Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус: аудандардағы ахуал қандай?

Коронавирус инфекциясы елімізге таралып, халық жаппай ауырған кезде аудандық ауруханалар да біраз қиындықтарды өткерді. Жасыратыны жоқ, ел медицинасы осы сәтте сыналды. Дәрі-дәрмек тапшылығы өз алдына, тыныс алу аппараттарының жоқтығы біраз адамның өмірін қысқартты. Ал қазіргі таңда аудандық ауруханалардың ахуалы қандай? Екінші толқын болса, бірінші кездегі қиындықтар қайталанбай ма? Осы сұрақтарды бірқатар аудандық аурухана басшыларына қойдық.

Қарғалы ауданы

ӘЛІМБЕТТЕ 40 ОРЫНДЫҚ КАРАНТИНДІК СТАЦИОНАР АШЫЛДЫ

Қарғалы ауданы Ресеймен шекаралас жатқандықтан көрші елден келіп, кететіндер көп. Дәл қазіргі кезде шекарадан өтетіндерді қатаң тексермесе, жағдайдың жақсы болмайтыны анық. Себебі Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп кеткен. Біздің облыста соңғы мәлімет бойынша індетке шалдыққандардың  барлығы көрші елден келгендер. Аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржановтың айтуынша, алтыншы қазаннан бастап Әлімбет шекара бекетінде 40 орындық карантиндік стационар ашылған. Республиканың Бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша шетелден келген  қазақстандықтар егер ПТР-тест болмаған жағдайда екі  тәулікке стационарға жатқызылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде кем дегенде 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы ұсынады.  Егер сырттан келген ҚР азаматтарында анықтама болмаса екі тәулікке оқшауланады. Бұл жерде  ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық сынама алынады.  Бүгінгі күнге дейін Әлімбет бекетінде 126 адам стационарға жатқызылып, оның 123-і үйіне жіберілген.

— Індеттің бірінші толқын кезінде қиындықтардың болғаны рас. Қазір содан сабақ алып, дайындық жұмыстарын жаз айынан бастадық. Бүгінгі күні ауруханада 8 жасанды тыныс алу аппараты, 18 оттегі концентраторы бар. Әр кереуетке оттегі келіп тұр. 60 оттегі баллоны дайын тұр. Ол жетпей қалса, дайын тұрған 5 мың оттегі қорын пайдаланамыз. Дәрі-дәрмек, медициналық бетперде, антисептик және өзге де құрал-жабдықтар, қауіпсіздік құралдары жеткілікті. Дәрігер тапшылығы жоқ. Әрине, екінші толқынның болмағаны жақсы. Бірақ қамсыз отырмауымыз керек. Қазір тұрғындар алаңсыз жүр. Әлеуметтік желі арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барынша сақтанып жүрген жөн. Күн суытып келеді. Тұмау инфекциясы басталады. Осы кезде індет өршісе, жағдайдың оңай болмасы анық. Сондықтан әрбір тұрғын өз денсаулығына мұқият қарағаны жөн, — деді Берік Жаржанов.

Аурухана мамандары індеттің алдын алу үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Бас дәрігер әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, тұрғындардың сұрақтарына жауап беруде.

Мәртөк ауданы

ШЕКАРАДАН ӨТЕТІНДЕР  ТЕКСЕРІЛЕДІ

Облыста Ресеймен шектесетін ауданның бірі — Мәртөк. Қазіргі таңда ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда көрші елден келетіндер қатаң тексерулерден өтеді.  Жайсаң көпсалалы колледжінің жатақханасының жанынан 100 төсек-орынға арналған карантиндік стационар ашылды. Аудан әкімі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, екінші толқынға дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

Күніне шекарадан жүз елуге жуық адам өтсе, соның қырыққа жуығы стационарда жатады. Жалпы бірінші толқын кезінде барлығымыз да тәжірибе жинақтадық. Өткен қиындықтарды қайталамауға тырысып жатырмыз. Карантиндік стационардағы жүз орыннан бөлек, аудандық аурухана ішінен алпыс кереует  дайын тұр. Бұл жерлерде Ресейден келетін азаматтарды қабылдауға толық мүмкіндік бар.  Аудандық аурухана базасын нығайтуға күш салынып жатыр. Қазіргі күні жеті жедел жәрдем көлігі бар. Оның бесеуі «Уаз» маркалы болса, біреуі — «Ларгус», екіншсі —  реанимобиль. Сандық рентген, УДЗ аппараттарын сатып алдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында  250 миллион теңге қаржы бөлініп, аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Жайсаңдағы дәрігерлік амбулаторияның да құрылысы бір айдың ішінде аяқталады. Жоба құны — 125 миллион теңге, — деді аудан әкімі.

Аудандық ауруханада  17 ИВЛ, яғни жасанды тыныс алдыру аппараты,  24 дана «Аксимат» оттегі консентраторы, 10 дана оттегі баллоны, 60 дана оттегі жастықтары бар. Оттегі баллондары таусылған жағдайда оны толтыру үшін арнайы қор дайын тұр.

Аудандық орталық аурухана негізгі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. COVID-19 және пневмонияны емдеу хаттамасына сәйкес аудандық ауруханаға «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы қажетті антибиотиктер, қақырық түсіру дәрілері және гормондық дәрілер мен вирусқа қарсы препараттар толық көлемде жеткізілді. Дәрі-дәрмек қоры 1,5-2 айға жетеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарға қызмет көрсететін медицина қызметкерлеріне биылғы  жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында, аудандық аурухананың 175 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 35,8 миллион теңге қосымша үстемеақы төленген.

Халықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін ауданда 5 дәріхана жұмыс істейді. Антибиотиктер, қызуды төмендететін дәрілер және дезинфекциялық құралдар дайын тұр. Мәселен, 1250 дана ацетилсалицил қышқылы болса,  цефазолин —  2313, 1400 дана цефтриаксон және тағы басқа да дәрі -дәрмектер жеткілікті.

Дәрі-дәрмектің толық көлемде болуын және бағасының негізсіз көтерілмеуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік орган басшылары мен қоғамдық қызметкерлер қадағалауда.

Жалпы, аудан бойынша індет басталғалы COVID-19 ауруына барлығы  54 адам шалдыққан. Ал коронавирус жұқтырған төрт дәрігер емделіп шыққан.

Темір ауданы

ДӘРІГЕРЛЕР КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРМАҒАН

Індеттің бірінші толқынында облыс аудандарының ішінде коронавирусқа шалдыққандардың ең көп тіркелгені Темір ауданы болды. Ауданда 189 адам коронавирус жұқтырып, 507 адам пневмонияға шалдыққан. Бір инфекциялық, бес провизорлық және бір күндізгі стационар ашылды. Сол қиын кезеңде бір күнде 152 адам ем қабылдаса, күндізгі стационарда 250 адам ем алған. Күніне 400-ге жуық науқасқа медициналық көмек көрсетілген. Алғашқы кезде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті болғанымен, науқастар көбейген сәтте екі-үш күн дәрі тапшы болып, түрлі қиындықтар болыпты. Алайда аурухана басшылығы мәселені тез шешті.  Төтенше жағдай кезінде аудандардың арасында алғашқы болып реанимобиль көлігін сатып алды. Нәтижесінде ПТР-тест сынамалары облыс орталығына уақытында жеткізіліп отырды. Маусым айында тағы бір осындай көлік әкелінді. Бір қуантарлығы, стационарларда жұмыс жасаған мамандардың ешқайсысы коронавирус жұқтырмапты.

— Мамандардың бірд- біреуі індетке шалдыққан жоқ. Бұл — олардың өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздікке мән бергенінің бір көрінісі. Әрине, алғашқы толқын кезінде түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Қазір соны қайталамас үшін жұмыс жасап жатырмыз. Екі айға жетер дәрі-дәрмек қоры бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, әкімдік тарапынан қаражат бөлінді. Қажетті қауіпсіздік құралдарын сатып алдық, — деді Темір аудандық ауруханасының бас дәрігері Есентемір Демегенов.

Ауруханада 5 тыныс алу аппараты, 22 оттегі концентраторы бар. Оттегі баллондары дайын тұр. Қазіргі күні ауруханада 68 дәрігер, 271 орта медицина қызметкері, 81 кіші медицина қызметкері, 114 техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Биыл медицина университетін бітірген 5 дәрігер, яғни  екі  акушер-гинеколог, хирург, терапевт, эндокринолог мамандар  жұмысқа қабылданды.

— Темір облыс орталығынан алыс әрі қиын  аудан болғандықтан жас мамандар келе бермейді.  Ал келген мамандарға барлық жағдай жасалады. Сондай-ақ мамандарды қайта даярлықтан өткіземіз. Мәселен, соңғы үш жылда 29 дәрігер келсе, соның 28-і қайта даярлықтан өтті. Екінші толқын бола қалса, мамандардың барлығы бірден іске кіріседі, — деді Есентемір Демегенов.

15 қазанда ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 адам тіркелген.  Тұрғын полимеразды тізбектік реакция (ПТР) тесті арқылы сынама тапсырғанда, вирус жұқтырғаны анықталды. Қазіргі күні науқастың  өзі және жақын байланыста болған адамдар үй карантиніне оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button