Экономика

Ақтөбеде түйіршіктелген жоңышқа өндіріледі

Сапалы мал азығы — мал шаруашылығын дамытудың негізі. Облыста құнарлы мал азығына сұраныс жоғары. Шаруалардың көпшілігі азықты сырттан әкеледі. «Байорда» ЖШС-ның директоры Ертай Кенжебеков осыдан бір ай бұрын Мәртөк ауданының Сарыжар округіне қарасты аумақта  жоңышқа, амарант (щирица, қызылқұйрық)  өсімдіктерін түйіршіктеп өндіруді қолға алыпты. «Жоңышқа жеген мал семіз әрі сүтті болады» дейді ол. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 28 миллион теңге несие алған кәсіпкер жігіт зауытқа  қажетті қондырғыларды Украинадан әкелген.

Осыдан үш жыл бұрын жерді жалға алып, осы кәсіпті бастамақ болдық. Себебі біздің облыста сапалы мал азығына  сұраныс жоғары. Малдың еті мен сүтін молайтатын құнарлы азықтың басым бөлігі сырттан әкелінеді.

Жерді алған соң электр жарығын жүргізіп, көгілдір отын тарттық. Зауытты өткен жылы іске қосуды көздеген едік. Алайда әлемді жайлаған індет шаруаның жүруіне кедергі болды. Украинадан келетін қондырғылар уақытында келмеді. Өзім ағамның денсаулығына байланысты Түркияға кетіп қалдым. Осылайша зауыт бірден іске қосылмады. Осыдан бір ай бұрын қондырғы әкелінді. Қазір күніне 10-12 тоннаға дейін түйіршіктелген мал азығын дайындауға болады. Жоңышқа мен амарантты түйіршіктейміз, яғни малдың жемін дайындаймыз. Жоңышқаны  «Айс» мекемесінен алсақ, амарантты өзіміз егеміз. Жалпы бұндай мал азығы облыста өндірілмейді. Көпшілігі жоңышқаны еккенмен оны түйіршіктемейді. Ал түйіршіктелген жоңышқа мен амаранттың  пайдасы қандай? Себебі тығыз болады, малға беруге ыңғайлы әрі құнарлылығы сақталады. Құрамындағы азот, калий, фосфор секілді дәрумендердің барлығы жойылмайды.  Бұл өсімдіктерді  кептірудің екі тәсілі бар. Бірі — табиғи, екіншісі —  жасанды. Табиғи жолмен кепкен өсімдіктің құрамындағы ақуызды күннің ультракүлгін сәулесі жойып жібереді. Ал жасанды жолмен кептіргенде ақуыз сақталады. Біз жасанды жолмен кептіреміз, — дейді Ертай Кенжебеков.

Түйіршіктелген жемді жеген малдың еті де сүті де молаяды. Мәселен, амарантты жеген сиырдың салмағы күніне 1,5 жарым келіге артып, сүті 20 пайызға көбейеді.

— Өзім Украинада төрт жыл жұмыс жасадым. Бұл ел мал азығының осы түрін өндіріп, сырт елдерге Түркияға, Араб мемлекеттеріне шығарады.  Қазір біздің облыста сапалы жем жоқ. Сұрастырып көргенімде көпшілігі кебек алатынын айтады. Оның ешқандай құнары жоқ. Ал жем сапалы,  құрамында ақуыз болса, малдың салмағы артып, сүті молаяды. Мал шаруашылығымен айналысатындардың көпшілігі бірінші бағасына мән береді. Бұл жерде баға емес, сапа маңызды болуы керек. Мәселен, біз шығаратын түйіршіктелген жемнің бағасы базардағы кебектің бағасымен бірдей, яғни арзан. Бір келісі — 100 теңге. Себебі осы жерде өндіріліп жатыр. Ал арзан екенін білген кезде көпшілігі күдікпен қарайды. Тәуекелге бара алмайды. Мәселе, бағада емес, сапада екенін білсе деймін. Әрине, оларды да түсінуге болады. Біреу айтты екен деп білмейтін азықты сатып алуға болмайды. Сондықтан мен шаруаларға айтамын. Егер жиырма сиырыңыз болса, соның екеуіне бір ай жоңышқа мен амарантты беріңіз. Себебі тосыннан келген азықты мал бірден жемейді. Оның үйренісуіне кемі екі күн керек. Ал бір айдан кейін нәтижесін қараңыз деймін. Жарты жылда малды семіртуге болады. Қазір жоңышқаның пайдасын білетін жеке адамдар өнімді  алып жатыр. Сұраныс бар, — дейді серіктестік директоры.

Түйіршіктелген амарантты негізінен ірі малға береді. Ал жоңышқаны ұсақ малға да беруге болады. Амаранттың үш түрі бар. Ертай Кенжебековтың айтуынша, бұл өсімдікті өңдеп май алуға болады. Құрамында омега-3 дәрумені бар. Негізінен фармакологияда кеңінен пайдаланады.

Іске қосылғанына бір айға жуық уақыт болған зауытта өнімнің алғашқы легі шығып жатыр. Серіктестік директоры шаруа әрі қарай жанданған кезде  қосымша жұмыс күшін алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button