Жаңалықтар

Мерейтой иесіне құрмет көрсетілді

Кеше Ақтөбе қаласындағы Баспасөз үйінде ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Жақсылық Айжановтың мерейлі 70 жасқа толуына орай кездесу өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері қатысты. 

Шараны жүргізген Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы,  «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мерейтой иесінің ҚазҰУ-ді бітірген соң туған жерге келіп, еңбек жолын Жем, Жаңатаң орта мектептерінде ұстаздық етуден бастағанын, одан кейін 40 жылға жуық облыстық «Aqtóbe» телеарнасында қызмет жасап, бүгінге дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін айтып өтті.

Жақсылық Айжанов — Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. «Қалдайбек қасіреті» атты деректі фильмнің авторы, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі ақын, қарымды қаламгер. Оның бүгінгі күнге дейін бірнеше жинағы жарық көрді. Биыл ақынның мерейтойына орай облыстық кітапханаларда кездесу кештері ұйымдастырылып, игі бастамалар жүзеге асырылуда. Ал бүгін Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасының ұйымдастыруымен біздің ғимаратымызда кітап көрмесі ашылып отыр, — деді Р.Отыншин.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет мерейтой иесіне облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын оқып беріп, жүрекжарды лебізін білдірді.

  • Сіздің бүгінге дейін әдебиет және журналистика саласына қосқан үлесіңіз зор. Ал еткен еңбегіңіз бен жазған туындыларыңыз — жалпы оқырманға, жастарға үлгі-өнеге. Сондықтан сізді бүгінгі мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін, — деген облыс әкімінің орынбасары мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.

Бұдан кейін шараға қатысқан еңбек ардагерлері Келдібай Еспағамбетов, Серік Ботағарин, Кенжеғали Кенжебаевтар Жақсылық Айжановтың жаңадан жарыққа шыққан «Жан шуағы» атты кітабының тұсауын кесті.

Кездесу барысында Раукен Отыншин мерейтой иесіне Қоғамдық атақ­тар мен марапаттар жө­нін­дегі республикалық Ке­ңес та­ғай­ындаған «Қазақ жур­на­лис­тикасының қайрат­кері» ме­далін және «Ақтөбе Медиа» ЖШС атынан Алғыс хат табыс етіп, иығына шапан жапты. Ал белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Бауыржан Бабажанұлы Жақсылық Айжановқа Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің арнайы құттықтау хатын табыстап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Шарада сондай-ақ облыстық «Aqtóbe» телеарнасының директоры Мирас Мұқаш, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, еңбек ардагері Келдібай Еспағамбетов, ақтөбелік кәсіпкерлер Орынғали Жанбосынов, Кенжетай Рамбаев, Сұңқар Арыстанғалиұлы, Қызылбұлақ ауылдық округінің әкімі Жалғас Талдықов және Байғанин, Шалқар, Алға аудандары әкімдіктерінің өкілдері мерейтой иесін құттықтап, сый-сияпат жасады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button