Денсаулық

Мейірбике Күлпан

Төтенше жағдай уақытында Алға ауданындағы бірқатар сала өкілдері жеделдетілген жұмыс ырғағына көшіп, белсенді еңбек атқарды. Олардың қатарында медицина мамандары алғы шепте жүрді. Карантин кезінде сабырлық пен шыдамдылықтың үлгісін танытып, қызмет орнында қалған дәрігерлер мен мейірбикелердің еңбектері ұшан-теңіз.

Алғалықтар  осындай антына адал мамандардың көзсіз ерлігінің арқасында аяқтарынан тік тұрды. Сондықтан болар ақ халаттыларға деген құрметтері әр кез биік тұрады.

Біз әңгіме еткелі отырған сондай жаны ізгі жандардың бірі – Күлпан Жұбатырова. 1962 жылдың көктемінде дүние есігін ашқан ол мектеп бітірісімен Ақтөбедегі медициналық училищеге оқуға түседі. Себебі осы саланы бала кезден армандап өскен. 1982 жылы диплом алысымен Алғадағы аудандық аурухананың хиругия бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Табанды қызметінің арқасында басшылық тарапынан жақсы пікірге ие болып, өзге де бөлімдердің жұмысын абыроймен атқарады. Ауданның денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін бірнеше рет марапатталған.

Бүгінде терапия бөлімінің аға мейірбикесі болып, кейінгіге өз білгенін үйретер жауапты маманға айналды. Төтенше жағдай кезінде жұмысы тіпті еселеніп кеткен.

Қиын күндерді өткіздік. Мен күні бойы провизорлық орталықта болдым. Ал әріптестерім кезекшілікпен жұмыс жасап, науқастардың  қасынан табылып отырды. Тіпті, үйге қайтпаған күндеріміз болды. Тосын індет күшіне мініп, адамдар өмірден өтіп жатқан кезде өзіміз де қиналдық, —  деп еске алады ол.

Көп жылдар бойы өңір тұрғындарының денсаулығы үшін қызмет жасап келе жатқан мейірбикеге сәттілік тіледік. Күлпандай өз кәсібіне берілген жандар барда алғалықтарға алаңдауға негіз жоқ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button