Жаңалықтар

Қызметкерлер бейнежетондарды дұрыс пайдалана ма?

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жемқорлықты жою мақсатында қазан айы барысында бірқатар нысандарда мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Ағымдағы жылдың қазан айында, облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлерінің, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының жылжымалы көліктік бақылау бекеттеріндегі қызметкерлердің және ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің қызметтік бейнежетондарды дұрыс пайдалануы бойынша мониторинг жүргізілді.
Мониторинг барысында жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің қызметтік бейнежетондарды пайдалануы жөнінде арнайы Ереже немесе нұсқаулықтарымен танысуға мүмкіндік болмады. Себебі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы» ҚР Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 10 ҚБПҮ бұйрығының «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар болғандықтан арнайы деректер базасында табылмады.
Жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің мәлімдемесі бойынша Ережеге сәйкес «техникалық құралды қызметтік міндеттерін орындау немесе арнайы операция басталған сәттен бастап қосып, жазбаны үздіксіз жүргізу қажет», «қызметкерлерге жазбаларды өз бетінше өшіруге және жоюға жол берілмейді және ол үшін қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылады», «Құрылғының жадындағы жазбалар арнайы орталықтандырылған серверге түсіп, сақталады және кейін сот процестерінде, соттың сұранысы бойынша немесе қылмыстық іс шеңберінде және қызметтік тергеп-тексеру жүргізу кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлеріне ғана ұсынылады».
Алайда бақылау кезінде, қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету бойынша арнайы кезекшілікті атқарушы жол-патрульдік полициясы қызметкерлері аталған тәртіпті толық сақтамайтындықтары анықталды.
Кейбір қызметкерлердің техникалық құралды (бейнежетонды) қолдануды толық меңгермегендігі байқалып жатса (мысалға, бейнежетонды пайдалану процесінде ондағы уақыт пен күннің нақтылығына көз жеткізбейді), ал біреулері қызмет кезінде мүлдем қолданбайды. Сондай-ақ аталған құрылғы сапасының төмендігінен (аккумуляторлық батареяларының әлсіздігі, бейнекамераның сурет сапасының төмендігі, т.б.) көп қызметкерлердің сауатты қолдануына мүмкіндік болмай жатады. Жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің көліктерінде бейнежетонның аккумулятор батареясының қуатын толтыру көзі қарастырылмаған.
Келесі кезекте жұмыс тобы мониторинг жұмыстарын Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының жылжымалы көліктік бақылау бекеттеріндегі қызметтерінде жалғастырды.
«Көліктік бақылау органдары қызметкерлерінің әкімшілік құқықбұзушылықтар және әрекеттер жасау фактілерін тіркеп алу үшін техникалық құралдарды пайдалану қағидаларын бекіту туралы» ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 26 маусымдағы №436 бұйрығына сәйкес, инспекция қызметкерлерінің бейнежетонды тағып жүруі көлік құралдарын, жолаушылар пойыздарын тексере басталған сәттен бастап және аяқталғанға дейін жүзеге асырылады, бейнежетонды пайдалану процесінде ондағы уақыт пен күннің нақтылығына, сонымен қатар аккумулятор батареясы қуатының жеткілікті деңгейде екендігіне көз жеткізеді. Бейнежетонда қойылған күні мен уақыты нақты болмаған кезде аудио және бейнежазбаларды қолдануға жол берілмейді, инспекция қызметкерінің кеудесінде «Назар аударыңыз! Аудио және бейнежазба жүргізілуде» деген жазуы бар тақтайша (бейдж) тағылады, кезекшілік ауысымы кезінде бейнежетондарды қабылдау-тапсыру журналына жазу арқылы жүзеге асырылады және т.б.
Мониторинг кезінде инспекцияның автомобиль көлігінде бақылау бөлімі қызметкерлерінің тарапынан да осы аталған қағидалардың толық орындалмайтындығы байқалды.
Атап айтқанда, қызметтік шара басталған сәттен бастап, аяқталғанға дейін үздіксіз түсіруді жүзеге асырмайды. Тек жүргізушілер тарапынан келіспеушіліктер туындаған жағдайда өз әрекетін дәлелдеу мақсатында ғана (мысалға, көліктердің салмағын өлшеу процестері кезінде) түсіріп алады. Басқа уақытта жүргізушілермен бейнежазбасыз байланысқа түсе береді.
Кейбір қызметкерлер бейнежетонды пайдалану процесінде ондағы уақыт пен күннің нақтылығына, сонымен қатар аккумулятор батареясы қуатының жеткілікті деңгейде екендігіне көз жеткізбейді. Сонымен қатар жоғарыда аталған талапқа сәйкес Инспекция қызметкерлерінің кеудесінде «Назар аударыңыз! Аудио және бейнежазба жүргізілуде» деген бейнежетондарды қабылдау-тапсыру бойынша арнайы журналға жазбалар уақыты жүргізілмейді.
«Мемлекеттік карантиндік фитосанитарлық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде материалдық құралдарды, фото және бейнетіркеуге арналған техникалық құралдарды пайдалану қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 19 ақпандағы №58 бұйрығы негізінде жоғарыда аталғандай талаптар ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы қызметкерлеріне де міндеттеледі.
Бұл жағдайда да аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің тарапынан жоғарыда аталғандай кемшіліктер орын алды.
Мемлекеттік инспектордың кеудесіне «Назар аударыңыз! Фото және бейнежазба жүргізілуде» деген жазуы бар бейдж тағылмайды, бейнетіркегішті және жад картасын беруді және тапсыруды есепке алу журналына жазбалар уақтылы жүргізілмейді. Соның ішінде техникалық құралдардың сапасының төмендігінен және қызметкерлердің әрбіріне жетіспеушіліктен кейбір мемлекеттік инспекторлар жеке ұялы телефондарының фото/видеокамераларын қолдануға мәжбүр.
Осы айтылғандарды қорытындылай келе, жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырағандығы байқалды деп есептейміз. Себебі қызметкерлердің қызметтік бейнежетондарды (бейнетіркегіш) дұрыс, талапқа сай қолдануларын басшылық тарапы қатаң бақылауға алмайды. Бейнежазбаларды өз еріктерімен жүргізіп, жұмыс барысында қажетсіз деп тапқан түсірілімдерді өшіріп тастамайтындықтарына кепілдік жоқ. Цифрлық құрылғыдағы ақпаратқа жауаптылық ескерілмейді. Жоғарғы құзырлы органның және нормативтік-құқықтық актілердің талаптары жүйелі сақталмайды.
«Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониторинг кезінде анықталған кемшіліктер бойынша арнайы ұсыныстар жолдайтын болады.

«Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button