Экономика

Ырғыз: қазандағы қарымды істер

Аудан

Жыл басынан бері Ырғыз ауданында қыруар шаруа атқарылды. Ауданның іргетасы қаланғанына 175 жыл толып, осы орайда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ аудан орталығында және елді мекендерде жаңа нысандар, саябақтар ашылды. Қазіргі таңда ауданда дәрігерлер індеттің алдын алу мақсатында тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырып, кәсіпкерлер мен белсенді ұжымдар ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етуде. Сонымен…

Ауданда індет тіркелген жоқ   

Қазіргі таңда ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жалпы коронавирус инфекциясы бойынша ауданда бүгінге дейін 53 жағдай тіркелген. Ең бастысы, мұнда ауырып жатқандар жоқ.

Ырғыз ауданының бас санитарлық дәрігері Талғат Жолдыбайдың айтуынша, қазір ауданда індеттің алдын алу және оны болдырмау мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Коронавирус инфекциясы елімізде таралып, халық жаппай ауырғанда, аудандық аурухана мамандары біраз қиындықты бастан өткерді. Жасыратыны жоқ, ел медицинасы осы сәтте сыналды. Дәрі-дәрмек тапшылығы өз алдына, тыныс алу аппараттарының жоқтығы біраз адамның өмірін қысқартты. Алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау және індеттің алдын алу, сақтық шараларын күшейту мақсатында жуырда облыстық бас санитарлық дәрігердің «Ақтөбе облысындағы денсаулық сақтау ұйымдарында шектеу шараларын күшейту туралы» №54 қаулысы қабылданды. Қаулы талаптарын орындау бүгінгі күні аудандық аурухананың бас дәрігеріне жүктелді.

Бүгінгі күні ауданда карантин уақытындағы талаптардың орындалуына байланысты аудан әкімдігі жанынан мониторингтік топ құрылып, бақылау жұмыстарын жүргізуде. Аталған топ жұмыстарының нәтижесінде 52 заңбұзушылық дерегі анықталды, — дейді ол.

Атап айтсақ, заңбұзушылықтардың көбі кәсіпкерлік нысандарында тіркелген. Сондай-ақ олардың қатарында той жасағандар мен үй карантині талаптарын бұзған тұрғын да бар.

Талғат Жолдыбайдың айтуынша, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына ұсынылған 52 құжаттың 43-іне әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы құны 1 791 810 теңгеге айыппұл салынған. Ал бір құжат (мониторинг тобымен ұсынылған) талаптарды бұзу оқиғасы анықталмауына байланысты  кері қайтарылған. Қазіргі таңда 8 дерек бойынша құжаттар қаралуда.

  • Елдегі індетке қарамастан қазір ауыл-аймақтарда той жасаушылар азаймай отыр. Мәселен, ауданда карантин уақытында көпшілік шараларға тыйым салынғанымен, той жасап, заң бұзған 23 тұрғынға айыппұл салынды. Қазіргі таңда ауданда осы бағытта бақылау жұмыстары ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, 23 қазаннан бастап департамент тапсырмасына сәйкес халық арасында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында «Атамекен» өңірлік палатасымен бірлесіп, карантиндік іс-шараларды қамтамасыз ететін кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әрине, екінші толқынның болмағаны жақсы. Бірақ қамсыз да отырмауымыз керек. Қазір тұрғындар алаңсыз жүр. Сондықтан біз әрбір тұрғынға өз денсаулығына мұқият қарағаны жөн екенін ескертіп, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып жатырмыз, — дейді ауданның бас санитарлық дәрігері.

«Этноауыл» жобасы қолға алынуда

Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Ырғыз аудандық Аналар кеңесі жүйелі жұмыстар атқаруда.

Биыл Аналар кеңесінің мүшесі, зейнеткер, көпбалалы ана Құралай Берекеш ауданда ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, туризмге жол ашу мақсатында «Этноауыл» жобасын қолға алса, кеңес мүшелері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай әндері балалар дауысымен» атты челлендж ұйымдастырды.

Қазіргі таңда Аналар кеңесі жанынан жұмыс тобы құрылып, қоғамдық негізде өз жұмысын атқаруда. Негізінен кеңес құрамына зейнеткерлер, кәсіпкерлер, ұстаздар, т.б әйел-аналар кіреді. Кеңес мүшелері аудандағы мектептерде тұрақты түрде қыз балалармен кездесіп, «Қыз қылығымен», «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қыз тәрбиесі — ортақ міндет» атты жиындар мен басқосулар өткізіп тұрады.

Биылғы пандемия кезінде Аналар кеңесі бірқатар қайырымдылық шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болды. «Біз біргеміз!» акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі жандарға өз қаржылары есебінен азық-түлік, шаруашылық заттарын алып беріп, қолдау танытты. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданына да қаржылай қолдау көрсетті.

Бүгінгі күні Аналар кеңесі мүшелері онлайн форматта әлеуметтік желілер арқылы тәлім-тәрбиелік маңызы бар бірқатар шаралар өткізуде. Оларға мектеп оқушылары, тұрғындар, сондай-ақ белсенді аналар тұрақты түрде қатысады.

Баспасөз-2021

Қуанышбек Маханбетов,

№1 Ырғыз қазақ орта мектебінің директоры:

Өз газетімізге жазылайық!

Әлихан Бөкейханов айтқан төрт қағида бар: «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет — жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет — халықтың жоқтаушысы».

Біз әлемде болып жатқан өзгерістерді мерзімді басылымдар арқылы біліп отырамыз. Осы орайда облыстық «Ақтөбе» газетінің біз үшін орны бөлек. Біз, ауданның ұстаздары, облыстық басылымға жыл сайын жазылып, әр санын асыға күтеміз. Біз үшін «Ақтөбе» газеті — тілі анық, айтары бөлек басылым. Мәселен, басылымның «Хабар-ошар» айдарында облыстың барлық тұрғыны өңірде болып жатқан жаңалықтан шет қалмайды. Ал қазақы тұрмыс-тіршіліктің шынайы болмысын, ондағы күрмеуі шешілмей жүрген келелі мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп отыратын «Ауыл — ел бесігі» айдарында жарияланған мақалалар қаймағы бұзылмаған ауыл өмірінің көрінісін дөп басып жеткізеді.

Сондай-ақ газеттің «Жастар» айдарында келелі істерімен елді қуантып жүрген жас буынның жетістіктері мен игі істеріне қызыға қарасаң, «Тағзым» бетінде халық игілігі үшін маңдай терін сарп етіп, адал қызмет еткен ұлы адамдардың ізгіліктің үлгісіндей үлгі-өнегесіне тағзым етесің. «Өткенсіз болашақ жоқ» демекші, өткенімізді саралап, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді түгендеп, жас ұрпаққа насихаттауда басылымның «Рухани жаңғыру» айдарының да тәрбиелік мәні зор.

Жуырда облыстық газеттің өкілдері келіп, аудандағы оқырмандармен кездесті. Бірқатар белсенді оқырмандарды марапаттады. Алдағы уақытта осындай бастама жалғасын тауып, облыстық басылым мен ырғыздық оқырмандар арасындағы өзара шығармашылық байланыс нығаяды деп сенемін.

Біз, ұстаздар қауымы, келер жылға облыстық басылымға жазыла отырып, өңірдегі  барлық ұжымдарды «Ақтөбе» газетіне жазылуға шақырамыз. Себебі, бұл — өз газетіміз. Ал төл басылымымыз  — «Ақтөбе» газетінің ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз.

Ақнұрдың сән салоны

Биыл ауданда «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында менеджер-кеңесшілер тұрғындарға 608 офлайн, 202 онлайн түрде қызмет көрсеткен. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлерге services.atameken.kz қолжетімді порталы арқылы да өздеріне қажетті қызмет түрлерін алу мүмкіндігі жасалған.

Жалпы биыл аудан бойынша «Бастау-Бизнес» бағдарламасының «Кәсіпкерлік негіздері» курсына 46 адам жіберіліп, 41 тұрғын онлайн желісі арқылы оқуды толық аяқтаған.

Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 69 жоба бойынша  346,8 млн теңге несие алынған. Оның 42-сі — «Бастау-Бизнестің» жобалары.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Ырғыз аудандық филиалының директоры Гүлнар Шәмиеваның айтуынша, биыл аудандық жұмыспен қамту орталығы жанындағы комиссия отырысында 72 адам грант бойынша өз жобаларын қорғаған. Оның ішінде «Бастау- Бизнес» жобасына қатысушылар саны — 37. Осылайша бүгінгі күні ауданда «Бастау- Бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін жаңадан бастағандардың үлесі 58 пайызға жетіп отыр.

Жыл басынан бері ауданда пробация тізімінде тұрған азаматтармен аудандық прокуратура, аудандық полиция қызметкерлерімен бірге екі рет дөңгелек үстел  ұйымдастырылып, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша түсінік берілді. Осы бағытта аталған жобасы бойынша өткен жылы 5 адам бизнес жобасын қорғап, несие қаражатын алып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, биыл екі адам несие қаржысын, бір адам қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсіптерін ашты, — дейді Г.Шәмиева.

Биылғы жылы «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін ашқан жас кәсіпкерлердің бірі — Ақнұр Досжан. Ол өткен жылы бір айлық курстан өтіп, 500 мың теңге грант ұтып алған. Ал биыл осы жобаға анасы да қатысыпты. Нәтижесінде анасы екеуі несие алып, сән салонын ашқан. Салон ғимараты бүгінде ауызсу, жарық, көгілдір отынмен, соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған.

Бұған дейін ғимаратты жалға алып, үш жыл шаштараз болып жұмыс жасаған Ақнұр қазір өзінің сән салонында тұрғындарға қызмет етуде. Негізгі мамандығы теміржолшы болғанымен, кейін осы салаға бет бұрыпты. Жас кәсіпкер болашақта бірнеше адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

1448 бала қашықтан оқып жатыр

Бүгінгі күні ауданда 3184 оқушы білім алуда. 2020-2021 оқу жылында 3 мектеп (1448 бала) қашықтан оқытылса, 18 мектеп дәстүрлі оқыту жүйесінде қалдырылған. Олардағы бала саны – 1732.

Қазіргі таңда аудан орталығындағы қашықтан оқитын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, Ырғыз гимназиясы және №1 қазақ орта мектебінде оқушыларға сапалы білім беруді ұйымдастыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, биылғы жаңа оқу жылында жергілікті бюджеттен 7400,00 теңгеге 37 дана компьютер алынып, оқушыларға таратылған. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 71600,00 теңгеге 358 дана ноутбук сатып алынған. Олар да жуық арада ауданға жеткізілетін болады. Қашықтан оқытуға байланысты аудандағы 16 отбасыға «Қазақтелеком» АҚ арқылы интернет желісі тартылып, 230 отбасыға роутер құрылғысы, 101 Beeline, 129 Altel байланысы сим-картасы және 4 айлық тарифтік төлем сатып алынған. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік алатын және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 177 отбасындағы 360 оқушыға әлеуметтік кепілдендірілген пакет есебінен оқу формасы және оқу құралдары үлестірілген.

Бүгінгі күні аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол апта сайын тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, білім саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлап отырады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button