Экономика

Қазан: қыс қыр астында

Биылғы қазан қабағын түймей, жайма-шуақ болып өтті. Мұның өзі шаруа адамына табиғаттың жасаған жақсылығы, арқадан қағып көрсеткен қамқорлығы іспетті болды. Алда Абай айтқан «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай…» бар.

Қалай дегенде, де әр айдың өз тірлігі бар. Бұл кезеңде де облысымызда көптеген игілікті істер тындырылды. Ең бастысы, қысқа дайындық жұмыстары тиянақталды.

Он мыңнан астам жұмыс орны құрылды

Биыл облыста 11 942 жұмыс орнын құру, жұмыспен қамту орталығы арқылы 50%-ға дейін азаматтарды еңбекпен қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 10 327 жұмыс орны құрылды.

Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан 5 540 адамның  2308-і — жастар, 82-сі — мүгедектер, 260-ы — аз қамтылғандар. Олардың орташа жалақылары 87 315 теңге мөлшерінде. Аталған бағдарлама бойынша 303 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 46,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Өз өнімімізге — басымдық

Ақтөбеде инвестициялық жобалар ауқымында өз өнімімізді өндіруге басымдық берілуде. Ондағы мақсат — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ импортты алмастыру бағдарламасын нығайту.

Бұл ретте «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл ірі жылыжайда қуаттылығы 7 мың тоннадан астам қызанақ өндіретін жаңа гидропоника технологиясы жұмыс істейді. Жалпы, өндірісте 120 адам шаруа басында жүр.

Ауқымды жоба «Агроэкспорт» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша қаржыландырылған.

Инновациялық жылыжай ультра-климат жүйесінде жұмыс істейді. Яғни қандай ылғал, ауа қажеттігі автоматты түрде таңдалады. Мұның нәтижесі — өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беруі.

Қазіргі уақытта жылыжайда аптасына 50 тонна шамасында өнім алынады. Таяу мерзімде оны екі есеге дейін ұғайту көзделуде.

Мәртөк ауданындағы Саржансай ауылында «Milker» ЖШС суармалы учаскелерде жем-шөп өндіру базасын құру және түйіршіктелген жоңышқа өндіретін құрама жем зауытын салу мақсатын алға ұстанған.

Зауытта германиялық қондырғылар пайдаланылады. Алдағы уақытта мұндағы ферма өнімдерін Еуропа елдеріне жөнелтпекші.

Көгілдір отын тағы да екі ауылды қамтиды

Инвестициялық бағдарлама аясында таяу уақытта  Алға ауданының Сарықобда ауылдық округі мен Болгарка елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынды пайдаланбақшы.

Бұл жерлерде 208 тұрғын үй мен 6 мемлекеттік мекеме газ игілігін көретін болады.

Газ құбыры көршілес Мұғалжар ауданының Еңбек ауылынан тартылады.

Газ тарту құрылысының құны Болгарка ауылына дейін 235 миллион теңгені құраса, Сарықобдаға дейін 195 миллион теңге деп есептеліп отыр.

Құрылыс мердігерлерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары бүгінгі күні 80 пайыз көлемінде орындалып тұр.

Белгіленген жоспар бойынша Болгарка елді мекенінде 5 қарашада, Сарықобда орталығында 1 желтоқсанда аяқталады.

«Даму» кәсіпкерлікті дамытуда

«Даму» қорының қолдауымен облыста кәсіпкерлік нысандары жұмысы жандана түсуде.

Биылдың өзінде  қор арқылы 169 жобаға қолдау көрсетілген.

«Геба» ЖШС-ның мұздатылған жартылай фабрикаттарды өндіру зауыты бүгінде алпыстан астам адамды жұмыспен қамтуда. Ал өндіріс толық қуатына шыққан кезде жұмысшы саны екі есеге дейін көбеймекші. Бұл кәсіпорын өткен жылы «Даму-Өндіріс» бағдарламасы арқылы несие алып, оған 3 мың шаршы метр болатын жартылай фабрикаттар шығаратын зауыт салды. Кәсіпорын тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім шығарады. Бүгінгі күні батыстағы төрт облысты өнімдерімен қамтып отырған кәсіпорын алдағы уақытта тұтынушылар аясын кеңейтпекші.

Батыс-2 шағын ауданындағы «СагаДжим» фитнес орталығының алдағы жоспары ауқымды. Орталық басшысы Сағадат Салманов біраз жылдан бері бодибилдингпен шұғылданады. Осы уақытқа дейін пластик терезелер мен есіктер шығару айналысқан кәсіпкер  енді өз алдына жеке орталық ашпақшы.

Ол «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы бойынша банктен  14 пайыздық мөлшерде несие алған. Оның 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлесе, қалған бөлігін мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде өтейді. Жалпы аумағы 200 шаршы метрден асатын фитнес клубының 2 жаттығу залы және топтық жаттығуларға арналған залдары бар.

«Халық кеңесі» — тарихқа тағзым

Ақтөбе қаласынан Қобда бағытындағы жол бойында ашылған «Халық кеңесі» ескерткіші — тарихқа тағзым көрінісі іспетті.

Сондай-ақ, ұлы Абай ескерткіші қаланың орталық көшесінің айбынын асырып, жұртшылықты рухани биіктікке шақырып тұратын болады.

3442 ноутбук — оқушыларға

Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа Ақтөбеге қашықтан білім алып жатқан оқушыларға берілетін 3442 ноутбук жеткізілді.

Бұл ноутбуктер қашықтан оқытуға қажетті барлық құралдармен жабдықталған.

Техника алдымен жетім, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балалар мен аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ компьютерлік техникаға мұқтаж оқушыларға таратылып беріледі.

Бұл жұмыстардың айқын жүруін «Aqtobe — adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері мен жобалық кеңсенің сарапшылары, облыстық білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, Ақтөбе облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері бар жұмыс тобы қадағалайды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button