Жаңалықтар

46 жетім бала баспаналы болады

Бұл туралы «ANTIKOR LIVE» тікелей эфир жобасы аясында «Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Жандос Алимов мәлімдеді. Тікелей эфир «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде өтті.

Мекеме басшысының айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезек тізімінде 24 740 отбасы тұр. Олар — Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер.

«Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе» ауданынан мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға арналған көп қабатты 353 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Аталған тұрғын үйлердің инженерлік желілерін тарту жұмыстары аяқталғаннан кейін кезегі келген 353 отбасы тұрғын үймен қамтылатын болады. Осы үйлерден 46 пәтер жетім балаларға беріледі», — деді Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Жандос Алимов.

Сонымен қатар эфир барысында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуының тиімділігі талқыланды. Мекеме басшысы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезекке қою және беру туралы толық ақпарат беріп, көрермендердің сауалдарына жауап берді. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Өз тілшіміз. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button