Басты жаңалықтарЖастар

Тиімді жобалар мен гранттар

Биыл өңірімізде Еріктілер жылы аясында «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemіz: Taza alem», «Birgemiz Qamqor», «Birgemiz Umit» секілді барлығы 7 жалпыұлттық жоба жүзеге асырылды. Жастар бұл жобаға өз жұмыстарын ұсына отырып, қайтарымсыз негізде гранттарға ие болды. 

Бұл жобаларды Қазақстан Республикасының Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен «Азаматтардың бастамаларын қолдау» орталығы ұйымдастырды.

Айдын Пірмағанбетов — өзі туып-өскен Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылын көркейту бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру мақсатында құрылған бастамашыл топтың жетекшісі.

Алғашқы грантын 2018 жылы «ZhasProject» бағдарламасына қатысып, жеңіп алды. Ауылынан үстел теннисі клубын ашып, мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарына тегін қызмет көрсетті. Биыл Еріктілер жылы аясында Айдын бастаған бастамашыл топ бірқатар жобаларды қолға алды. Бүгінде топтың құрамында оннан астам белсенді жас пен ерікті бар.

— «Birgemiz Asyl Mura» жобасы аясында ауыл жастарын Әбілқайыр хан кесенесіне апарып, кішігірім жөндеу, тазарту жұмыстарын жасадық. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке күрделі жөндеу жасалып, айналасына гүл егілді. «Birgemiz Qamqor» жобасынан екі жобам грант иеленді. Оның бірі — ауыл қарттарына компьютердің қарапайым бағдарламалары мен  әлеуметтік желілердегі мессенджерлерді пайдалануды үйреттік және тыл ардагерлеріне азық-түлік толы себет, тұрмысқа қажетті заттарды тегін тараттық, — дейді ол.

Айдынның басқа да қолға алған жобалары көп. Оның ішінде ауыл балаларына арналған менталды арифметика, шахмат курстарын, балаларға қызықты онлайн марафон өткізу жұмыстарын жүргізді. Бүгінде «Birgemiz Bilim» жобасы бойынша оқушыларға қазақстан тарихы пәні бойынша білім беріп жатыр.

— Өзім «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында туған ауылымдағы Қарашатау орта мектебіне тарих және құқық пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Ұстаздық қызметіммен қатар барынша қоғамға пайдалы қызмет ету мақсатында ауыл өміріне араласып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып келемін. Аудандық жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыс жасап отырамыз. 2012 жылдан бері Әйтеке би аудандық Жастар кеңесінің мүшесімін, — дейді Айдын.

«Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасының грант иегері — Жазира Абдуллина. Ол Алға ауданындағы Бестамақ ауылдық округіндегі «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагерінде кондитерлік өнімдерден мастер-класс ұйымдастырды.

— Шара лагерь директоры Кенжеғазы Жаңабайұлының қолдауымен, Ақтөбе қаласынан Лаура және Эльза есімді кондитерлердің қатысуымен өтті. Мастер- класс барысында балалар жеңіл, оңай рецептпен жасалған күнделікті дастарқанға қойылатын тағам түрлерінің дайындалу жолдарымен танысып, үйреніп, кондитерлерден толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Шараның негізгі мақсаты — қазіргі заман талабына сай кондитерлік өнімдердің сұранысқа ие болуына байланысты, балалардың бойындағы қызығушылықты ояту, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, болашақта тапсырыс қабылдауға үйрету, — дейді Ж.Абдуллина.

ҚР Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтардың бастамаларын қолдау» орталығының Ақтөбе облысындағы үкіметтік емес ұйымының шағын гранттар байқауына Шалқар ауданының тұрғыны Нұрсұлтан Әбжанов қатысып, 500 мың теңге грантқа ие болды. Бұл қаржыға аудан тұрғындарына және кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау мақсатында «Street Workout» алаңын салды. Жалпы аумағы 150 шаршы метрді құрайтын алаң шағын көшенің шырайын келтіріп тұр.

— Қазіргі таңда елімізде ерекше спорттың бір түрі саналатын «Street workout»-пен шұғылданушылар көп.  Мұнда темірден жасалған бірнеше спорт құрылғыларының түрі бар. Спорт алаңын ашудағы мақсат — салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту. Расымен де, қазіргі кезде адамдар дене шынықтыруды ескере бермейді. Ол дұрыс емес. Қозғалыссыз жұмыс істейтін адамдар түрлі ауру-сырқаттарға шалдығады. Мұны медицина да дәлелдеген. Сол себепті адамдарға денені нығайтуға арнайы уақыт бөлудің қажеттілігін түсіндіргіміз келеді, — дейді ол.

ЖАС КӘСІПКЕРГЕ МҮМКІНДІК МОЛ

Алға ауданындағы жас кәсіпкерлердің бірі — Тимур Қожанов. Ол ең алғаш кәсібін 2017 жылы Ақтөбе қаласында орналасқан «Мектеп маркет» мектеп формасын сату дүкенімен бастаған. Қазір дүкен Ақтөбе қаласының екі сауда үйінде жұмыс жасап отыр. Сондай-ақ 2018 жылы Алға қаласынан фаст-фуд орталығын ашып, қазіргі таңда орталық аудан халқы көп келетін, үлкен сұранысқа ие «Family Food» орталығына айналып отыр. Халыққа дәмді тағамдарды ұсынумен қатар, 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкер, пандемия кезінде «BizBirgemiz» акциясына үн қосқан азаматтардың бірі. Жас кәсіпкерлермен бірлесіп демеушілік жасап, аудандық ауруханаға 7 оттегі аппаратын, 16 дана фонендоскоп, 6 дана тонометр құрылғысын тарту етті. Барлығынан да адамгершілікті бірінші орынға қоятын жас кәсіпкерді аудан тұрғындары ерекше сыйлайды.

Жанмұрат Жунит 2016 жылы Байғанин ауданынан фотостудия ашып, кәсіппен айналысуды бастады. Бұдан соң «BAIGANIN NEWS» жобасын жүзеге асырып, әлеуметтік желіден сайт ашты. Негізгі мақсаты — аудан тұрғындары үшін қызмет көрсете отырып, туған жерінің әлеуметтік дамуы үшін өз үлесін қосу. Бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер «BAIGANIN NEWS» сайты арқылы аудан жаңалықтарын халыққа жеткізуге үлес қосып отыр. «Қамқор» ЖШС арқылы несиеге қажетті құралдар сатып алып, кәсібін кеңейте білді. Еліміздегі шағын кәсіпкерлікке, оның ішінде жастарға деген қолдауды пайдалана білген жас өзінің азаматтық ұстанымының арқасында жетістіктерге жетіп жүр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button