Жаңалықтар

Бастысы — індеттің өршуіне жол бермеу

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мәселелер қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты.

«Шетелден «Жайсаң» және «Әлімбет» бекеттері арқылы көлікпен өткендер арасында коронавирус індеті тіркелді. 6 қазаннан бері тек «Жайсаң» өткізу бекеті арқылы 9 мыңнан астам адам өтті. Олардың 3700-і жолаушылар, 1190 адам карантиндік стационарларға орналасып, олардың жетеуінде коронавирус анықталды. Шетелден әуе қатынасы арқылы келгендерден ауру анықталмады. Осыған байланысты індеттің Ресейден келу қаупі бар», — деді Нұржауған Қалауов.

Сондай-ақ диспансерлік есепте тұрған әрбір ақтөбелікті бақылауға алу ұсынылды. Бұл жұмыс 152 мобильді бригадаға жүктелмек, қажет болса олардың саны артатын болады.

Өңірде жағдайдың нашарлауы мүмкін деген қауіпке байланысты дайындық жұмыстары жалғасуда.

Аудандар мен Ақтөбе қаласында жаңа рентген аппараттары орнатылып жатыр, өңірдегі медициналық мекемелерге 117 жасанды желдеткіш аппаратты алынды, тағы отызы жеткізіледі деп күтіліп отыр, денсаулық сақтау мекемелеріне алты жылжымалы кешен әкелінеді.

Облыста 32 бақылау тобы бар, олар 1210 заңбұзушылықты анықтады. 807 адам әкімшілік жазаға тартылды, 101,2 миллион теңге айыппұл салынды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мұқтаж жандарды қамтамасыз ету үшін дәрілік қорды қалыптастыру, дәрі-дәрмек бағаларын тұрақтандыру шараларын қабылдауды тапсырды.

«Барлық бағыттар бойынша қоғамдық бақылауды күшейтіп, бүкіл анықталған кемшіліктерді жою қажет. Ең тиімді әдістерді пайдалану керек. Бастысы — індеттің өршуіне жол бермеу. Тұрғындардың 12%-ы тұмауға қарсы егілді, бұл қауіпті біраз сейілтеді», — деп атап өткен облыс басшысы ірі кәсіпорындарда пневмококтік індетке қарсы екпе егу шараларын қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру, халықты жұмыспен қамту жұмыстарын жандандыруды талап етті. Бұдан өзге облыстағы елді мекендерді газдандыру шаралары қабылданбақ.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button