Спорт

«Ақтөбенің» жетінші жеңісі: 2:0 

Бірінші лига

Бейсенбі күні, 22 қазанда бірінші лиганың ХІ тур кездесулері өткізілді.

Бірінші конференцияда ойнап жүрген жерлестеріміз бұл турда алғашқы үштікте келе жатқан «Қыран» командасымен кездесті.

Бұл ойын алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталды. Екі команда да бірден тізгінді қолға алуға тырысты. Бірақ ортада ойнақтаған теңбіл допты екі команда да еркін пайдалана алмады. Алма-кезек шабуыл өрістеумен болды. Әсіресе, Премьер-Лигаға берілер жолдама қолдан сырғып бара жатқанын қатты сезінген «Қыран» футболшылары біздің қақпаға тайлы-таяғымен лап қоюға тырысып-ақ бақты. Дегенмен мығым қорғаныс пен қарсы шабуыл олардың адымын аштырмады. Осындай сәттердің бірінде «Қыранның» дәл қақпасының алдында оңтүстіктік қорғаушылар Әділхан Таңжарықовты шалып құлатты. Бас төреші Григорий Московченко еш кідірместен пенальти белгіледі. 11 метрлік нүктеге асықпай басып келген Эдуард Суханов нысананы дәл көздеді — 1:0.

Бұдан соң да шабуылдар мен қарымта шабуылдар жалғаса берді. Тайм соңына жақындағанда Эдуард Суханов тағы бір голдың авторы атанды. Бұрыштан берілер допты біздің жігіттер бір-біріне қақпақылдай отырып, ақыр соңында қажет жерден табыла кеткен Рифат Нурмугамет қақпаға тіке соққы жасап еді, қорғаушылар жанталаса қимылдап кері қайтарды. Осы кезде Эдуард Сухановтың тура алдына келе қалған допты еш тоқтатпастан еңірете соққы жасағаны сондай, доп сәл көретіліп барып, қайтадан төмендеді де, қақпаға зу етіп енді де кетті. Қырандық қақпашы Андрей Пасеченко еш әрекет жасай алмай қалды — 2:0.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда тынымсыз текетірес қайта басталды. Қарсылас команда футболшыларын тобықтан қағу тәірізді ойын ережесін бұзушылықтар да пайда бола бастады. Сондай қарбалас сәттерде біздің футболшылар бірнеше тамаша мүмкіндікті пайдалана алмай бармақ тістесе, қарсыластарымыз да қапы қалып жетті. Құйтырқылықпен төнген бір допты қақпашымыз Жасур Нарзикулов асқан шеберлікпен қайтарса, тағы бір доп қақпаның оң діңгегіне тиіп кері серпілді. Дегенмен ақтөбелік футболшылар бұндай сәттерге бола тіпті де асып-сасқан жоқ, аса сауатты ойын өрнегінен айырылмай, қақпаны аман сақтап, тағы да үш ұпайды еншіледі.

Еске сала кетсек, бұл екі команда бірінші айналымда тең ойнаған (0:0) болатын.

«Ақтөбе» — «Қыран» — 2:0.

Голдар авторы: Эдуард Суханов, 15-минут, пенальти (1:0); Эдуард Суханов, 39-минут (2:0).

«Ақтөбе» мына құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов (капитан), Әлішер Әжімов, Әділхан Таңжарықов, Рустам Темірхан, Антон Шурыгин (Есен Жасанов, 59-минут), Максим Самородов (Владислав Прокопенко, 63-минут), Рифат Нурмугамет (Никола Цуцкич, 59-минут), Георгий Бурнаш, Андрей Часовских (Ардақ Сәулет, 63-минут), Эдуард Суханов, Олег Чернышов (Рустам Сахибов, 76-минут).

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Куасси Куаджа, Тәуіпбек Орналин, Бобан Джорджевич, Нұрболат Батырханов, Жамбыл Көкеев, Демият Сламбеков.

2020 жыл 22 қазан-17.00. Павлодар, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Арыс»-«Екібастұз» — 2:2.

Гол авторлары: Анатолий Красотин, 8-минут (0:1); Бақдәулет Ақберген, 11-минут (1:1); Бақдәулет Ақберген, 36-минут (2:1); Арман Смаилов, 69-минут (2:2).

2020 жыл 22 қазан-11.00. Павлодар қаласы, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

«Алтай»-Байқоңыр» — 0:2.

Гол авторлары: Ислам Рахметов, 68-минут (0:1); Елжас Сарбай, 81-минут (0:2).

2020 жыл 22 қазан-14.00. Павлодар қаласы, «Жұлдыз» стадионы. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Бірінші лиганың бірінші конференциясы бойынша 1-орындағы тұғырын «Ақтөбе» командасы одан әрі нықтай түсті — 23 ұпай. Жерлестеріміз 9 кездесуде 7 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады. Доп айырмашылығы — 21:2.

2-орында 18 ұпайы бар «Арыс» (Арыс) тұр.

3-орындағы «Қыранның» (Түркістан) 16 ұпайы бар.

13 ұпайы бар «Мақтаарал» (Атакент) бұрынғысынша 4-орында қалды.

5-орындағы «Байқоңыр» 10 ұпай жинады.

6-7 орындарды 6 ұпайдан жинаған «Алтай» (Семей) мен «Екібастұз» (Екібастұз) бөлісіп тұр.

Ескерте кетейік, «Ақтөбе», «Мақтаарал» «Алтай», «Екібастұз» — 9 кездесуден, ал «Арыс», «Қыран», «Байқоңыр» — 10 кездесуден өткізді.

ХІІ тур ойындары 25 қазан, жексенбі күнге белгіленді:

«Байқоңыр» — «Мақтаарал»

«Екібастұз» — «Ақтөбе»

«Қыран» — «Алтай»

«Ақтөбенің» мергендері:

Эдуард Суханов — 4 гол авторы.

3 голдан соққандар: Олег Чернышов, Бобан Джорджевич.

2 гол өткізгендер: Владислав Прокопенко, Рифат Нурмугамет, Виталий Волков, Максим Самородов.

1 гол авторлары: Әділхан Таңжарықов, Демият Сламбеков, Андрей Часовских.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button