Басты жаңалықтар

Қобдада асылтұқымды мал басы көбейіп келеді

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз мәслихаты бұл жолы Қобда ауданында өтті. Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуымен танысып, облыс әкімінің тапсырмасы қалай орындалып жатқанын көрді.

Қобдаға барған журналистерге аудан әкімі Болат Құлов жыл басынан бері аудан көлемінде атқарылған нақты істер туралы баяндап берді.

Ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселе қашанда ауызсу, көгілдір отын және жол мәселесі екені белгілі. Бүгінде Қобда ауданы тұрғындарының 78 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен Жарсай ауылына су жүйесінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Сондай-ақ халық саны 500-ден аспайтын 6 елді мекенде кешенді блок-модульдер қондыру жұмыстарын да жоспарлап отыр.

Көгілдір отынның рақатын аудан халқының 59,7 пайызы ғана көріп отыр. Бұл отын кіргізіп, күл шығарудың бейнетін көріп отырған халықтың әлі де көп екенін көрсетеді. Көгілдір отынды аса қажет етіп отырған Сарбұлақ ауылына газ құбыры құрылысын жүргізу жұмыстары 2020-2021 жылдарға жоспарланыпты. Бүгінгі таңда мердігер мекеме анықталған. Ал  Жаңаталап, Терісаққан, Жарсай ауылдарын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жолданды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Жиренқопа бағытындағы елді мекендерді газдандыру мәселесі де пысықталып жатыр.

Ел аузында Батырлар мекені аталып кеткен Қобда жұрты бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын дамытуды қолға алған. Бұл бағыттарда өткен жылмен салыстарғанда өсім байқалады.

Күзгі далалық жұмыстарына 78 тонна дизель отынын жұмсаған шаруалар, барлық өнімді толық жинап, тасып алыпты. Қобдалықтардың қамбасына биыл 9714 тонна астық құйылған. Шаруалар 2043 тонна майлы дақыл, 4 мың тоннадан астам картоп, 4708 тонна көкөніс, 3504 тонна бақша өнімдерін жинапты.

Аудан бойынша қамбаға барлығы 546 тонна тұқым құйылды. Оның  295 тоннасы бидай,  249 тоннасы арпа. 546 тонна тұқымның 245 тоннасы «КазАгроЭкс» акционерлік қоғамына алдын ала тексертуге берілді. Тұқымның  элита және 1,2 репродукциясының үлесін ұлғайту мақсатында, көктемгі далалық жұмыстарға қосымша 450 тонна тұқым құйылатын болады. Қосымша 174 тонна күздік бидай және 36 тонна қара бидай құйылып, бүгінде күздік егіске егілуде, — деді аудан әкімі Болат Құлов.

Негізінен,  мал шаруашылығымен айналысатын ауданда 424 шаруашылық құрылымы жұмыс жасап тұр. Оның 273-і малмен  айналысады.

— Соңғы уақытта аудан тұрғындары асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың 8-і тек асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Биыл 900 асылтұқымды ірі қара малын сатып алу жоспарланған болатын. 9 айдың қорытындысы бойынша 1065 ірі қара сатып алынып, жоспар 118 пайызға орындалды. Сондай-ақ аудан шаруалары 1500 асылтұқымды қой сатып алған. Жыл соңына дейін тағы да 600 қой келеді, — деді әкім.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тиімді пайдаланып отырған Қобда жерінде жұмыссыздар қатары жоқтың қасы екендігін бұған дейін де айтқан болатынбыз. Аудан әкімінің айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша тіркелген жұмыссыздар саны 2,8 пайызды құрайды.

Алдымен, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен бюджеттің игерілуін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, кейін Қобдадағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы туралы баяндады.

Ауданда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бақылауда.  Аудандық ауруханада эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты төсек орындар саны қысқартылды. Қазіргі уақытта ауруханада 2-реанимациялық, 10-инфекциялық төсек орны бар. Резервте 60 провизорлық кереует ашуға мүмкіндік бар. Провизорлық стационарда науқастар жоқ. Үй карантинінде де адам жоқ, — деген аудан әкімі карантин кезінде демеушілік көрсеткен аудан азаматтарына алғысын білдірді.

Өз өміріне қауіп төніп тұрғанын білсе де, науқастарды қараусыз қалдырмай, қызметін адал атқарған ақ халаттылардың да еңбегі елеусіз қалмағанын айтты аудан әкімі.

Індетпен  жұмыс жасайтын қызметкерлерді ынталандыру үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  №28/2020 бұйрығына сәйкес наурыз-тамыз айлары аралығында 186  қызметкерге  31,81 миллион теңге көлемінде қосымша үстемеақы төленіп, 24 адамға 2,4 миллион теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілген.

Елдегі жағдайға байланысты биыл еліміздегі бірқатар білім ордалары өз жұмыстарын қашықтан жалғастырып жатыр. Қобда ауданы бойынша 21 мектептің 1351 оқушысы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өз жұмысын дәстүрлі түрде бастаса, 712 оқушысы бар 4 мектеп қашықтан білім беруде.

2019 жылы аудан мектептерінде барлығы 380 компьютер болса, қашықтан оқытуға байланысты биылғы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен сәуір айында 210 ноутбук сатып алынып, оқушыларға таратылып берілді. Жергілікті бюджет есебінен 50 ноутбук алынды. Қазан айында республикалық бюджет есебінен 226-сын алу жоспарлануда. Нәтижесінде, жалпы аудан бойынша 1 компьютерге 3 оқушыдан, ал 4 қашықтан оқитын мектепте 1 компьютерге 2 оқушыдан келеді, — деді Б.Құлов.

Айта кетейік, ауданда қызмет көрсету орындары мен әлеуметтік нысандардағы тәртіпті қадағалау мақсатында 2 мониторингтік топ құрылған. Облыстың Бас санитар дәрігерінің қаулысын орындамаған азаматтарға ескерту беріліп, айыппұл салынып, үстерінен әкімшілік іс қозғалып жатыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button