Тарих

«Алаш идеясына қызмет етті»

Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына — 125 жыл

Ақтөбеден Кеңқияққа қатынайтын үлкен жолдың Темір қаласына жеткен тұсында көне қорым бар. Көнекөз қариялардан жеткен сөз бойынша, бұл —берісі сонау Ноғайлы дәуірінен келе жатқан қорым. Ал одан арғысын кім білген —осы өлкеден сармат заманындағы билеуші әулет өкілінің бейіті табылды емес пе? Нақ осы қорымның да сол замандардан келе жатуы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмас…

Қорымның үлкен жолға жақын шеткі тұсында қазақ журналистикасының бастауында тұрған тұлғалардың бірі, жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің зираты бар. Зират силикат кірпіштен, төрт бұрышты етіп тұрғызылған. Жиенғали Тілепбергеновтің 1933 жылы өмірден өткені белгілі. Жұрттың аштан қырылып жатқан кезі. Жазушының өзі де өмірінің соңғы күндерінде ауру азабы мен аштық азабын қатар тартып, қатты қиналған. Қиын-қыстау шақта дүниеден өткен қаламгерді қара жер қойнына бергеннен кейін, жанашырларының оның басын қарайтып, белгі қоятын шамасы болмаған. Тек Жиенғали ғана емес, сол жылдары қолдан ұйымдастырылған аштық құрбаны болған талай қазақ осы қорымда басында еш белгісі жоқ, топырақ жастанып қала берген.

Жиенғалидың зираты араға 62 жыл уақыт салып, 1995 жылы ғана тұрғызылған. Басына қойылған белгітастағы жазулар әзер көрініп тұр. Белгі қоюшылар Мұғалжар және Темір аудандарының жұртшылығы деп көрсетіліпті. Расында,Жиенғали — Мұғалжар ауданы аумағында дүниеге келіп, Темірде ұзақ жылдар еңбек еткен, сүйегі осы топырақта қалған, екі ауданға ортақ перзент.

1995 жылдың қараша айында, Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына 100 жыл толған тұста (туған күні — 2 қараша), Ақтөбе жұртшылығы бұл мерейтойды үлкен шаралармен атап өткен. Мерейтойды ұйымдастырып-өткеруге сол кездегі облыс басшылығы, жоғарыда аталған аудандар, ХХ ғасыр басында «қазақты басқалармен теңдес ел қылсақ» деген асыл арман жолында талай істі бірге атқарған, өзінің жақын досы Құдайберген Жұбановтың есімін иеленген университеттің, сондай-ақ бір кездері өзі басшылық жасаған облыстық газеттің ұжымы және басқалар қызмет қылған. Ал соның бәріне қозғау салған, бастамашы болған — белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев еді.

— Мен ол кезде Темір ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еттім. Жиенғалидың қабірін біз ақсақалдарды жинап, солардың көрсетуімен анықтадық. Олардың арасында Ұлы Отан соғысына қатысып, осы өңірде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған Сейтен Тілесовтің болғаны есімде. Сейтен ағамыз — Жиенғалидың көзін көрген, Хамит Құтқожинмен таныс болған, кезінде өзі де қуғын-сүргінге ұшыраған адам. Жиенғалидың басына құлпытас қойғанда, Тұрсынбек Кәкішев зайыбымен бірге,сонау Алматыдан Темірге арнайылап келді, — деді бізге Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұқан Өтепов.

Сейтен Тілесов 1917 жылы дүниеге келген екен, Ұлы Отан соғысынан кейін білім беру саласында қызмет еткен. Ал Хамит Құтқожин де сол саланың адамы екені белгілі, 40-жылдары ол Темір аудандық білім бөлімін басқарған, кейіннен Қазақ КСР халық ағарту министрлігінде қызмет атқарған. Хамит Құтқожин — белгілі ғалым, академик Рәбиға Сыздықованың ағасы. Бұл әулет бірнеше жыл осы Темір қаласында тұрған.Белгілі ғалым, академик Сақтаған Бәйішев те осы Темір қаласында мектеп бітірген.

Бұл кісілерді біз Темірдегі 20-30-жылдардағы зиялы ортаның жалғасы, Құдайберген Жұбанов, Жиенғали Тілепбергеновтердің ізбасары ретінде қарасақ та болады.

— Жиенғали Тілепбергеновтің 100 жылдық мерейтойына арналған шараларға тікелей бастамашы болған адам — профессор Тұрсынбек Кәкішев. Өткен ғасырдың 50-жылдарының басында ол Жиенғали шығармашылығын зерттеуді қолға алған. Бұл — Тұрсынбек Кәкішевтің ғылымға енді келген кезі, Жиенғали шығармашылығын зерттеу жөніндегі ұсынысты оған Сақтаған Бәйішев айтса керек. Жиенғалидың есімі мен еңбектерін әдебиеттің, баспасөздің тарихына қосу ғалымға тіпті де оңай болмаған. Оның жазушы шығармаларын тірнектеп жиып жүріп, 1957 жылы баспаға ұсынған кітабы араға аттай 12 жыл салып, 1969 жылы ғана «Ізбасар» деген атпен жарыққа шыққан. Кейіннен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер ақталған тұста, Тұрсынбек Кәкішев солардың еңбектерін зерттеу, насихаттау ісіне көбірек ден қойған. Алайда қайткенде Жиенғалиды таныту арманы да әрдайым оның көкейінде болғанын сол 1995 жылғы кездесуден түсіндік, — дейді филология ғылымдарының кандидаты, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті Ғайша Ниязова.

1995 жылы «Ақтөбе» газетінде жарияланѓан «Көрнекті қаламгер» атты мақаласында Тұрсынбек Кәкішевтің өзі Жиенғалиды «насихаты жетіспей жүрген дарынның бірі» деп атаған. Сонымен бірге ғалым осы мақаласында былай дейді: «1955 жылы Ж.Тілепбергенов жөнінде «әдебиет және искусство» журналына көлемді материал жариялағанымда, «Қайдағы біреуді қайдан тауып жүрсің? Алаш шығар өзі?», — деген мәңгүрт тарихшылардан академик Сақтаған Бәйішев қорғап қалмағанда, бүгін қай сайда жүрерімізді бір құдайдың өзі шамалар еді».

Жиенғали Тілепбергенов — қазақтың кәсіби әдебиетіне, кәсіби журналистикасына, яғни кәсіби сөз өнеріне Ақтөбе өңірінен қосылған (қосылатын) барша қаламгерлер көшінің ең басында тұрған тұлға. «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жарық көрген 50 томдықтың алғашқы екі томы ежелгі жыраулық өнер, халықтық поэзия өкілдерінің шығармашылығына арналса, олардан кейінгі кәсіби жазушылар қатары осыЖиенғали Тілепбергеновпен басталады. Ал оның тағдыры соншалықты қиын, ажалы аянышты болғаны секілді, артында қалған мұрасының жарыққа шығуының, насихатталуының да оңайға соқпағанын Тұрсынбек Кәкішев жоғарыдағы сөзімен жеткізіп кетті.

Жиенғали Тілепбергенов 1915-1918 жылдарда Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Осы оқу орнының қабырғасында жүрген кезінен қазақ басылымдарына хабарлар, мақалалар жазып тұрған, сонымен бірге Бейімбет Майлинмен бірге «Садақ» қолжазба журналын шығарған. Ұлттық баспасөз тарихын зерттеген ғалымдар мен қаламгерлердің қай-қайсысы да бұл журналдың қазақ баспасөзінің туу, қалыптасу дәуіріндегі елеулі рөлін ерекше атап өтеді. «Садақтың» бастапқы шығарушысы — Бейімбет Майлин болса, кейінгі сандарын Жиенғали Тілепбергенов шығарған.

Міне, осы тұстан, яғни Уфада оқыған жылдарынан бастасақ, Жиенғалидың ел-жұртына қызмет еткен уақыты 18 жылдың айналасы ғана екен. Осы аз уақыттың ішінде ол, әдеби мұрасын, баспасөздегі қызметін айтпағанның өзінде, азамат ретінде жаңа қоғам құру, халықты жаңа өмірге жетелеу жолында да қыруар еңбек сіңірді. 1918 жылы Уфадан оралып, елде мұғалімдік қызмет атқарып жүрген кезінде, су тасып жатқан көктемгі мезгілде, балаларды судан әрлі-берлі өткізіп жүріп, суық тигізіп алған. Сол суық өкпесіне айықпас дерт болып жабысқан. Оның үш бірдей облыстық газетте (Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық газеттері) басшылық қызметтер атқарып, Қызылордада Қазақ ағарту институтының директоры болып, кейіннен республика астанасы болған Алматыға барған жерінен, көп ұзамай елге оралуына осы денсаулығының нашарлығы себеп болған. Алматыға ол 1931 жылдың сәуірінде барған. Осында Қазақ мемлекеттік баспасында бірнеше ай редактор болып істейді. Бірақ денсаулығы сыр беріп, 1931 жылдың соңында елге оралып, Темір қаласында шығып тұрған аудандық «Социалды майдан» газетінің редакторы болып еңбек еткен. Өмірінің соңғы күндерінде ол ауру азабымен бірге аштық азабын тартты дейтін себебіміз, сол күндері өзінің Ілияс Жансүгіровке жазған хатында: «Бәрінен де маған қиын соғып тұрған жері — аурудан өлмей, аштан өлу», — деп, уайымын жеткізеді.

Жиенғали Тілепбергенов бүкіл қазақ даласы аштықтан күңіреніп жатқан 1933 жылдың сәуірінде дүниеден өткен. Тұрсынбек Кәкішев жоғарыда аталған мақаласында: «Республиканың аға газеті «Социалды Қазақстанның» редакциясы Алматыдағы ақын-жазушылар мен журналистерді жинап, Жиенғалиды еске түсіру кешін өткізіп, жаңа дәстүр бастаған еді», — дейді.

—  Жиенғали Тілепбергеновті «Өзі Алаш емес пе?» деген «күдік» бекер айтылмаған. Расында, ол — Алаш идеясына жанына сала қызмет еткен адам. Алаш идеясы — біртұтас қазақ идеясы, қазақтың елдігін, мемлекеттігін сақтап қалу идеясы. Сол кездегі қазақ зиялыларының басым бөлігі, қай партияда болғанына қарамастан, осы идеяға қызмет етті. Егер, Жиенғали қазақ зиялыларының ең беткеұстарларын, қаймағын құртып тынған 1937 жылдың өзіне аман жеткен болса, артына қалдырған мұрасы бүгінгіден әлдеқайда бай болар еді деп ойлаймын, — дейді Ғайша Ниязова.

Өкінішке қарай, оның жазылмай, бере алмай кеткен дүниелерін былай қойғанда, қағазға түсіп, өзі көз жұмған шақта жары Әлфияға аманат еткен шығармалары да бүгінгі ұрпаққа жетпеді. Әлфия сол туындыларды жарыққа шығару үшін, өзінің жаңа туған титтей нәрестесі Нұрашты туыстарына табыстап, үлкен ұлы Нариманды жетектеп, Жиенғалидың қолжазбаларын алып, Алматыға аттанған. Оны тілеулес достары қарсы алып, бір кезде Жиенғали редактор болып істегенҚазақ мемлекеттік баспасына жұмысқа орналастырады. Алайда сол кезде бір зұлымның тәлкегіне ұрынып, қолжазбалардан айырылып қалған. Осыдан кейін ол да ауырып, 1936 жылы дүниеден өтіпті.

Жиенғалидың артында екі ұлы қалған. Үлкен ұлы Нариман Тілепбергенов 1925 жылы, ал Нұраш Жиенғалиев 1933 жылы туған. Нұраш 6-сыныпқа дейін нағашыларының қолында болып, содан кейін ағасы Алматыға алып кетеді. Екеуі де жоғары оқу орнын бітірген. Нариман — теміржол саласында, Нұраш мәдениет саласында қызмет еткен. Бүгінде оларда өмірден өткен, балалары Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларында тұрады.

Жиенғали Тілепбергенов — ХХ ғасыр басындағы қазақ үшін аса ауыр әрі өте мазасыз уақытта және небәрі 38 жыл ғана өмір сүрсе де, халқына ұшан-теңіз еңбек сіңірген мағыналы ғұмыр иесі. Ал оны құрметтеу, есте қалдыру жағыәлі де кемшіндеу. Тым болмаса оның ізі сайрап жатқан Темір қаласындағы бұрынғы редакцияның, Сакко-Ванцетти, қазіргі Әлия Молдағұлова көшесіндегі тұрған үйінің орындарын анықтап, ескерткіш-тақта орнату ісін де осы кезге дейін қолға алмағанымыз өкінішті-ақ…

Индира ӨТЕМІС,

Ақтөбе-Темір-Ақтөбе.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button