АуылБасты жаңалықтар

Ауыл кәсіпкерлерінің сұранысы: жер мен грант

Ақтөбе өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер  палатасының өкілдері ауыл кәсіпкерлерінің мәселелерін талқылау үшін Алға ауданында болды.   

Мұнда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 2 159. Оның 220-сы —  заңды, 701-і —  шаруа қожалығы, 1238-і — жеке кәсіпкер. Бизнес құрылымдарының 96 пайызы — белсенді. Бүгінде 41 мыңға жуық халқы бар Алға ауданында биыл «Бастау» жобасы бойынша 79 адам оқытылған. Оның 38-і өз ісін ашуға және дамытуға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтеусіз грант алыпты.

Белгілі болғандай, өткен жылдардағы «Бастау» түлектерінің жобаларына тағы 25 грант бөлінген. Бизнестің негізгі бағыты — дәстүрлі ауыл шаруашылығы, тігін және кондитерлік іс, құрылыс материалдарын дайындау, қызмет көрсету.

Татьянаның табысы

Тамды ауылының тұрғыны Татьяна Седлак биыл кәсіпкерлік негіздерін оқып, кеспе тастар мен бордюр өндіру бойынша жеке кәсіпкерлігін ашты. Бұл —  отбасылық бизнес. Жолдасының бұл істе тәжірибесі мол.

Бұрын бізде шағын іске арналған  брусчатка шығаратын арнайы  жабдығымыз болды. «Бастау» жобасының кәсіпкерлер үшін мүмкіндігі зор екенін білдік. Сөйтіп, арнайы курстан оқып, бизнес-жобамызды қорғағаннан кейін, ісімізді  дамытуға 555 600 теңге көлемінде грант ұтып алдық. Бұл қаражатқа брусчатка шығаратын қалыптардың жаңа түрлерін сатып алдық. Шикізатты Ақтөбе қаласынан аламыз. Біздің бұл ісімізде ауданда бәсекелестер жоқ деп айтуға болады. Тапсырысты барлық  ауданнан қабылдаймыз. Алайда әзірге өндіріс қуаттылығы мемлекеттік сатып алуға қатысуға мүмкіндік бермейді. Өйткені қолдағы қондырғымен  айына орташа есеппен 800-900 шаршы метр өнім шығарамыз. Қазір біз жеке тұлғалардың ғана сұранысын қанағаттандырып отырмыз, — деді Татьяна Седлак.

Ол сөзінің арасында іске жұмысшыларды тартуда проблемалардың туындайтынын да жасырмады. Мұнда ай сайын жұмысшыларға төленетін еңбекақы мөлшері — 90 мың теңге. Алайда биылдың өзінде жаз мезгілінде шамамен отызға тарта жұмысшы өзгерген. «Біз үшін іске еңбек мигранттарын тарту әлдеқайда оңай әрі тиімді. Өйткені жергілікті тұрғындар мұндай жұмысты  жасағысы келмейді, бәріне оңай ақша керек», — дейді жеке кәсіпкер.

Әзірге шағын цех кәсіпкердің жеке үйінің  ауласынан ашылған. Т.Седлак болашақта өндірісті кеңейтуді жоспарлайды. Ол келер жылы 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грант конкурсына қатысуға ниетті. Мақсаты — бизнес үшін жеке ғимарат салып, жаңа жабдықтар сатып алу.

«Сығылайдың» мәселесі

Алға ауданының тұрғыны Әлібек Айтбаевтың Бесқопа кентінде бизнеспен айналысқанына төрт жылдан асты. Сол аралықта ол «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, нәтижесінде ірі қара малын және қажетті жабдықтарды сатып алуға қол жеткізген. Бүгінгі таңда Әлібектің шаруашылық базасында 200 ірі қара бар. Оның 90-ы — сауын сиыр. Қазір ол сүтті Ақтөбедегі «Айс» серіктестігіне және жеке адамдарға өткізіп отыр. Дегенмен кәсіпкер жігіт өз бизнесінің болашағы үшін алаңдаулы.

Қазір шаруашылық базасына жақын маңнан тұрғын үй құрылысы салына бастады. Алайда инфрақұрылым тарту, санитарлық-қорғау аймағы ескерілмеген. Біздің шаруашылық жіктелуі бойынша үшінші класқа жатады. Осыған сәйкес мұндай шаруашылықтар тұрғын үйлерден кемі 300 метр қашықтықта орналасуы керек. Бұл жағдай ескерілмеген. Қазіргі уақытта база мен тұрғын үйдің арасы жүз метрден жақын. 2016 жылы біз бұл жерді құқық белгілейтін құжаттары негізінде алған болатынбыз, сондай-ақ әділет органдарында тіркеуде бар. Шаруашылық пайдалануға берілгеннен кейін біздің жер теліміміз жекеменшікке берілді. Иелігімде егістік жер де бар. Алайда  қазір тұрғын үй массивін салғаннан кейін, тұрғындар шаруашылықтың осындай жақындығына наразы болады деген қауіп те жоқ емес, — деп Әлібек құзырлы орган басшыларынан бұл мәселені оңтайлы шешуге ықпал етулерін сұрады.

Жергілікті тұрғындар, оның ішінде кәсіпкерлердің басын қосқан кездесу барысында Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов: «Бұл жерде кәсіпкердің кінәсі жоқ. Бастапқыда мемлекеттік орган тарапынан жер учаскесін бөлу кезінде осындай қателік кеткен. Бас жоспарға сәйкес, бұл учаске бастапқыда осы нысанның құрылысына ұсынылмауы керек еді. Бүгінде тұрғын үй массивін салу агломерацияны дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Барлық жобалық-сметалық және өзге де құжаттар әзірленіп, бекітілді. Бұл бағдарламаға ауданның 6 елді мекені еніп отыр. Бестамақта мал шаруашылығын дамыту үшін перспективалар жоқ, өйткені округте жер телімінің жалпы ауданы — небары 37 700 гектар. Ал Бестамақ кентіндегі халықтың саны — 4 029 адам.  Сондықтан мұндағы халық жеке ауласында ғана мал ұстай алады. Бірақ «Сығылай» шаруа қожалығының өз қызметін жүргізіп отырғанын ескеріп, біз бұл мәселені зерттейміз, құқықтық негізде  шешілуіне барынша күш салуға тырысамыз. Егер шаруашылық өз қызметін кеңейтуге ниет білдірсе, жер телімін басқа жерден беру мәселесін қарастыруға дайынбыз», — деді.

Кездесуде облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Есімхан Құрманғазин «Сығылай» шаруа қожалығының мәселесін кеңес мүшелерінің талқылауына шығаруға дайын екенін айтты.

Алғада 16 жер телімі сатылады

Кездесу барысында алғалық кәсіпкерлер жосықсыз жер иеленушілердің мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, жұмыс жасап тұрған бизнес мұндай  жерді игеруге дайын және қосымша учаскелерді қажет етеді. Аудан әкімінің мәліметінше, қазір 30 мың гектар жер тәркіленіп жатыр. Өткен жылы 14 жер телімі конкурс арқылы сатылса, биыл 14-16 жер телімі конкурстық жолмен сатылатын болады.

Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу механизмін тиімді қолдануды және прокуратура тарапынан осы жұмыстың мониторингін күшейтуді ұсынды.

Мұны мораторийге сілтеудің және оны үш жыл күтудің қажеті жоқ. Егер кәсіпкер бастапқыда бұл жерлерді алып, игермесе, онда жауап беру шараларын қабылдау қажет. Одан да мұндай жерлерді игеруге құлшыныс танытып, ісін дамытқысы келетіндерге беру керек. Мәслихатқа хат жолданды, енді прокуратура, жер инспекциясы өкілдерімен бірге депутаттар бұл мәселені қарайды, — деді Асхат Айтжанов.

Палатаның Алға аудандық филиалының директоры Айболат Манепов «Бастау» түлектеріне жер телімдерін беру мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде гранттық қаражат немесе жеңілдетілген несие алған «Бастау» жобасының 92 түлегі мал басын көбейту бағытында жұмыс жасап жатыр. «Олар үшін бизнесті кеңейту, дәлірек айтқанда, жер телімін алу мәселесі өткір тұр. Сондықтан ісін  жаңадан бастаған әрбір кәсіпкерге жалпы көлемі 200 гектар  жер телімін аукционсыз беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», — деді ол.

Аудан әкімі бұл ұсыныстың өте қызықты екенін айтып, қазір әкімдік пен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бірлескен жобада стартаптарға жер берудің бейімделген нұсқасын қарастырып жатқанын тілге тиек етті.

Қайта өңдеуге грант қажет

Кездесуде Алғаға белгілі  құс өсіруші Евгения Макаревич қайта өңдеушілерді қолдау мәселесін көтерді. Ол  тауықтар мен күркетауықтарды өсіру өнімді салқындатылған түрде сатумен айналысады. — Өнімді қайта өңдеу, өндіру ісіне басымдық берген дұрыс. Себебі құсты бүтіндей сатқанға қарағанда, туралған, тартылған етті өткізген әлдеқайда тиімді. Биыл маған мемлекеттік грант бұйырмады. Өйткені гранттар, негізінен, инновациялық жобаларға, жаңадан бизнес  бастаушыларға бөлінеді екен. Сонда бізді кім қолдайды? Біз де өз бизнесімізді  дамытқымыз келеді, өнімді қайта өңдеуден өткізгенді қалаймыз. Бұл бағытта мемлекеттен қолдау болмаса, біздің бизнесіміз дамымайды, осы күйінде қалады.

Бұл жағдайда «Атамекен» палатасы  жұмыс жасап тұрған бизнесті қайта өңдеу бағытында  дамыту үшін грант бөлу туралы ұсынысты қолдай  ала ма? Мәселен, мен қымбат араларды, болмаса вакууматорларды және басқа да  жабдықтарды өз бетімше сатып ала алмаймын. Себебі менің қаржылық қолдау қоры алдында әлі де міндеттемелерім бар», — деді кәсіпкер Евгения Макаревич.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, кәсіпкерлердің гранттық байқауларға қатысу тетігін және «қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының шарттарын түсіндіруге тоқталды.

P.S. Алға ауданының кәсіпкерлері бұл кездесуге zoom бейнеконференция байланысы арқылы қосылу мүмкіндігіне ие болды. Енді осындай кездесулер облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button