Жаңалықтар

Қор қаржысы қайда жұмсалды?

Биылғы жылдың 8 айында әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакетіндегі медициналық көмек үшін 163,6 миллиард теңге бөлді.

Ал сегіз айда  МӘМС-ке 351,2 миллиард теңге жарналар мен аударымдар түсті. Мемлекет жеңілдетілген 15 санаттағы азаматтар үшін жарна төлеп отыр. Мемлекет төлеген жарна көлемі  197,2 миллиард теңге болса,  жұмыс берушілердің аударымдары — 100,9, қызметкерлер, жеке кәсіппен айналысатындар — 50,8, ал бірыңғай жиынтық төлем жарналарының көлемі — 2,3 миллиард теңге. МӘМС үшін жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Содан кейін қаражат МӘМС пакеті бойынша көрсетілген медициналық қызметтерді төлеуге қордың жеткізуші медициналық ұйымдарына жіберіледі.

— Қазіргі уақытта елімізде емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Науқанның қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар  2021 жылы жұмсалатын қаржыны жоспарлайды. Қор дерекқордың абсолютті дұрыстығын қадағалайды,  өйткені әрбір тіркелген тұрғын үшін ай сайын медициналық ұйымдарға қаржы бөлінеді, — деді МӘМС қорының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Б.Нұрғалиев.

Қаңтар-тамыз айларының  аралығында шығындардың басым бөлігі стационарлық көмекке жұмсалды. Оның ішінде медициналық көмекке бөлінген төлем көлемі 2,1 миллиард теңгеден асса,  ауылдағы стационарлар қызметі үшін 998,6 миллион теңге бөлінді. Сегіз айда облысымыздың стационарларында жоспарлы түрде 25  мыңнан астам адам ем қабылдады.

Консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдарға 2,5 миллиард теңге бөлінді.  Айта кету керек, КТ және МРТ қызметтері тұрғындар үшін маңызды көмек болып отыр. Сегіз айда 565 пациентке КТ және МРТ қызметі  көрсетіліп, бұл үшін қор  8,7 миллион теңге төледі.

Қор халыққа  66 жоғары технологиялық қызмет көрсеткені үшін медициналық ұйымдарға 135,5 миллион  теңгеден астам қаржы бөлді. Ал  616,5 миллион теңге стационарды алмастыратын көмекті төлеуге бағытталды.

Сонымен қатар облыстың 2 777 тұрғыны медициналық оңалтудан өтті. Еске сала кетейік,  екінші тоқсанда карантин енгізіліп,  жоспарлы түрде медициналық көмек көрсетуге шектеу қойылды. 1 тамыздан бастап еліміздің клиникаларында жоспарлы медициналық көмек қайта басталды, сондықтан тамыз-қыркүйек айларында МӘМС пакетінде халықтың медициналық қызметтерді тұтынуының өсуі байқалды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button