Басты жаңалықтарСпорт

«Ақтөбе» премьер-лигаға қайта оралды 

Сүйінші!

Бейсенбі күні, 25 қазанда Бірінші лиганың ХІІ тур кездесулері өткізілді.

Бірінші конференцияда ойнап жүрген жерлестеріміз бұл турда «Екібастұз» командасын ұтып, алдағы екі тур ойындарының есебіне қарамастан, Премьер-Лигаға екінші рет қайта оралды. 1997 жылы жоғары дивизионнан бірінші рет түсіп қалған жерлестеріміз 2000 жылы Бірінші лига жеңімпазы атанып, кейін Премьер-Лига сапында бес рет ел чемпионы болған еді.

Өкініш пен қуаныш

Өткен жылы біздің облысымыздың жеке-дара мақтанышы ғана емес, республикалық чемпионаттың бес мәрте жеңімпазы болған «Ақтөбе» футбол командасының Бірінші лигаға түсіп қалуы ақтөбелік жанкүйерлердің еңсесін түсіріп тастағаны рас. Бұл өте қынжылтқан өкініш болды.

Ал біздің тұрғындарымыздың еліміздегі ең мықты жанкүйерлер екенін жақсы сезінетін облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбенің» бір жыл ішінде қайтадан Премьер-Лигаға оралуы үшін барша қамқорлықты жасайтынын айтқан болатын.

Солай болды да. Футбол клубының жүгін көтеретін білікті мамандарды, бас бапкердің міндетін атқарушыны әбден саралап, қателеспей таңдаған Оңдасын Сейілұлының мазасыздығының арқасында басты командамыз Премьер-Лигаға чемпионат аяқталуға екі тур қалғанда мерзімінен бұрын қайта оралды.

Өткен жылы ақтөбелік футбол ардагерлері мен белсенді жанкүйерлер «Ақтөбенің» жоғары топтан шет қалуы командаға тиісті назар аударылмауының себебі екендігіне байланысты бірнеше рет жиын-кеңестер өткізіп, облыс әкімінен осы жағдайға байланысты көмек күтіп, ұсыныстарын айтқаны баршаға мәлім. Оңдасын Сейілұлы бұл талап-тілектердің барлығын басты назарға алған еді. Соның нәтижесі, міне, айқын көрініп отыр.

Қазір «Ақтөбенің» ешкімге де бір тиын қарызы жоқ. Оған қоса жанкүйерлер жергілікті жас футболшылар даярлауға көңіл бөлінбейтіндігін де баса айтқан еді. «Ақтөбенің» қазіргі құрамында ойнап жүрген жігіттердің 70 пайызы — ақтөбеліктер.

Тағы бір сүйінішті хабар, облыс орталығында екінші футбол алаңы да жөндеуден өткізіліп, футболшыларды күтіп тұр. Бұл қамқорлық та бұдан былай жергілікті жас ойыншылардың көптеп даярлануына игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Сондай-ақ футзал бойынша «Ақтөбенің» күміс жүлдегер атануы да футболшыларға қатысты мәселелерге облыс әкімінің ұдайы көңіл бөліп отырғандығының арқасы екені және мәлім.

Әрине, футбол алаңында негізгі жүкті ойыншылар мен бапкерлер көтереді, дегенмен қамқорлық жоқ жерде қол жетіп жүрген табыстан қол үзіп қалу да еш таңғаларлық жағдай емес. Былтыр «Ақтөбенің» Премьер-Лигамен қоштасуы — осының айқын мысалы.

Енді, міне, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей бақылауы мен тиісті қамқорлығының арқасында футболшыларымыз да, жанкүйерлеріміз де нағыз қуанышқа бөленіп отыр.

Шығар сатыларымыз жоғарылай бергей.

Жеңіске жеткізген гол

Енді кезекті кездесу барысына келсек, Павлодарда өткен ойын ақша қардың үстінде басталды. Рас, футболшылар дәл алаңға шыққан кезде жапалақтаған қар тынши қойды. Дегенмен алаң жасыл емес, алашұбар боп жатты. Әрине, табиғаттың бұл құбылысы футболшылардың  емін-еркін пас алмасуларына кәдімгідей кедергі болды.

Ал ойын барысын баяндасақ, ақтөбеліктер бірден-ақ тізгінге иелік етті. Әдеттегіше сауатты қимылдап, қарсыластар қақпасын торуылдаумен болды. Бұрыштамалар орындады, қақпаға тікелей соққылар жасады. Тек голдан бірнеше рет екібастұздық қақпашының әбжілдігі құтқарса, бірде қорғаушылар кедергі жасауға үлгеріп жатты, оның үстіне кейбір соққылардан соң доптар қақпа діңгегінің тура сырт түбінен өтіп кеткен сәттері кездесті. Қанша дегенмен, езіліп балшыққа айналған қар онша адым аштыра қоймады.

Осылайша бірінші таймда есеп ашылмаса да, «Ақтөбенің» басымдылығы айқын көрініп тұрды.

Екінші таймда да қолайсыз алаң зиянын тигізіп бақты. Оның үстіне ретсіз артық күш жұмсап, екі есе тынымсыз қимылдаған футболшылар шаршай да бастады. Әсіресе, сірә, осы тең есепті місе тұтқан екібастұздық футболшылар уақытты созбалаудан да кет әрі еместіктерін байқатты. Ал ақтөбелік футболшылар қарсыластар қақпасына шүйілуден жазбады. Тіпті бір рет екібастұздық қақпашы қақпаға еніп бара жатқан допты әупіріммен қайтарып үлгерді. Дегенмен жерлестеріміз, әсіресе, соңғы жиырма минут шамасында «Екібастұз» футболшыларын мүлде тықсырумен болды да, ақыры нәтижеге жетті. 82-минутта алаң ортасынан дәл қақпа алдына тасталған допты Никола Цуцкич жерге түсірместен баспен соғып, қақпашыны қапы қалдырды. Н.Цуцкич алаңға екінші таймда шыққан болатын — 0:1.

Бұдан соң да «Екібастұздың» есепті теңестіру мүмкіндігінен гөрі «Ақтөбенің» есепті үстемелей түсу мүмкіндігі жоғары болды.

Дегенмен ойын осылайша аяқталды.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда жерлестеріміз «Екібастұзды» 4:1 есебімен ұтқан болатын.

«Екібастұз» — «Ақтөбе» — 0:1.

Гол авторы: Никола Цуцкич, 82-минут (0:1).

«Ақтөбе» мына құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов (капитан), Әлішер Әжімов, Әділхан Таңжарықов, Рустам Темірхан, Антон Шурыгин (Никола Цуцкич, 69-минут), Максим Самородов (Владислав Прокопенко, 46-минут), Рифат Нурмугамет (Ардақ Сәулет, 69-минут), Георгий Бурнаш, Андрей Часовских (Бобан Джорджевич, 81-минут), Эдуард Суханов (Есен Жасанов, 37-минут), Олег Чернышов.

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Куасси Куаджа, Тәуіпбек Орналин, Нұрболат Батырханов, Жамбыл Көкеев, Демият Сламбеков, Алексей Концедалов.

2020 жыл 25 қазан-14.00. Павлодар қаласы, «Жұлдыз» стадионы. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Байқоңыр»-«Мақтаарал» — 1:4

Гол авторлары: Даниел Мәуленов, 10-минут (0:1); Вячеслав Сердюков, 58-минут (0:2); Бекзат Жақсыбайұлы, 64-минут (0:3); Абылайхан Махамбетов, 77-минут (0:4); Өркен Махан, 90+5 минут (1:4).

2020 жыл 25 қазан-11.00. Павлодар, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

«Қыран»-«Алтай» — 3:1

Гол авторлары: Жақып Қожамберді, 15-минут, пенальти (1:0);  Жақып Қожамберді, 23-минут (2:0); Алтынбек Төлеев, 32-минут (2:1); Қанат Әшірбай, 82-минут (3:1).

2020 жыл 22 қазан-17.00. Павлодар қаласы, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Бірінші лиганың бірінші конференциясы бойынша 1-орын «Ақтөбе» командасының еншісінде — 26 ұпай. Жерлестеріміз 10 кездесуде 8 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады. Доп айырмашылығы — 22:2.

19 ұпай жинаған «Қыран» (Түркістан) 2-орынға қайта көтерілді.

3-орынға түскен «Арыстың» (Арыс) 18 ұпайы бар.

16 ұпай жинаған «Мақтаарал» (Атакент) бұрынғысынша 4-орында қалды.

5-орындағы «Байқоңырдың» (Қызылорда) 10 ұпайы бар.

6-7 орындарды 6 ұпайдан жинаған «Екібастұз» (Екібастұз) бен «Алтай» (Семей) бөлісіп тұр.

Ескерте кетейік, «Қыран» мен «Байқоңыр» командалары — 11 кездесуден, ал қалған командалардың барлығы 10 кездесуден өткізді.

ХІІІ тур ойындары 28 қазан, сәрсенбі күнге белгіленді:

«Ақтөбе» — «Арыс»

«Мақтаарал» — «Қыран»

«Алтай» — «Екібастұз»

«Ақтөбенің» мергендері:

Эдуард Суханов — 4 гол авторы.

3 голдан соққандар: Олег Чернышов, Бобан Джорджевич.

2 гол өткізгендер: Владислав Прокопенко, Рифат Нурмугамет, Виталий Волков, Максим Самородов.

1 гол авторлары: Әділхан Таңжарықов, Демият Сламбеков, Андрей Часовских, Никола Цуцкич.

«Ақтөбенің» жаңа жеңіс сатысына көтерілуіне бас бапкердің міндетін атқарушы ресейлік маман Владимир Зеленовскийдің мол еңбек сіңіргенін атап өткеніміз мақұл. Өйткені ресейлік тағы бір маман Алексей Петрушин команда бір рет жеңіп, екі рет тең ойнаған алғашқы үш турдан соң бас бапкерліктен шеттетілген болатын.

Ал екінші конференцияға келсек, мұнда Премьер-Лига жолдамасына чемпионат аяқталуынан екі тур бұрын «Атырау» ие болды.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button