Экономика

Мәртөкте жол жөнделіп жатыр

Биыл  Мәртөк ауданының экономикалық көрсеткіші 8 идикатор бойынша өскен. Аудан әкімі Ермек Кенжеханұлы  өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының тоғыз айдағы көрсеткішін баяндады.

Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 105,7%-ға өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі —  109,9%, пайдалануға берілген тұрғын үй  — 105,7%, бөлшек тауар айналымы —  117,1%, көтерме сауда — 109,2%, салық түсімдері —  137,7%, жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны —  113%, құрылыс жұмыстарының көлемі 105%-ға артқан.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі  94,2%-ға, ал  өңдеу өнеркәсібі – 92,5%-ға төмендеген.

Өкінішке қарай, бұндай жағдай тек біздің аудан емес, облыс аумағында болып отыр. Коронавирус инфекциясына қарсы шектеу шараларын қолдануға байланысты кәсіпорындар өндірісті қысқартуға мәжбүр болды. Дегенмен аудан бюджетінің кірісі —  824,3 миллион теңге, яғни жоспар 119,4 пайызға орындалды. Бюджеттің шығысы —  9423,6 миллион теңге.  Биыл  ауданда жалпы сомасы 9 миллиард 311 миллион теңге болатын  86 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде 52 жоба ауыл шаруашылығы саласына қатысты болса, кәсіпкерлік саласында — 31 және әлеуметтік 3 жоба бар.

Ауданның негізгі саласы — ауыл шаруашылығы. Бұл бағытта қыруар шаруа атқарылып жатыр. Мал өсіру, егін салу бағытындағы жұмыстардың оң нәтижесін көріп отырмыз. Биыл 126,1 гектар жерге егін егілді. «Коквест», «Milker», «Родники-Агро» секілді серіктестіктер өнімді жоғары көлемде жинады, — деді аудан әкімі.

Ауданға  қарасты 32 елді мекен бар.  Соның ішінде 24 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Халықтың орталық сумен қамтамасыз етілуі — 94,9%.

Биыл  «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  Родниковка ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және кеңейту бойынша жалпы сомасы 720,8 миллион теңге болатын жұмыс жүрді.

Аудан бойынша газбен қамтылған елді мекендер саны — 9.  Биыл Құмсай ауылына көгілдір отын кірді. Жобаның жалпы құны — 162 миллион теңге. Аудан әкімі жол құрылысына қатысты атқарылған шаруаларды баяндады. Аудандық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы — 287,5 километр. Оның  46,3%-ы жөндеуді қажет етеді.  Биыл  74 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 1,3 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бүгінгі таңда 44 шақырым автожол жөнделді. Ол — Мәртөк-Қобда, Мәртөк – Қаратоғай көлік жолы.

Жалпы, ауданға қарасты 52 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде. Қазан айында Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк бағытындағы жолға орташа жөндеу жұмыстары басталған. Құрылыс келер жылы аяқталады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәртөк – Вознесеновка жолының 15 шақырымы жөнделіп жатыр. Жоба құны — 150 миллион теңге.

Аудан орталығының ішіндегі жолдары да назардан тыс қалмады.  Мәселен,  Байғанин, Әубәкіров , 312-атқыштар дивизиясы, Жангелдин, Әуезов және Бөкенбай батыр көшелеріне  орташа жөндеу жүргізіліпті.  Бұл жұмыстардың барлығы  «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты.  Құны — 235,2 миллион теңге. Осы бағдарлама аясында Сарыжар ауылында жалпы сомасы 101,2 миллион теңгеге Жаңақоныс және Әйтеке би көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жыл  соңына дейін Жайсаң ауылындағы 3,5 шақырым ауылішілік жолдар жөнделіп болады.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында аудан бойынша бес елді мекенде құны 2,1 млрд теңгені құрайтын 19 жоба қаржыландырылып,  530 адам жұмыспен қамтылған.  «Еңбек» бағдарламасы аясында  аудандағы 2745 тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінгі күні жоспар  87,8% -ға орындалды.  Ермек Кенжеханұлы осы және өзге де атқарылған шаруаларға тоқталды. Білім, денсаулық, мәдениет салалары бойынша да қыруар жұмыс жүріпті. Сондай-ақ ауданда құрылған мониторингтік топтың жұмысын айтты. Облыстың Бас санитар дәрігерінің қаулысын орындамағандарға ескерту беріліп, айыппұл салынып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button