Жаңалықтар

Төрт көшенің жолы қайта жөнделді

Мониторинг

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков және «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев қаладағы жолдардың сапасына мониторинг  жүргізді. Бұл — «Cапалы жол» жобасы аясында жүзеге асырылған шара.
​Жұмыс тобы  қаланың 312-атқыштар дивизиясы, сондай-ақ «Қарғалы» тұрғын үй алабындағы Қайдауыл батыр көшелеріне жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, жол сапасына ерекше мән берді. Бүгінде 312-атқыштар дивизиясы көшесінде 5 шақырымдық жолға «АссанаДорстрой» жөндеу жүргізіп жатыр. Асфальтбетон жабылғасын қайта төсеуге және жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнатуға бюджет 405 млн теңге бөлген. Жоба бойынша асфальттың үстіңгі қабатының қалыңдығы 4 сантиметр болуы керек. Алайда  жол сапасына мониторинг жүргізу барысында алынған сынаманы өлшеу кезінде масштаб 5,5 сантиметр көрсетті.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Бауыржан Балғабековтің айтуынша, жыл басынан бері аталған департамент, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша жол активтерінің Ұлттық сапа орталығымен бірлесіп «Сапалы жол» жобасы аясында 23 мониторинг жүргізген. Оның алтауы қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалаудың сапасын бақылауға бағытталса, 17-сі қала, облыс деңгейіндегі орташа және күрделі жөндеуден өтіп жатқан автомобиль жолдарының сапасын бақылауға бағытталған. Нәтижесінде, жолдарды тазалау бойынша — 6,  жөндеу жұмыстары бойынша 16 бұзушылық анықталған. Мониторинг қорытындысына сәйкес тиісті органдарға хат жолданып, 12 бұзушылық жағдай оң шешімін тапқан.

Мамандар бұл жағдайға байланысты нақты дәлелдер де келтірді. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстары жүргізілген қаланың орталық көшелерінің бірі — Абай даңғылында сапасыз жол құрылысы анықталған.  Жобалық кеңсенің мониторингі барысында аталған даңғылға төселген асфальттың сапасыздығымен қатар, битумның асфальт жамылғысының бетіне шыққан жағдайлары тіркелген. Бұл жайдан кейін аталған даңғылға төселген асфальттың 5 сантиметрлік беткі қабаты алынып, мердігер мекеменің жеке қаражатына жол қайта салынған. Бұл жұмысқа мердігер компания 25 миллион теңгені өз қалтасынан төлеуге тура келді.

Асхат Шахаровтың айтуынша, Ақтөбеде жоспарланған 97 көшенің орнына 117 көше жөнделеді. Күрделі жөндеудің кепілдік мерзімі — 3 жыл, орташа жөндеудің кепілдік мерзімі — 2 жыл.

Қалада сапа сараптамасынан өтпегендіктен, төрт көше қайта жөнделді. Олар — Абай даңғылы және қаланың ескі бөлігіндегі тағы 3 көше. Яғни сапасыз салынған жолдардағы асфальт жамылғысының үстіңгі бөлігі толығымен алынып, жаңа қабат төселді. Бұл мәселеде зертханаларда тексерілетін жол құрылысы  материалдарын жеткізудің өзі маңызды рөл атқарады, — деді А.Шахаров.

Қала әкімі өз сөзінде сапа орталығы жолдардың кем дегенде бес жыл қызмет ететініне кепілдік беретінін айтты. «Бірақ бәрі айтқандай, жол сапасын көктемде көреміз», — деп А.Шахаров қалжың араластыра сөйледі.

«Сапалы жол» жобасының басты мақсаты — жөндеуден өтіп жатқан жолдарға қоғамдық бақылау жүргізу. Бұл орайда мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button