Білім

Педагогтер құқығы қорғалып жатыр ма? 

Брифинг

«Педагог мәртебесі туралы» Заңының жүзеге асырылуы». Өңірлік коммуникациялар қызметінде осындай тақырыпта баспасөз мәлихаты өтті. Шараға облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Мұхамбеталина қатысты.

Өткен жылы желтоқсан айында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң,

негізі, төрт бағытты қамтиды. Біріншісі, педагогтердің құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту. Екіншісі, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншісі, материалды емес стимул тетіктері. Төртіншісі, материалдық ынталандыру.

Жанар Мұхамбеталинаның айтуынша, департамент қызметкерлері заңнама талаптары туралы ата-аналарға, білім беру ұйымдарының басшыларына, педагогикалық ұжымда кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл мақсаттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында аудандық (қалалық) білім бөлімдері басшылары, әдіскерлерінің қатысуымен педагогтер құқығының бұзылуын анықтау бойынша қабылданған шаралар туралы бейнебайланыс конференциясы өткізіліпті. Cондай-ақ облыстың білім беру ұйымдарының педагогтері тарапынан Сall-орталығына, әлеуметтік желі парақшаларына, сенім телефонына заңнама талаптарының сақталмауы бойынша түскен сұрақтарға (110) уақтылы жауаптар мен кеңестер берілген.

Осы ретте мысал келтірер болсақ, білім бөлімі үшін мұғалімнен өткізілген бейнесабақтар есебін беру талап етілгені туралы шағым түсуіне байланысты педагогке Білім және ғылым министрінің сәуірдің 8-і күнгі №135 бұйрығына сәйкес кеңес берілді және есептілікті талап еткен әдістемелік кабинет меңгерушісіне тәртіптік шара қолданылды.

Департаменттің электронды поштасына мектеп әкімшілігі тарапынан дарынды және нашар үлгеретін оқушылармен жүргізілетін жұмыс жоспарын сұрауы қаншалықты заңды екендігі туралы сұрақ түсті. Заңнама талаптарына сәйкес нормативтік-құқықтық актілер негізінде түсіндіру шаралары алынды, — деді Жанар Мұхамбеталина.

Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттар дайындалып, іске қосылған. Бұл туралы Жанар Тыныштыққызы өз сөзінде:

Біріншіден, педагогтер тарапынан іс құжаттарын жүргізуде шамадан тыс есептілікті азайту көзделген нормативтік-құқықтық актілер енгізілді.

Екіншіден, педагогтерді материалдық жағынан қолдау шаралары. Педагогтердің жалақылары қаңтар айынан бастап 25 пайызға өсті, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 25 пайызға өседі. Магистранттарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстемеақы, ғылым кандидаттарына 17 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ғылым докторларына 34 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Сынып жетекшілікке, дәптер тексеруге төленетін қосымша ақы екі есеге өсті. Тәлімгерлік қызметін атқаратындарға 17 697 теңге төленеді.

Сондай-ақ үздік ұстаздарды көтермелеу, яғни сыйақылар беру, марапаттау, әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылып отыр. Сонымен қатар педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы барлық педагогтерге лауазымдық жалақының 30 пайызынан 50 пайызға дейінгі мөлшерде белгіленді.

Қосымша ақының аталған түрлері аттестаттаудың сәтті нәтижелері негізінде төленетін болады.

Үшіншіден, педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтарын қорғау және кәсіптік қызметін қамтамасыз ету шаралары. Педагогтерді кәсіптік қызметіне жатпайтын жұмыстарға тарту — заң талабы бұзылды деген сөз. Педагогке тән емес функцияларға тартуға, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Осы нормалар бұзылған жағдайда құқықбұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, — деді.

Департаментке педагог тарапынан ата-ананың «Педагог мәртебесі туралы» Заңының талабын бұзып,  мұғалімнің іс-әрекетіне заңсыз араласып, кедергі келтірілгендігі туралы шағым түскен. Соған байланысты әкімшілік іс қозғалып, тексеру қорытындысында ата-анаға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (83 340 теңге) айыппұл салыныпты.

Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, педагогтердің құқықтарын жан-жақты қолдайтын боламыз. Осы қолдау шаралары педагогтердің мәртебесін арттырып, жастардың осы салаға бетбұрыс жасауына үлкен септігін тигізеді, — деді Жанар Мұхамбеталина.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңы педагогтердің мәртебесі мен беделін нақты арттыруға, оларды одан әрі кәсіби өсуге ынталандыруға және жалпы ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдарының басшылары «Педагог мәртебесі туралы» Заңының нақты іс жүзінде жұмыс жасауын, соның ішінде педагогтердің материалдық, моралдық құқықтары барлық жағынан 100 пайыз қамтамасыз етуі керек. Мұғалімдерді міндетінен тыс жұмыстарға тартпауы,  олардан артық есептілікті талап етпеуі тиіс. Сондай-ақ педагогтердің жалақысын есептеуде, сағат бөлу кезінде толық заңнамаға сәйкес жұмыс жасаулары қажет.

Педагогтердің осы заңда қарастырылған әдеп нормалары бар және білім беру ұйымдары жанынан педагогикалық әдеп кеңестері құрылды. Өкінішке қарай, педагогтердің тарапынан да әдеп нормалары бұзылып жатыр. Педагогтер тек құқықтарын қорғап қана қоймай, өздері тарапынан да әдеп талаптарын сақтауы тиіс, — деді Жанар Мұхамбеталина.

Брифинг соңында журналистер сауал қойып, жауаптар берілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button