Жаңалықтар

Ойын алаңы ашылды

Жұмысшылар қалашығында жаңа ойын алаңы ашылды. Шалқарлық белсенді жас Нұрсұлтан Әбжанов Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының облысымыздағы үкіметтік емес ұйымының шағын гранттар байқауына қатысып, 500 мың теңге жеңіп, сол қаржысымен осы игілікті істі қолға алыпты. «Street Workout» деп аталатын жаңа ойын алаңының ашылуына көше тұрғындары мен балалар қатысты.
Нысанның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Нұртілек Жұмамұратұлы сөз сөйледі.
— Кішкентайлардың емін-еркін ойнап, жетілуіне біз әрқашан жағдай жасауға міндеттіміз. Нұрсұлтанның мына қадамы аудан жастарына үлгі болмақ, осындай ойын алаңдары көбейіп, оны үлкендері әрдайым назарында ұстап жүрсе нұр үстіне нұр болар еді, — деді.
Осы шараға арнайы келіп, көпшілікке батасын берген Сабанбай ақсақал да кішкентай бүлдіршіндердің қуанышы ұзағынан болсын деген аталық тілегін жеткізді. Сол маңда тұратын тұрғындар атынан еңбек ардагері Есенгелді Бекмағанбетов сөз сөйлеп, ауызбіршілігі жарасқан шағын көшенің орта тұсынан ашылған ойын алаңының іске қосылғанына қуанышты екендігін жеткізді.
Жалпы, көшелердің келбеті мен тазалығына қарап-ақ ол жердің тұрғындарының жауапкершілігін аңғару қиын емес. Хамит Есбосынов көшесін көріктендіру мақсатында ілгері қадамдар жасалғаны көрініп тұр. «Өзіміз ынтымақ танытып, бірлесіп ортақ игілікке атсалыса берсек, бірер жылда біздің көшеміз қаладағы ең көрікті ортаға айналатынына сенімдіміз», — дейді тұрғындар.
Жалпы аумағы 150 шаршы метрді құраған «Street Workout» ойын алаңы да енді шағын көшенің шырайын келтіріп тұрмақ.

М.МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button