Ауыл

Егіндібұлақта мал сою алаңы салынып жатыр

Егіндібұлақта облыста баламасы жоқ оқу-сауықтыру орталығы салынып жатыр. Мемлекет меншігіндегі әлеуметтік нысан қолданысқа берілген соң жыл бойы жұмыс жасайтын болады. Бұл туралы журналистерге И.Құрманов атындағы ауылдық округтің әкімі Қайырбек Әмірғалиев баспасөз туры барысында айтты.

Қобда ауданына жасаған іссапар барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдымен И.Құрманов атындағы ауылдық округке соқты. Құрамына Егіндібұлақ пен Бегалы ауылдары кіретін округте 700-ге жуық тұрғын бар. Екі елді мекен де көгілдір отынмен, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Бөбекжай-бақша мен мектеп, кітапхана, дәрігерлік пункт екі ауылда да бар. Тұрғындарының дені ауыл шаруашылығымен айналысатын бұл округ аудан экономикасының өсуіне өзіндік елеулі үлесін қосып отырған ауылдар қатарына енеді.

Округке қарасты ауылдардың көшелері тап-тұйнақтай, тап-таза. Ауыл ішінің тазалығын сақтау мақсатында Егіндібұлақта мал сою алаңы салынып жатыр. Ауыл сыртында салынып жатқан алаңда барлық санитарлық талаптар сақталатын болатындығын айтады ауыл әкімі. Бұл тұрғындарға да ыңғайлы болмақ. Мал сою алаңын ауыл азаматы, кәсіпкер Жәнібек Әнішев өз қаражатына тұрғызып жатыр.

— Мал сою алаңы халыққа бірден-бір қажет орын. Қазір мал барлық талаптарға сай осындай орындарда сойылуға тиіс. Құрылыс жұмыстарын осыдан 15 күн бұрын бастаған болатынбыз. Бұйырса, осы айдың соңына дейін аяқтаймыз, — дейді «Тайбурыл» шаруа қожалығының иесі Жәнібек Әнішев.

Бұдан соң журналистер Егіндібұлақта салынып жатқан «Батыр» оқу-сауықтыру орталығына барды. Балалардың білім алып, тынығып, сауығуына арналған орталықта құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Орталық аумағы — 3,266 гектар. Мұндағы ерекше сәнді үлгіде ағаштан қиылып салынып жатқан 6 ғимараттың өңірде баламасы жоқ.

— Орталық жыл бойы 16 ауысымда қызмет көрсететін болады. Бір ауысымда 72 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Бұл жерде 6 ағаштан тұрғызылған үй, монша және алаңда шатыр орнатылады. Бір үйді құрастыруға 10 күндей уақыт кетеді. Бүгінгі күні жұмыстардың 80 пайызы бітіп тұр. Құрылыс жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр, — деген ауыл әкімі құрылыс жұмыстарына ауыл азаматтары тартылғанын, жалақылары 100-150 мың теңге көлемінде екенін айтты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button