Білім

Қашықтан оқу форматы: кезекші топтар және кезекші сыныптар

«Білім беру ұйымдарындағы қашықтан оқыту туралы». Өңірлік коммуникациялар қызметінде осындай тақырыпта  брифинг өтті. Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Көшкінбай Ахметов, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Жанболат Тұртаев қатысты.

Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтарға қабылдау ата-аналардың қалауы бойынша ұйымдастырылып отыр. Қазір облыс бойынша 426 балабақшада кезекші топтар ашылды. Жалпы 1623 кезекші топ бар. Онда 22 127 балапан (52,4 пайыз) барып жүр, — дейді Ләззат Оразбаева.

Өңірдегі 45 қосымша білім беру ұйымында 12 426 бала (173 үйірме) дәстүрлі, 21 338 (489 үйірме) оқушы қашықтан білім алып жатыр. 2769 балаға (145 үйірме) жеке сабақтар ұйымдастырылуда.

Облыста 6370 білім алуға ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиеленуде. 4 арнайы мектептің 2-еуі қашықтан жұмыс жасайды. Қалған 2 білім шаңырағында кезекші сыныптар ашылған. Сондай-ақ 3 арнайы балабақша (кезекші топтар 10-12 баладан) жұмыс жасайды. Мұнда 1238 бала тәрбиеленуде.

Облыс бойынша жалпы  413 білім ордасы бар. Оның 403-і — мемлекеттік, қалғаны — жекеменшік мектеп.  Бұл білім шаңырақтарында 18 446 педагог еңбек етеді. 222 (53,7 пайыз) мектепте сабақ дәстүрлі форматта өткізіледі. Мұнда білім алушылардың үлесі — 18 594 (11,6 пайыз).  186 мектептегі  141 114 (88,4 пайыз) оқушы қашықтан білім алуда. Бұл білім шаңырақтарындағы 39 880 бала 3122 кезекші сыныпта оқып жүр.

Басқарма басшысының айтуынша, барлық  мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған.

Қашықтан оқытылатын мектеп оқушыларын интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 492,1 милллион теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа «Білім» тарифі жүктелген 14 201 роутерлар (модем) сатып алынған.

Мектеп балансындағы 12 550 компьютер сұранысқа сай оқушыларға таратылып берілген. Ләззат Аманжолқызының айтуынша, ҚР Үкіметі резервінің есебінен 19 146, жергілікті бюджеттен  5459 дана ноутбук алынуда.

Компьютерлік құрылғыларды таратудың ашықтығын «Aqtobe-adaldyq alańy»  жобалық кеңсесінің өкілдері мен жобалық кеңсенің сарапшылары, облыстық білім, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, сондай-ақ Ақтөбе облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері мен қамқоршылық кеңестің мүшелері қамтитын арнайы жұмыс тобы қамтамасыз етеді.

Облыста 43 колледж бар (25  мемлекеттік және 18 жеке). Колледждерде  барлығы  20 175 оқушы білім алуда. Олардың 14 054-і мемлекеттік тапсырыс бойынша  білім алып жатыр.  13 колледж — штаттық  режимде, 28  колледжде қашықтан оқу ұйымдастырылуда.

Шара барысында жылдарға созылған мектеп құрылыстары туралы сауал қойылды. Шилісайдағы және «Нұр-Ақтөбе» 4-шағын ауданындағы мектептің құрылысы туралы Ләззат Аманжолқызы былай деді:

Шилісайда мектеп туралы айтсақ, бұл жобаның әкімшісі — Ақтөбе қаласының әкімдігі. Құрылыс жұмыстарын бастау 2017 жылы жоспарланған болатын.Алайда бұл мақсатта қаражат  2018 жылдың аяғында бөлінді. Ақтөбе қаласының әкімдігінің түсіндіру хатында көрсетілгендей, Шилісайда 800 жер телімі бар. Мұндағы барлық жер телімдеріне үйлер толық салынып болған жоқ. Коммуникация жүргізілген. Қазір Шилісайда мектеп жасындағы 50-ге жуық бала бар. Олар қазір сол маңдағы елді мекендердегі мектептерге қатынап оқып жүр. Көлік тасымалы ұйымдастырылған. Біз 2019 жылы облыс әкімдігіне Шилісайдағы мектептің құрылысын тоқтату жөнінде қызметтік хат жаздық. Дегенмен облыстық әкімдік бұл елді мекенге мектеп салуға сұраныстың көптігін, мұнда аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың көп тұратынын айтып, мектеп-интернат салуды жалғастыру туралы ұсыныс  жасады. Қазір Шилісайда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша мектеп құрылысы 2021 жылы аяқталады.

Қазір «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында 2 мектеп салынып жатыр. Дегенмен 2019 жылы желтоқсан айында берілуі тиіс «Нұр-Ақтөбе» 4-шағын ауданындағы мектептің құрылысы әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Бұл мәселені облыстық білім басқармасы бірнеше рет көтерді. Облыс әкімі аталған мәселені жіті бақылап отыр. Аталған мектептің құрылысы қазір тоқтап тұр. Бағдарламаның әкімшісі — Ақтөбе қаласының әкімдігі мен қалалық құрылыс бөлімі. Құзырлы мекеменің хабарлауынша, қазір сот процесі жүріп жатыр. Ғимарат құрылысы желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл мәселеде облыстық білім басқармасын кінәлайтындар бар. Дегенмен ол — қате пікір. Облыстық білім басқармасы бағдарламаның әкімшісі емес. Алайда мен өзімнен жауапкершілікті мүлде алып тастап жатқан жоқпын. Бұл мәселеде бәріміз де жауаптымыз.     

Брифинг барысында 2-оқу тоқсанында сабақ қалай өткізілетіні туралы сауал қойылды. Жаңа тоқсан қарашаның 15-і күні басталады. Басқарма басшысы келесі оқу тоқсанында сабақтың қалай өткізілетіні сол кездегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін айтты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button