Жаңалықтар

Сайлауға әзірлік басталды

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды тағайындау, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі күнтізбелік жоспарларды бекіту және сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы отырысы өтті.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында «Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы»; «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы»; «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы»; «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту туралы»; «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі Сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» мәселелер қарастырылды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Берік Имашев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқаны басталғандығы туралы айтты. Ол 2016 жылғы 20 наурызда сайланған Мәжіліс депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі 2021 жылғы наурызда аяқталатынын атап өтті.

Сайлау заңнамасына сәйкес Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын Президент кемінде бес ай бұрын тағайындайды және ол Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 2 ай бұрын өткізіледі.

«Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.

Ол Орталық сайлау комиссиясы белгіленген өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті мен Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын дайындау мен өткізуді ұйымдастыратынын хабарлады.

Осыған байланысты қолданыстағы заңнама нормалары негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан, 25 жасқа толған және бәсең сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі.

Саяси партия партиялық тізімдерді бекіту кезінде оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз проценті мөлшерінде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды қамтиды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына оның аумағында соңғы 10 жыл тұрақты тұрып жатқан, жиырма бес жасқа толған, бәсең сайлау құқығына ие, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы жоқ, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін соттылығы жоқ Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алатынын айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында өткізіледі.

«Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» үшінші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Орталық сайлау комиссиясының мәслихаттардың кезекті сайлауын тағайындау өкілеттігі көзделгені хабарланды.

Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы бір мезгілде өткізіледі және мерзімі жағынан Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс.

Мәслихаттар депутаттарын сайлауды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаумен бір мезгілде өткізу бойынша шектеулер жоқ.

Осыған байланысты мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындау ұсынылды.

Барлығы алдағы науқанда 216 мәслихаттың 3276 депутаты сайлануға тиіс. Облыстардың, Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының 589 депутаты, облыстық маңызы бар қалалардың 36 мәслихатында 596 депутат, аудандардың 163 мәслихатында 2091 депутат.

«Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» мәселені баяндаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев өз сөзінде мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша алдағы сайлау науқанының бірқатар ерекшеліктері бар екенін атап өтті:

Біріншіден, мәслихатқа сайлау алғаш рет саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтуде.

Екіншіден, сайлау туралы Конституциялық заңдағы өзгерістерге сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде бірыңғай аумақтық сайлау округі құрылады.

Үшіншіден, жиырма тоғыз жасқа толмаған әйелдер мен адамдардың саны партиялық тізімге енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.

Мәслихат депутаты болып жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады.

Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну 2020 жылғы 10 қарашадан 2020 жылғы 4 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-ге дейін жалғасады.

Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі Сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» отырыстың қорытынды мәселесі бойынша сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов екі сайлау науқаны: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар бойынша сайлау құжаттарының 42 нысаны дайындалғанын баяндады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button