Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус: қателік қайталанбай ма?

Қазір облыстың барлық медициналық  мекемелері індеттің екінші толқынына дайындықтарын пысықтап жатыр. Себебі бірінші толқын кезінде түрлі қателіктерге жол берілді, қиындықтар болды. Оның ішінде аудандар да  бар.

Облыстың алыс аудандарының бірі — Әйтеке би мен Шалқар. Қос ауданның бүгінгі дайындығы қандай? Осы жайларды бас дәрігерлерден сұрап білдік.

Әйтеке би:

ІНДЕТТІҢ АЛДЫН АЛУ — МІНДЕТ

Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалаларына қатынайтын көліктер Әйтеке би ауданының үстімен өтеді.  Індеттің бірінші толқыны басталғанда Т.Жүргенов ауылының тұсына блок-бекет қойылып, келген-кеткен жолаушылардың барлығы тексеруден өтті. Ауылдан зертхана ашылды. Жолаушылардан ПТР-тест алынды. Коронавирусқа шалдыққандар карантиндік стационарға жатқызылды. Індет бәсеңдеп, аурушаңдық азайған кезде бекет жұмысын тоқтатты. Бірақ аурудың екінші толқыны бола қалған жағдайда бригадалар бірден іске кірісуге дайын. Аудандық аурухананың бас дәрігері Әсет Шарапатовтың айтуынша, аудан екінші толқынға сақадай сай отыр.

— Індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні ауруханада төрт жасанды тыныс алдыру аппараты, 8 оттегі концентраторы және екі-үш айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Коронавирусқа қарсы дәрілердің қорын қозғамай отырмыз. Қорғаныс киімдері жарты жылға жетеді. Аурухананың жанынан оттегі бекетін аштық. Ішінде сегіз баллон бар. Осы жерден әр кереуеттің жанына оттегі жеткізіліп тұр, яғни орталықтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейді. Мекеме оттегімен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Бұл тұрғыда ешқандай мәселе болмайды деген ойдамыз. Ауданның округтеріндегі жағдай да бақылауда. Қазір аудан бойынша 16 көлік бар. Екі реанимобиль көлігі жүріп тұр. Бұл көліктің бір ерекшелігі, ішінде тыныс алдыру аппараты, оттегі баллоны бар. Егер жағдайы ауыр болса, науқасты осы көлікпен облыс орталығына жібереміз. Көлік ішіндегі оттегі төрт сағатқа жетеді. Ал Ақтөбе мен аудан орталығының арасы — үш сағаттық жол. Жалпы көлік бойынша ешқандай проблема жоқ. Барлығы жарақты. Ескі көліктерді жөндеуден өткізіп қойдық. Аурухана қаражатына тағы бір «УАЗ» маркалы көлікке тапсырыс бердік. Жақында ауданға жеткізіледі, — деді бас дәрігер.

Сондай-ақ емдеу мекемесіне қажетті рентген және  УДЗ аппараты әкелініпті.  Дәрігерлер де екінші толқынға дайын отыр. Мамандар жеткілікті.

Індет басталып, халық жаппай ауырған кезде Әйтеке би ауданында 20 адам коронавирусқа шалдығып, 4 адам көз жұмған. Жүзге жуық адам вирусты пневмониямен ауырған. Әсет Шарапатов екінші толқын бола қалған жағдайда аурухана ішінде 60 кереуеттің дайын тұрғанын айтты. Бірінші толқын кезіндегі қателіктердің барлығы ескеріліп, оның алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Дәрігерлер де тәжірибе жинақтаған. Алғашқы уақыттағыдай қиындықтар болмайды деген сенімде. Сондай-ақ аурухана мамандары тұрғындарға тұрақты түрде әлеуметтік желі арқылы коронавирустың алдын алу  жолдарын айтып, халықты сақтанып жүруге шақыруда.

Шалқар:

 МАҚСАТ — АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ

Шалқар ауданында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Инфекциялық стационарда індет жұқтырып  емделіп жатқан науқастар жоқ. Аудандық аурухананың бас дәрігері Жангелді Былқайырдың айтуынша, екінші толқынға дайындық жұмыстары толық аяқталған.

— Аудандық аурухана балансына кіретін бұрынғы туберкулез ауруханасының ғимараты санитарлық норма мен талапқа сәйкес жабдықталды, яғни кіріп-шығатын есігі бөлек, жылуы автономдық жүйеге қосылған, орталықтандырылған су және канализация жүйесімен жабдықталған. Коронавирус инфекциясы өршіген жағдайда   95 кереуетті, оның ішінде 5 реанимациялық кереуетті  қосымша  ашуға болады. Инфекциялық стационарда қарқынды емдеуге қажет медициналық құрал-жабдықтардың барлығы дайын тұр. Жасанды тыныс алдыру аппараты, пульсоксиметр, концентратор  аппараты бар. Министрліктің COVID-19 пандемиясы кезінде жүкті, босанатын және босанған  әйелдерге медициналық көмек  көрсету  тәртібін ұйымдастыру туралы бұйрығы шықты. Осыған орай жүкті аналар мен балаларға арналған орындар арнайы жабдықталды, яғни кіріп-шығу есіктері, қабылдау бөлімі, операциялық блок және  босандыру бөлмесі бөлек жасалды. Барлық  бөлімшелер  дәрі-дәрмектермен, вирусқа қарсы препараттар, пусьсоксиметр, тепловизор, оттегі  концентраторы, қорғаныш костюмдері және  басқа да  медициналық  бұйымдармен қамтамасыз етілді. Инфекциялық стационар жанындағы мәйітхана, қалдық жинайтын, кір жуатын, ыдыс-аяқ жуатын бөлмелер санитарлық норма мен талапқа сәйкес жабдықталды. Жүкті әйелдер мен балаларда коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда оларды арнайы «Hуиndaі» маркалы автокөлікпен стационарға алып барады. Стационарда  24-0-85 телефоны, ал фильтрде 77-6-14 телефон нөмірі жұмыс жасайды, — деді бас дәрігер.

Сондай-ақ аудан орталығында бес мобильді топ құрылған. Ауруханада   антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар, антисептиктер, дезинфекциялық  ертінділер, қорғаныш киімдер жеткілікті. Қазіргі таңда 40 пульсоксиметр, 40  тепловизор алынып, қала мен ауылдағы дәрігерлік амбулаторияларға таратылып берілген. Сонымен қатар 20 оттегі концентраторы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы демеушілердің көмегімен алынып, елді мекендерге жеткізілген. Жалпы аурухана бойынша 52 оттегі концентраторы бар.

Медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкес республикалық және облыстық трансферттер шеңберінде медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Бұл қаржыға 2 медициналық автокөлік, біреуі — реанимобиль және құны 41, 5 миллион теңге тұратын диагностикалық  «Ардиагност-6» рентген кешені, эксперт класындағы медициналық ультрадыбыстық-диагностикалық кешен, 2 дана перфузор, кардиомонитор, 7 дана функционалды кереуеттер және тағы басқа құралдар сатып алынған. Өкпені жасанды желдетуге арналған 4 аппарат дайын тұр. Құны 152.7 миллион теңге тұратын «КамАЗ» автокөлігі базасында жылжымалы мобильді комплекс сатып алу жоспарланып отыр.

— Емханаға келушілер мен стационарлық ем алушы науқастарға инфекциялық аурулардың, оның ішінде коронавирус инфекциясының белгілері, таралу жолдары және профилактикасы мен одан сақтану жолдары түсіндіріліп жатыр.  Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілерге, яғни Instagram, Facebook, shalkar-rb сайтына  үздіксіз жариялануда. Қабылдауға келген ата-аналарға нұсқаулықтар  таратылып беріледі, — деді Жангелді Былқайыр.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button