Ауыл

Қос ауылдың күткені — көгілдір отын

2015-2020  жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жыл соңына дейін  Алға ауданының екі бірдей ауылына газ құбыры барады. Сарықобда ауылдық округі мен Болгарка елді мекенінің тұрғындары жаңа жылға дейін көгілдір отынды пайдаланамыз деп күтіп отыр.

Қос ауылда  208 тұрғын үй мен 6 мемлекеттік мекемелер газбен қамтылатын болады. Газ құбыры Мұғалжар ауданының Еңбек ауылынан тартылып, 21 шақырым жердегі Болгарка ауылына келіп, одан кейін округ орталығына кірмек.

II санаттағы жерасты газ құбырының ұзындығы 400 шақырымнан асады.    «Байлы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан газ тарту құрылысының құны Болгарка ауылына дейін 235 миллион теңгені құраса, Сарықобдаға дейін — 195 миллион теңге.

Мердігерлердің айтуынша, құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалып тұр. Газ тарту жұмысы қыркүйек айында басталған. Жоспар бойынша Болгарка елді мекенінде 5 қараша, Сарықобда орталығында 1 желтоқсанда аяқталмақ.

Инвестициялық бағдарламаны орындау мақсатында «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы өндірістік филиалының газ құбыры 4371,58 шақырымға жетті. Желілерді газдандыру және жаңғыртуға 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жалпы сомасы 21,8 миллиард теңгеге бекітілген болатын. Биылғы жылға  бағдарламаны іске асыру үшін көзделген қаржы — 507,4 миллион теңге. Сарықобда мен Болгарка ауылына газ құбырын салу осы мақсатпен іске асуда. Тауарлық газға деген сұраныс күннен-күнге өсіп келе жатыр. Облыс аумағында инвестициялық бағдарламамен тұтынушыларды көгілдір отынмен сапалы қамтамасыз ету және қажеттіліктерін толық орындау үшін жабдықтау жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі күні абоненттер саны 21,6 пайызға өсіп отыр, — дейді «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы Ақтөбе өндірістік филиалы басшысының орынбасары Әсет Әбілашев.

2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында Ақтөбе облысын газдандыру 90 пайызға өскен. Қазіргі таңда ұзындығы 736,5 шақырым газ құбыры желісі салынып, күрделі жөндеуден өтті.

Газды тарату жүйелері арқылы тасымалдау бойынша тарифтердің шекті деңгейі бекітілген. Мәселен, биылғы жылы тауарлық газды тасымалдау тарифі 1000 текше метр үшін 5 107,40 теңгені құрайды.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button