Басты жаңалықтар

Қаламгерлерге әдеби сыйлық тапсырылды

Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толуына орай Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдебиет форумы ұйымдастырылды. Бұл шара биыл да жалғасын тапты.

27 қазанда Nur Otan облыстық филиалы ғимаратында «Әдебиет. Рух. Қоғам»

атты әдебиет кеші өтті. Кешке облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақтөбелік және еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер қатысты.

Оңдасын Оразалин жиында сөйлеген сөзінде:

— Киелі Ақтөбе өңірі — ғажап туындыларымен, өлең-жырларымен қиырға шарлатып, қияға самғататын ақиық ақын-жазушыларға бай өлке. Қазақ ауыз әдебиетінің соңғы жырауы Нұрпейіс Байғанин, одан кейінгі Жиенғали Тілепбергенов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Есенбай Дүйсенбаевтардың әрқайсысы — бір төбе. Бүгінде олардың ізін жалғаушы ақтөбелік ақын-жазушылардың да қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлестері бар. Былтыр «Ақтөбе кітапханасы» жобасы аясында 27 том жарыққа шығып, бұл серия 50 томға жетті. Сонымен бірге «Жауқазын» сериясымен ақтөбелік 10 жас ақын-жазушының кітабын жарыққа шығардық. Біз қаламгерлерді қолдау мақсатындағы істерді жалғастыра береміз,— деді.

Өткен жылғы форумда облыс басшысы өңіріміздің атынан қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан қаламгерлерге: Үмбетбай Уайдин атындағы «Үздік сатирасы үшін», Тахауи Ахтанов атындағы «Үздік драматургиясы үшін», Қуандық Шаңғытбаев атындағы «Үздік аудармасы үшін», Төлеген Айбергенов пен Сағи Жиенбаев атындағы «Үздік поэзиясы үшін», Тобық Жармағамбетов атындағы «Үздік прозасы үшін», Ізтай Мәмбетов атындағы «Балаларға арналған үздік туындысы үшін», яғни барлығы 7 сыйлық тағайындалатынын айтқан еді. Биылғы жиында ол осы сыйлықтарды иегерлеріне тапсырды.

Атап айтқанда, Тахауи Ахтанов атындағы сыйлық — Серік Асылбекұлына,  Қуандық Шаңғытбаев атындағы сыйлық — Байбота Қошым-Ноғайға, Ізтай Мәмбетов атындағы сыйлық — Ертай Ашықбаевқа, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық — Олжас Қасымовқа, Сағи Жиенбаев атындағы сыйлық — Жанат Әскербекқызына, Үмбетбай Уайдин атындағы сыйлық — Қонысбай Әбілге, Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық Мархабат Байғұтқа табысталды. Арнайы сыйлықтың әрқайсысының мөлшері —1 миллион теңге.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өзінің сөзінде:

— Былтыр біз Ақтөбеде республикалық әдебиет форумында бас қосқан едік. Биыл сол бастаманың жалғасын тауып отырғанына қуаныштымыз. Жалпы, Ақтөбеде қазақтың ақын-жазушыларына деген көзқарас бүгінде өзгерді, жаңарды, бұрын қолға алынбаған көптеген істер жасалып жатыр, тіпті Ізтай Мәмбетов сынды қазақтың дарынды ақынының өзі бұрын еленбей қалған болса, былтыр туған жері оның мерейтойын кең түрде атап өтті. Бүгін біз Төлеген Айбергеновке, Қажығали Мұханбетқалиұлына арналған аудиториялардың ашылуының куәсі болдық, — деді.

Жиында жазушы Серік Асылбеков, ақын Байбота Қошым-Ноғай, т.б. ақын-жазушылар сөз сөйлеп, әдебиетіміздің өткені мен бүгіні, кейбір мәселелер төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды, сондай-ақ Ақтөбе облысы басшылығының қазақ қаламгерлерін қолдау бағытында жасап жатқан істеріне өз ризалықтарын жеткізді.

Сондай-ақ, жиында Қазақстан Жазушылар одағының жаңа мүшелеріне куәліктер тапсырылды. Олар — сатирик Нұрлыбек Жұбатқан, ақындар — Талғат Тілеулесов пен Гүлжайнар Қалдина.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button