Жаңалықтар

Бір күнде 12 адам коронавирус жұқтырды

29 қазан күні облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 12 адам тіркелді. Оның 6-уында ауру белгісі білінбеген. Соңғы аптада вирус жұқтырғандардың саны өскен. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров әлеуметтік желінің тікелей эфирі арқылы эпидемиологиялық жағдайды баяндап, тұрғындарды сақтанып жүруге шақырды.

Індет жұқтырған 12 адамның төртеуі Ақтөбе қаласынан болса, екі адам  — Қарғалы, алты адам Хромтау ауданынан тіркеліп отыр. Қарғалы ауданынан тіркелген тұрғынның бірі Ресейден келген. Нұрсұлу Беркімбаева 6 қазаннан бастап Жайсаң, Әлімбет шекара бекеттеріндегі бақылаудың күшейгенін айтты. 6 қазаннан осы кезеңге дейін шекарадан 10 284 адам өткен. Оның 3096-сында ПТР-тест болса, анықтамасы жоқ 1318 адам каратиндік стационарға жатқызылған. Ресейден келген алты адамнан коронавирус анықталған. Қазір олардың барлығы ем алып жатыр. Ақтөбеге 6 қазаннан осы уақытқа дейін Түркия мен Египеттен үш рейс келген. Әуе көлігімен 762 жолаушы келсе, оның 264-інде анықтама болмаған. ПТР-тесттің қорытындысы жоқ жолаушылардың барлығы стационарда жатып шыққан. Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, қазіргі күні облыста коронавирус жұқтырған 38 адам ем қабылдауда. Оның 21-і ауруханада жатыр. 10 адам Ақтөбенің емдеу мекемелерінде ем алса, бір адам жансақтау бөлімінде жатыр. Соңғы тәулікте пневмонияға шалдыққан екі адам тіркелген. Жалпы 32 науқас пневмония бойынша стационарда емделуде. Облыс бойынша коронавирусқа шалдыққандарға арналған 315 кереует бар. Қазір төрт зертхана жұмыс жасап тұр. Күніне 2 мыңға жуық зерттеу жүреді. Жалпы 184 903 ПТР-тест сатып алынған. Тікелей желіде тұрғындар басшыларға сұрақ қойды. Көпшілікті алаңдатқан нәрсе — қаланың карантинге жабылуы. Нұрсұлу Беркімбаева әзір ештеңе айта алмайтынын, барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, егер алаңсыз жүретін болсақ, жағдайдың ушығып кететінін ескертті. Той-садақа, өзге де басқосуларды тоқтата тұру керек. Қазір облыс бойынша 37 мобильді топ жұмыс жасап жатыр. Талапқа бағынбай, тәртіп бұзғандарға айыппұл салынуда.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3305 адам  тіркелді, оның ішінде 49%-ы ауру белгілерімен (1619) және 51%-ы симптомсыз (1686) жағдай. 3232 науқас жазылып шықты.

Ақтөбе қаласында 2376 адам ауырса,  Әйтеке би — 20, Алға — 92,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 30, Мәртөк — 60, Мұғалжар — 172, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 111, Шалқар ауданында 108 адам вирус жұқтырған. Жалпы тіркелген 3305 науқастың 2,6%-ы сырттан келген.  Қазіргі таңда үй карантиніне 109 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button