Жастар

Ізгілік елшілері күн санап көбейіп келеді

Волонтер-2020

Қоғамдық шаралардың басы-қасында жүретін волонтер топтардың ұстанған бағыттары әртүрлі. Алайда оларды біріктіретін ортақ  мақсат — ізгілікті іс жасау. Волонтер жылы аясында еліміздегі волонтерлер лигасының облыстық филиалына жетекшілік етіп отырған Әсет Сағымбаевпен сөйлескен едік.

Ақтөбе облысының волонтерлер лигасы өз жұмысын биыл 27 маусымнан бастапты. Қазіргі таңда еліміздің барлық облыстарында дәл осындай облыстық волонтерлер лигасы жұмыс істеп жатыр.

— Біздің негізгі бағыттарымыздың бірі — жоғалған адамдарды іздеуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарын жою және апаттардың қауіп-қатерін азайтуға бағытталған «Birgemiz:Umit» жалпыұлттық жобасына атсалысу. Сондай-ақ біздің волонтерлер лигасы «Birgemiz» жобасының барлық бағытында жұмыс жүргізеді. Көмекке мұқтаж жандарға 8 бағыт бойынша қол ұшын беруге арналған «Ашық жүрек» жобасы жастар арасында волонтерлік брендті қалыптастырады. Тағы бір бағытымыз — лигадағы әр волонтердің қоғамда тұлға болып қалыптасуына үлес қосу, жастардың бастамаларын қолдау және қоғамға пайдамызды тигізу. Қатарымызға қосылуға ниетті жандарды қабылдауға дайынбыз,  — дейді волонтерлер лигасының облыстық филиалының төрағасы Әсет Сағымбаев.

Шартарапты шарлаған індетке байланысты биыл волонтерлердің атқарып жатқан еңбектері де зор. Бұл — әлемді мейірімділік құтқаратынының көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында волонтерлердің жұмысы атаулы жылмен шектелмейтінін, болашақта да өз жалғасын табатынын айтып, сенім білдірген болатын. Осындай үлкен сенімді арқалаған ізгілік елшілерінің қатары күн санап көбейіп келеді. Қазірдің өзінде облыстық лиганың құрамында 300-ден астам волонтер бар.

— Команда мүшелерін белсенді, не белсенді емес деп бөлу қиынға соғады, себебі әр волонтер өз ісін бар ынтасымен, үлкен жауапкершілікпен атқарады. Облыстық лигадағы волонтерлердің жасы кішісі  он үште болса, үлкені қырыққа жақындаған. Он сегізге толмаған балалармен ата-анасының рұқсатымен әрі уақыт ережелерін сақтай отырып жұмыс жасаймыз. Біз үшін волонтерлердің қауіпсіздігі бәрінен де маңызды,  — дейді Әсет Сағымбаев.

Жетекшінің айтуынша, құрылғандарына аз уақыт болса да, лига мүшелері көптеген шараларға белсене қатысады. Әрине, шараның дені онлайн форматта өтіп жатыр. — Волонтерлерді алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету мақсатында онлайн тренингтер жиі өткізіледі. Жақында санитарлық талаптарды сақтай отырып, әуесқойлар арасында волейболдан, үлкен теннистен жарыстар өткіздік. Қатысушы командалар төлеген жарналарды әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік, киім-кешек алуға жұмсадық. Сонымен қатар, қалалық маслихат депутаты, кәсіпкер Айнұр Бақтығалиевамен кездесу-тренинг ұйымдастырылды. Кәсіпкер жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, олардың тұлғалық дамуына үлес қосу турасында әңгімелер айтты. Сондай-ақ лига мүшелері халықтың осал тобына көмектесу жұмыстарымен күн сайын айналысады, — дейді төраға.

Жастар волонтер қатарына «ең әуелі қоғамға пайдамды тигіземін, қайырымдылықпен айналысамын және белсенді өмір сүремін» деп қосылады. Лига құрамына көздерінде оты бар, жалындап тұрған жастар жиналған. Шетінен өнерлі. Олардың дені студент болса, кейбірі — еңбекке араласқан жастар. Арасында бұл салада 6-9 жылдан бері волонтер болып жүргені де бар. Төраға лигаға қосылуға ниетті әр адаммен жеке сөйлесетінін, оның мақсаты мен пікірін білу маңызды екенін айтады.

— Қазіргі басты мақсат — елдегі індетке қарсы күреске өз үлесімізді қосу, халық арасында сақтық шаралары бағытындағы үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен насихаттау. Атаулы жыл осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарымыздың нығаюына және қоғамдағы волонтерлердің беделінің өсуіне көмектесті. Сондай-ақ жастардың жаңа идеяларына, бастамаларына қолдау білдіріліп жатыр. Жасалып жатқан ізгілік шаралары, алға қойған мақсаттарымыз бен идеяларымыз волонтерлер жылымен шектеліп қалмайды. Қайырымды іс жасауды тоқтатпаймыз, — деп түйіндеді әңгімесін Әсет Сағымбаев.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button