардың ойын кестесіндегі орындары өзгеру мүмкіндігі айқын көрініп тұрған болатын. Солай болды да. «Екібастұз» қарсылас команданы ірі есеппен ұтып қана қоймай, бір сатыға басып та озды.

«Байқоңыр»-«Екібастұз» — 0:3.

Гол авторлары: Павел Баркунов, 14-минут (0:1); Павел Баркунов, 55-минут (0:2); Руслан Есімов, 77-минут (0:3).

2020 жыл 31 қазан-11.00. Павлодар қаласы, «Жұлдыз» стадионы. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Бірінші конференцияда ең соңғы тур «Мақтаарал» мен» «Арыстың» арасында өтті.

Түс қайта, бесін мезгілінде өткен бұл кездесудің қорытындысын, әсіресе, Атакент пен Арысқа қоса Түркістан жанкүйерлері де шыдамсыздана күткені даусыз. Өйткені бұл турдың нәтижесіне қарай екі команда да екінші орындағы түркістандық «Қыранды» бір сатыға төмендетіп, сол орынға өздері келуі мүмкін екендігі белгілі болып тұрған. Бірақ бұл жағдайда бұл екі команданы тіпті де тең ойын емес, тек жеңіс қана жоғары өрлете алатын. Өйткені дәл осы тур алдында «Қыран» 20 ұпаймен екінші орында тұрса, 18 ұпайы бар «Арыс» пен 17 ұпайы бар «Мақтаарал» үшінші-төртінші орындарды бөлісіп тұрған.

Міне, осындай жағдайда өз жанкүйерлері алдындағы жауапкершілікті қатты сезінген екі команданың да футболшылары қате жібермеуге тырысып, аңдысумен болды. Сол аңдысумен жүргенде екі тайм да нәтижесіз өтіп, бас төрешінің ойынның қосымша уақыты да аяқталғанын хабарлайтын ысқырығы естілер шақ та таяу қалған. Осы сәтте арыстық футболшы қақпаны дәл нысанаға алып, командаластарын зор қуанышқа бөледі. Ал «Мақтаарал» сол бұрынғы 4-орнында қала берді.

«Мақтаарал»-«Арыс» — 0:1.

Гол авторы: Искандер Холмурзаев, 90+2 минут (0:1).

2020 жыл 31 қазан-17.00. Павлодар қаласы. Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

Қорытынды нәтижелер 

Бірінші лиганың бірінші конференциясы бойынша 1-орынға «Ақтөбе» шықты — 29 ұпай. Жерлестеріміз 12 кездесуде 9 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады, 1 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 23:4.

21 ұпай жинаған «Арыс» (Арыс) екінші орынға ие болды.

3-орын 20 ұпай жинаған «Қыранға» (Түркістан) бұйырды.

«Мақтаарал» (Атакент) 17 ұпаймен 4-орынға шықты.

5-орынды 12 ұпайы бар «Екібастұз» (Екібастұз) меншіктеді.

6-орын иесі — 10 ұпайы бар «Байқоңыр» (Қызылорда).

«Алтай» (Семей) 9 ұпаймен соңғы, 7-орында қалды.

Бізге жеткен деректер бойынша, Бірінші лиганың чемпионын анықтау үшін арнайы кездесу өткізілмейтін болды. Екі конференцияның жеңімпаздары — «Ақтөбе» мен «Атырау» командаларының екеуіне де кіші алтын медаль табыс етіледі. Көне мысалға жүгінсек, 2003-2007 жылдар аралығындағы бес маусымда Бірінші лигада екі жеңімпаздан (екі конференция бойынша) болған.

«Ақтөбенің» кездесулері 

  1. «Мақтаарал»-«Ақтөбе» — 0:0
  2. «Ақтөбе»-«Байқоңыр» — 5:0
  3. «Қыран»-«Ақтөбе» — 0:0
  4. «Ақтөбе»-«Екібастұз» — 4:1
  5. «Арыс»-«Ақтөбе» — 1:2
  6. «Ақтөбе»-«Алтай» — 2:0
  7. «Ақтөбе»-«Мақтаарал» — 2:0
  8. «Байқоңыр»-«Ақтөбе» — 0:4
  9. «Ақтөбе»-«Қыран» — 2:0
  10. «Екібастұз»-«Ақтөбе» — 0:1
  11. «Ақтөбе»-«Арыс» — 1:0
  12. «Алтай»-«Ақтөбе» — 2:0

«Ақтөбенің» мергендері 

4 голдан соққандар: Эдуард Суханов пен Бобан Джорджевич.

3 гол авторы: Олег Чернышов.

2 гол өткізгендер: Владислав Прокопенко, Рифат Нурмугамет, Виталий Волков, Максим Самородов.

1 гол авторлары: Әділхан Таңжарықов, Демият Сламбеков, Андрей Часовских, Никола Цуцкич.

Ал Жасур Нарзикулов — тек бірінші  конференцияның ғана емес, жалпы Бірінші лиганың ең үздік қақпашысы.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button