Экономика

Қарғалыда құрылыс қарқынды жүріп жатыр

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз мәслихаты бұл жолы Қарғалы ауданында өтті. Он жеті ұлттың өкілі шоғырланған өлкеге арнайы барған журналистерге аудан әкімі Асқар Жүсібалиев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, шаруалар жайын таныстырды.

Облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып отырған Қарғалы ауданы ағымдағы жылдың 9 айында барлық сала бойынша оң нәтижеге қол жеткізген. Аудан әкімі биыл егіс алқабының ұлғайып, мал басының өскенін айтады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 22 миллиард 83 миллион теңгені құраған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 106,5 пайызға артық. Өлкеде кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Асқар Жүсібалиев өткен жылмен салыстырғанда құрылыс саласында да ілгерілеушілік барын айтты.

Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін бөлу және игеру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Биыл 31 жер учаскесі берілді. Тұрғын үйлердің басым бөлігін Петропавл, Шәмші Қалдаяқов және Бадамша ауылдарында салу жоспарлануда. Жалпы аудан бойынша жыл басынан бері 9128 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, — деген аудан әкімі бүгінгі таңда аудан орталығында тағы да бес қабатты 60 пәтерлік жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын айтты. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 230 адам тұр. Ал жер мәселесі аудан бойынша түбегейлі шешімін тапқан.

Сондай-ақ қазіргі таңда аудан орталығында 70 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша биылғы жылдың төртінші тоқсанында аяқталуы тиіс. Қазір мектептің негізгі ғимараты мен интернаты салынып, ішкі және инженерлік желілерді өткізу жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық округтерде де құрылыс қарқынды. Мәселен, Қосестек, Петропавл, Әлімбет ауылдарында жаңа әкімшілік ғимараттары бой көтеріп жатыр. Баспасөз мәслихаты барысында Асқар Қазиханұлы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында аудан бойынша құны 270 миллион 336 мың теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты.

— Жоба аясында Бадамша ауылындағы Қазақстан, Горняков, Астана, Байтұрсынов, Имашев, Еңбекшілер, Жангелді көшелеріндегі ауылішілік жолдар орташа жөндеуден өтіп, Бадамша ауылының Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Пацаев көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Ал үшінші жоба бізде Әлімбет орта мектебіне жапсаржай салу болатын. Бұл — екі жылдық жоба. Аяқталу мерзімі — 2021 жылдың 1 тоқсаны, — деді ол.

Сондай-ақ биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында Бадамша ауылының 2 көшесі орташа жөндеуден өтсе, Қосестек ауылындағы 4 көшеде аталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджет есебінен «Қайрақты- Степной» бағытындағы жолдың 15,0-23,0 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде Қарғалы халқының 64 пайызы ауызсумен қамтылса, 87 пайызы көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Аталған мәселелер де аудан басшылығының басты назарында. Қазіргі таңда Ащылысай, Әлімбет ауылдарына газ құбырын жүргізу бойынша құжаттар дайын, тек республикадан қолдау болса, бұл мәселе де өз шешімін табатындығын айтады әкім.

Баспасөз мәслихатынан соң журналистер аудан аумағында жаңадан салынып жатқан су резервуарының құрылысымен танысты. Салынып жатқан 1000 кубтық резервуардың құрылысы аяқталса, көктемгі-жазғы уақытта ауыл тұрғындары үшін ауызсу мәселесі өз шешімін таппақ.

Өткен бір-екі жылдықта Бадамша ауылының көп қабатты үйлерінде тұратын тұрғындар үшін ауызсу үлкен мәселе болғаны рас. Жаз айларында көп қабатты үйлердің 4-5-ші қабаттарына су бармай қалатын. Бұның басты себебі — ауылда тұрғын үйлердің көп салынып, су құбырларының тартылуынан. Сол олқылықты қайталамас үшін 1000 кубтық резервуар салып жатырмыз. Қазір жұмыстардың 90 пайызы дайын. Бұйырса, қарашаның 15-іне дейін толық іске қосылады, — деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азамат Өтегенов.

Бұдан кейін БАҚ өкілдері Велиховка ауылындағы «ДиЛэнд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Биылғы егіс науқанын да сәтті аяқтаған шаруашылық өз өнімдерін Түркия, Өзбекстан елдеріне экспорттап отыр. Серіктестік өзіне қажетті ауылшаруашылық техникаларымен толық қамтамасыз етілген. 2009 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан серіктестік басшысы кәсібінің өрге жүзуіне мемлекеттік бағдарламалардың да мол шарапаты тигенін айтады.

Астық өнімдерінің бес түрін егетін шаруашылықтың қысқы азықты сақтау әдісі де ерекше. Өнімдер Австралиядан әкелінетін титроқапшықтарда сақталады. Бір қапшыққа 200 тонна астық сыяды. Бүгінгі таңда 70-тен астам адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестің  ендігі жоспары — жерін кеңейтіп, өнім көлемін арттыру.

Қарғалы ауданына жасаған іссапар аясында журналистер Шәмші Қалдаяқов ауылындағы күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулаторияға соқты. 2008 жылы салынып, қолданысқа берілген амбулаторияға биыл су жүргізіліп, жылу батареялары ауыстырылып, сыртқы жұмыстары жүргізілген. Амбулаторияда 1 дәрігер, 4 мейірбике және тағы басқа 3 адам жұмыс жасайды. 1500 халқы бар ауыл тұрғындарының 300-ге жуығы амбулаторияның күндізгі стационарында есепте тұр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button