Басты бет » Жаңалықтар » Қар тазалауға 517 техника жұмылдырылады

Қар тазалауға 517 техника жұмылдырылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қыс мезгілінде облыс аумағындағы жолдарды күтіп ұстау, қардан тазарту жұмыстарына дайындық барысы айтылды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, биыл қыста төтенше жағдайдың алдын алуға 1000-ға тарта адам мен 517 арнайы техника жұмылдырылады. Сондай-ақ жол бойында қар құрсауында қалған әрі күрделі метеожағдай кезінде жолаушыларды эвакуациялайтын 144 жылыту бекеті жұмыс жасайды.

Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар мен  мердігер компаниялар 144 жылыту пунктін жасақтады. Оның 11-і — мобильді жылыту пункті. Қазіргі күні осындай жылыту пункттерінің санын көбейтуді жергілікті билік қолға алып жатыр. Сондай-ақ жол бойындағы жылыту бекеттерінде  медициналық көмек көрсету шаралары да қоса қарастырылатын болады. Бұл — жағдайға байланысты жүргізілетін шара, — деді Қайрат Қасым.

Брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау үшін бүгінде 48 мердігер компаниямен келісімшарт жасалғанын айтты. Олар бұл бағытта 151 техниканы іске қоспақ. «Қазіргі күні облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды қысқы кезеңге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инертті материалдар да алынып, дайындалып жатыр. Жоспар бойынша алдағы уақытта қар басатын учаскелер үшін арнайы тапсырмалар берілді. Бүгінгі күні 18 гектарға қосымша ағаш егу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді М.Ибрашов.

Оның айтуынша, жақын күндері аудандық маңыздағы жолдардың қысқы кезеңге дайындығын  тексеру жұмыстары басталады. Жолдарды қардан тазалап, қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін әрбір қала, аудан орталықтарында арнайы штаб құрылған.

Брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» облыстық филиалының басшысы Марат Махамбетов облыс аумағындағы республикалық маңыздағы жолдарды қыста күтіп ұстау шараларының барысы турасында айтты.

Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңыздағы жолдың жалпы ұзындығы — 1892 шақырым. Қазір оның 214 шақырымына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол — Ақтөбе-Қандыағаш-Атырау бағытындағы жол.  Онда 4 мердігер жұмыс жасайды. Олар қыс бойы сол жолды күтіп ұстап, қардан тазалайтын болады. Олар — Қандыағаштан Шұбарқұдыққа дейінгі 60 шақырымды «Uniserv» компаниясы,  Шұбарқұдықтан Қарауылкелдіге дейінгі аралықты  «Сине Мидас Строй» кәсіпорны, әрмен қарайғы 30 шақырым аралықтағы жол «СПИК Аккор» компаниясының құзырында болмақ. Сондай-ақ Атырау облысы шекарасына дейінгі 55 шақырымдық жолды күтіп ұстау  «Сине Мидас Строй» компаниясына жүктеліп отыр. Ал қалған 1654 шақырымдық жолда  «ҚазақАвтоЖол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қыс бойы күтіп ұстайтын болады, — деді Марат Махамбетов.

Белгілі болғандай, былтыр қыста төтенше жағдайлар департаменті мамандары қар құрсауында қалған бір тәжік азаматын құтқарған.Сондай-ақ 400 адамға дер кезінде көмек көрсетіліп, 600 жолаушы жылыту пунктіне жеткізілген.

Облыс тұрғындарына қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты хабарлама жолданған жағдайда, қатты қажет болмаса,  ұзақ жолға шықпауларын ескертеміз.  Жүргізушілер көліктеріне қысқа арналған дөңгелектер салып, қосымша жанармаймен қоса, жолға азық-түлік алып, өзге де сақтық шараларын қатар ұстанғаны абзал. Ең бастысы — көлікке мықты әрі жарамды аккумулятор қондырғаны дұрыс, — деп, Қайрат Қасым қысқы мезгілде жолаушылар үшін сақтық шараларына аса мән беру қажеттігін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.