АуылБасты жаңалықтар

Құнарлы өнім — ауылда

Мизам шуағы бітіп, күздің қытымыр күндері келіп жетті. Осы бір кезең, әсіресе, диқандар үшін қарбалас шақ. Күзгі жиын-терін науқанында шаруалардың жұмыстарымен танысу мақсатында облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Алжанов пен мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов Мәртөк, Хромтау аудандарына барды.  

Мәртөктіктер биыл ұраларын картоппен толтырып алды. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Шамиль Саринннің айтуынша, картоп әр гектарынан 120-140 центнерден айналған.

«Түгін тартса майы шығатын» Мәртөк ауданының 17 мың гектар жеріне майлы дақылдар егілген.  Оның 11 мың гектары «Родники-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігінде. Қазіргі таңда Родников ауылында 5100 гектар жердегі күнбағыс жиналып жатыр. Серіктестіктің бас агрономы Маратбек Алмұратовтың айтуынша егістікке арналған 30 мың гектар жердің 14 мың гектарына майлы дақылдар себілген. 5100 гектар жерге шыққан мақсары жиналып алынды. Енді алдағы онкүндікте күнбағыс алқабын жинау аяқталмақ.

Қазір бұл жұмысқа еш кедергі жоқ. Жұмысшылар күніне 400 гектардан күнбағыс орады. 9 комбайн, арнайы техникалар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Биыл күнбағыстың әр гектарына 15-16 центнерден шығып отыр. Бұл — жақсы көрсеткіш. Бұйырса, 16-17 мың тонна өнім аламыз деп отырмыз. Қазірден бастап көктемгі егіс даласын дайындау жұмыстары басталып кетті, — дейді бас агроном.

Орылып, сабағы мен қауызынан ажыратылған күнбағыс дәні  Хромтау ауданы  Ақжар селолық округіндегі өткен жылы пайдалануға берілген «Акмэз» жауапкершілігі серіктестігіне жеткізіледі. Ондағы зауытта күнбағыстың қабығынан мал азығы (шрот) дайындалып, дәнінен сұйық май өндіріледі. Мұнда 93 адам жұмыс істесе, оның 70 пайызы — жергілікті  тұрғындар. Зауыт директоры Қазбек Өтесіновтің айтуынша,  күніне 600 тонна күнбағыс дәні қабылданады. Оны кептіретін арнайы қондырғы да бар. Шикізаттың бұл түрінен 17-21 мың тонна сұйық май алынса, 21-26 мың тонна мал азығы дайындалады. Оны жергілікті шаруа қожалықтары тоннасын 80 мың теңгеден сатып алады. Сұйық май  қоспасыз табиғи түрінде жиналып, арнайы зауыттарға таратылады. Қазіргі таңда өнімнің бұл түрінің 80 пайызы Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай елдеріне экспортталса, 20 пайызы ішкі нарықта сатылады. Серіктестіктің өзі биыл 15 мың гектар жерге күнбағыс егіпті. Алдағы уақытта оның көлемін 30 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Майдың құнарын анықтайтын арнайы зертхана бар. Сұйық май шығаратын арнайы аппараттар да алынып тұр. Бірақ өнімді дайындап сөреге шығаруға зауытқа су керек. Бұл мәселе алдағы жылы шешімін таппақ. Ол үшін ауызсудың сметалық-жобалық құжаты дайындалып жатыр. Сол кезде облысты өзіміздің өніммен, яғни сұйық маймен ішкі нарықты қамту үлесін  100 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар.

Күзгі науқанда әр ауылдарды аралап, диқандармен кездесіп, жеке шаруа қожалықтарының жай-күйімен, қысқа дайындығымен танысып жүрген басқарма басшысының орынбасары Алтынбек Алжанов осындай ірі жұмыстарды ұйымдастырып, тәуекелге барып отырған кәсіпкерлерге алғысын айтты.

— Сұйық май әлеуметтік маңызы бар тағам түріне жатады. Қазіргі таңда қоспасыз дайындалып жатыр. Егер бұл өзімізден өңделіп, сөреге шығарылса, ең алдымен, бағаны тұрақтандырады. Осындай ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету — біздің міндетіміз. Жұмысын жүргізуге жеңілдетілген несиелер алып беріп,  кәсіптерін дамыту үшін қосымша жер мәселесін шешіп беруге күш салатын боламыз, — деді ол.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button