Әдебиет

Мазасыз

ЖАҚСЫЛЫҚ — 70

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақүй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», — дейді Абай жарықтық жетінші қарасөзінде. Сол білсем деп дәйім алға ұмтылғандардың бірі — Жақсылық ағамыз.

Ол кісімен араласатындар жақсы біледі, Жақаң — өте мазасыз адам. Түртінектеп ылғи өзіне жұмыс тауып алып жүреді. Сосын айналасына да маза бермейді. Кейде ығыр болып кететінің де рас. «…осы кісіге ғана керек пе екен?» деп күңкілдейсің. Бірақ оныңа қарап жатқан Жақаң жоқ. Бастаған ісін аяқтағанша тынбайды. Оның мазасыздығының игілігін ел көреді.

Ұзақ жылдар облыстық телеарнада жұмыс істегенде өңірдің ақын-жазушылары туралы тамаша хабарлар жасады. Ақтөбе топырағынан жаратылған сөз иелерінің біршамасының бейнесі таспаға түсті. Ол — біздің алтын қорымыз!

Анабір жылы Ақтөбенің қақ ортасында Төлеген Айбергеновтің бейнесі мен  бір шумақ өлеңі жазылған баннер жарқырап тұрды. Олай өткен де, былай өткен де қарайды. Танитыны сүйсініп, танымайтыны танитындардан сұрап, ұлы ақынды біраз адам біліп қалды. Сол баннерді ақшасын төлеп, жасатқан азаматтың есімі — Базаркелді Ертуған. Түрткі болған — сол кезде Nur Otan партиясында жұмыс істеп жүрген ақын Жақсылық Айжанов. Саяси партияның «жүзін»  жылытатын осындай әрекеттер емес пе?!.

Nur Otanда жүргенде Жақаң  жан-жаққа хатты бұрқыратып жататын. «Пәленшенің кешін өткізу керек…», «Түгенше ұмыт қалып барады…». Сол тұста Ақтөбе педагогикалық институтын басқарып отырған Ғалымжан Нұрышев біраз шаруаға ұйытқы болды. Төлеген Айбергеновтің 70 жылдығы, Мейірхан Ақдәулетұлының, менің шығармашылық кештерім өтті. Әрине, біз Мейірхан аға екеуміз өз кешімізді өзіміз ұйымдастыра аламыз ғой, бірақ Жақаңның  қарлығаш-ниетіне риза болғанымыз тағы рас.

Ақтөбеде айтыс өнерінің дамуына да Жақаң қосқан үлес орасан. Дәл ол секілді өңірдегі айтыс тарихын білетін адам аз. Сөйлеп кетсе, қай ақынның қай айтыста үздік шыққаны, кімнің кімге қалай ұтымды жауап қайтарғаны туралы мәліметтерді қарша боратады. Айтысты ұйымдастырудың өзі кілтипаны көп шаруа ғой. Мысалы, екі мықты сөреден шыға бере тістесіп қап, бірі қалып кетіп, мәреге қай-қайдағы біреудің жетіп жығылатыны бар.

Соның кесірінен, финалдағы айтыс божырап, тыңдаушы үйіне ренжіп аттанады. Міне, сондай жағдай болмау үшін ұйымдастыруға Жақаң сияқты осы саланың білгірін тарту керек. Ол кімнің әлеуеті қандай екенін беске біледі.

Оның кіндік қаны тамған Байғанин ауданы — таланттардың отаны ғой. «Жарқамыс — жарты Жазушылар одағы» — деген Қадыр ақынның сөзі қазір мәтелге айналды. Жақаң сол дүрлердің көбімен етене араласқан, іні боп қасына ерген адам. Марқұм Есенбай ағаның:

Сағидай сазда өскен Жақсылығым,

Жүр шығар баптап жырдың ақ шыбығын.

«Жүр-жүрлеп інілердің ізіне еріп,

Жүрегім іздемеген тапшы күнім, — дейтіні де содан. Жақаңның мұрындық болуымен Бәкір әнге қосқан әйгілі Ақбұлақтың жан-жағы абаттандырылды. Бірнеше мектепке спорт алаңы салынды. Сағи Жиенбаев пен Сәбит Баймолдиннің жеке кітапханалары Ақтөбеге алдырылды.

Мен туған Бесқала өңірінің перзенттері де Жақаңды жиі іздейді. Ана жолы Дәуіт атаға ас бергенде Алматыға арнайы алдыртып, ата туралы кітабын пышақүсті талап әкетті.

Ақтөбеде даңқты қолбасшы Бөкенбай батырға ескерткіш ашылғанда Жақаңның сөзіне жазылған Орал Байсеңгірдің  әні шырқалып тұрды.

… Адамның есімі кейде оның болмысын айқындап тұратын секілді. Мысалы, Жақсылық деген кісіден қалай жамандық күтесің! Оның үстіне ол — сөз иесі, ақын болса?

Даланың мынау дархан Жақсылығы,

Ән-жырдың көк тіреген ақ сырығы.

Адамның адамдығын нұрландырған,

Той менен мерекенің жақсы күні, — дейді Төлеген Айбергенов әйгілі жырау Жоли Жақсылыққа арналған өлеңінде. Осы мақаланы жазып отырып, сол өлең есіме түсе берді. Әрине, өз шығармашылығын ғана құнттап, өзінің аты озғанын ғана мақсат тұтса, ешкімнің де «неге өйттің?» демесі хақ. Бірақ оның үнемі елдік шаруаны алға қойып жүретіндігі — жанының мазасыздығы,  азаматтығы. «Адамның адамдығын нұрландырып» жүргенге не жетсін!?

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағы

Ақтөбе облыстық филиалының директоры.

БЕДЕЛДІ  БИІКТЕГІ ДОС

Өмір — тұнып тұрған заң! Бағынасың. Қызмет. Отбасы. Мен үшін курстас достармен жиі кездесудің сәті аса түспеді. Кеудемді оларға деген сағыныш кернесе де шыдап бақтым.

Уақыт сырғып өте берді, оның ырғағымен алға жылжи бердік. Анда-санда ақпарат құралдарынан кейбіреулерін көріп қалып жүрдім. Сөйтіп жүргенде 40 жыл түсіпті-ау араға. Ақ түйенің қарны жарылып, 2015 жылы курстастар ҚазМУ-ды бітіргеніміздің 40 жылдығына Алматыда кездесу өткіздік. Ол қуанышты қауышуды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Мәре-сәре болдық. Бүгін сол достардың ішнде маған арнайы телефон шалып, ерекше іздеген: «Кездесуге келесің бе?» — деген Жақсылық жайлы (өзіміз «Жақа» дейміз) әңгіме өрбіткім келеді.

Жақамыз  — Ақтөбенің перзенті. Студент күнінде шындықтай қарапайым, тұйықтау, көп шешіле бермейтін, достыққа адал, намысты қолдан бермейтін өр жігіт болатын. (Әлі де солай). Арықтау келген, жұқа өңді еді. Аудиторияда көбіне терезеге қарап, бір нәрсені қиялдап отыратындай көрінетін. Ол ортамызда ақындық өнерімен жарқ етті. Талай кештерде өзіңің сырға толы, әдемі өлеңдерін оқитын. Өлең оқығанда, өзіне тән бір келісті дауыс ырғағы болатын. Әрине, ол кезде оның шығармашылығын бағалай білдік пе, жоқ па, білмеймін. Дүркіретіп, қол соғып, улап-шулап кете беретініміз рас еді.

Кейін «Ана тілі» газетінен, тағы басқа басылымдардан өлеңдерін оқып жүрдім. «Е, Ақтөбесінде екен ғой, аман жүрсін», — деп қоям іштей.

Жоғарыда айтып өткенімдей, 2015 жылдағы кездесуде көрістік Жақамен. Бойында көп өзгеріс бар. Толған. Жігіт ағасына айналған. 40 жыл көріспеген біздер даурығып, бір-бірімізге сөз бермей жатырмыз. Ол болса, баяғы сабырлы қалпы, сол баяғысынша орнықты. Көп тыңдап, аз сөйлейді.

Қарап отырсам, ақындық өнермен айналысқанына 50 жылдай уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде бірнеше өлеңдер жинағы жарық көріпті. Бәрі де кезінде өз оқырманынан бағасын алды. Өзін де, өзгені де бағалай білетін Жақаның бұл — артында қалатын игі ісі, мұрасы. Шығармашылығын қадағалап, оқып жүрдім деу әбестік болар, олай деп айта алмаймын. Бұйырғанын оқып жүрдім.

Қашанда өлеңді өлең ететін — ақынның тіл шеберлігі. Жақа «Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін» деген Абай бабасының өсиетін басты қағида етіп ұстанады да, өлеңнің асқан таланттан, нәзік терең сезінуден туатынын түйсінетіні — басты қасиеті. Ақынның шабыт тұғыры тереңде жатыр. Өзіне тән дара пәлсападан да кенде емес. Поэтикалық мінсіз, әдемі үйлесіммен, сыршыл да шыншыл сезіммен, поэзияға тән леппен тасқа таңба басқандай сөйлейді-ау. Мысалы, мына өлеңі оған мысал:

Тілдесе алмай,

Абаймен жүрмін,

Тілдескендер де көп пе еді?

Жүздесе алмай,

Құдаймен жүрмін,

Тәңірім алыс көктегі.

Керемет, ірі айтылған терең сөздер! Кесек-кесегімен лықытып, төге салады. Тіпті сескеніңкіреп те оқисың. «Құдаймен  жүздесу» дегенді де әркім айта бермейтіні хақ қой.

Ақын біткеннің бәрі саяны өлеңнен табады. Өлең — олардың досы, сырласы, серігі, панасы.

«Жаныма жалғыз жалау болатын,

Ей, өлең, түсінетін сенсің тек мені.

Толқын біткеннен қағажу көріп,

Қайықтаймын ба, жағаға шыққан шеттегі.

Дүние сұрғылт боп кетті деп,

Ақ қарға жайдым өкпені…

Көңілдегі көңілсіздігін, ішкі толғанысын өлеңге жаяды осылай ақын. Әдемі иірімдер, әдемі ой толғанысы, төгілген іші сұлу лирика. Әр сөзі шырайлы, әр сөзі ажарлы. Осының бәрі ой шеберлігінен туындап жатыр.

Иә, Жақамыз қазір кемел шақта. Күш-қуаты да қаламында. Осы ғұмырында тамаша шұғылалы биіктерге көтерілді, көтеріле береді де. Өзіне берілген қызметтің бәрін абыроймен атқара білді.

Аман жүр, өзіңді қатты құрметтеймін, досым. 70-ің тағы да құтты болсын. Көнілің — көктем, жаның жаз болып жасай бер!

 Әлия  МАЛДЫБАЕВА,

білім  саласының  ардагері,

Солтүстік  Қазақстан  облысы.

ҰЛЫ КӨШТІҢ ЖАЛҒАСЫ

Елімізге танымал ақын, атақты журналист, белгілі қаламгер Жақсылық Айжановпен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары соңында аты әйгілі Жарқамыс орта мектебінде білім алғанымызды досқа мақтап, сырттай тілге тиек етемін.

Жәкеңнің өз сөзімен айтқанда, «Жарықтық жер бұл әкелген талай алыпты, сол ұлы көштің жалғасары анық-ты», — дегендей, ол елден шыққан алыптардың халық жадында лайықты сақталуына атсалыса жүріп, өзі де кемтігін іздеп, кетігін түгендеп, ұлы көшті жалғастырып келеді.

Тәңір сыйлаған ғұмырының көп жылдарын бұқаралық ақпарат саласында жауапты мелекеттік қызметтер атқара жүріп, тынымсыз еңбегімен шығармашылық тауқыметті де үлкен абыроймен арқалап келеді.

Оның көтермеген тақырыбы кемде-кем. Ел тағдыры, табиғаттағы кереғар құбылыстар, тірліктегі жөнсіз, ұлттық болмысымызға жат үрдістер секілді саналы адамдардың жанына жара, жүрегіне сызат түсіретін келеңсіз жағдайлар замандасымыздың «жан дауысы».

Таппадым қорқа-қорқа қамысымды,

Тілсіз, дінсіз жүректен ар ұшынды.

Беліме қыстырайын, қамшыңды бер,

Оятсын ұйқыдағы намысымды, —

деп Барақ батыр бабасынан бата тілесе,

Ұлылықтың бір өлшемі сенсеңіз,

Шекараның ең бастысы — тілімде.

Тіл білмеген жалған тірлік құрысын,

Пендесісің,онда өзгенің құлысын.

Жоғала ма алтыным өздігінен,

Көрер ме екен пенделер ездігінен.

Бесіктегі әлди жыр әуендерін

Өлтірмеңдер мәңгүрттік кездігімен, —

дейді.

Қандай батыл да нақтылы тұжырым, шынайы насихат.

Әз Тәукемен сырласуында «Жеті жарғы» заңнамалар топтамасының ел тарихындағы маңыздылығына тоқтала келе, «Әр заманның заңы басқа, көбейді, баптары да кеңейді. Ажырата алар ма екен кей заңдар тектісі мен өгейді? Талай-талай тауқыметке тап болды, заңы аққа, қараға да жақ болды. Лезде үйіріп ап кететін құйындай, бұрылысы көп бап болды», —  қазіргі заманғы көптің көкейіндегі «әттеген-ай» дерлік жағдайларды анық суреттейді, заңдылықтың тұрақтылығын аңсап, Ұлылырға жүгінеді.

Осындайда «шындықты ақын айтады, болмаса… батыр айтады»  деген өткен бабаларымыздың нақылы ойға оралады.

Әр құбылысқа сын көзімен қарайтын замандасымыз көпке тән күнделікті күйбең тірліктен гөрі тарихи-танымдық ізденістермен тереңірек айналысып, ғасырлар қойнауындағы көмілген, кейбір жағдайларда арнайы «көмкерілген» халқымыздың азаттығы жолындағы ұлы тұлғалардың есімдерін жаңғыртып, тоттанған құндылықтарды халық игілігіне жарату жолында жемісті еңбек етуде.

Нәтижесінде жан-жақты зерделеген деректерге, сақталған мұрағаттарға негізделген көптеген шығармалары жарық көрді. Мысалы, ғұмырын ұлан-ғайыр жерімізді қорғауға арнап өткен киелі батырларымыз, дала даналары жөніндеги хикаялар, жыр-дастандар жинақталып, бірнеше кітап болып баспадан шықса, 2018 жылы мектебіміздің 90 жылдығына арнаған «Жүрегімдесің, Жарқамыс» атты екі томдық кітабында мектептің ұлағатты ұстаздары, әр жылғы белгілі түлектерінің өмір жолдары жөніндегі баға жетпес мәліметтер, көпке беймәлім болып кеткен қызықты тарихи оқиғалар жарияланған.

Демек, Жақсылық Айжанов сынды замандас досымыздың ресми түрде танылған ақын-жазушылығымен қоса «өлкені танытушы» атты қырынан көрінуі де біз үшін мақтаныш.

Ақын — халық перзенті қашаннан да!

Халқымен қартайған да, жасарғанда да! —

деп Мұқағали жырлағандай, Жәкеңе 70 жас мерейтойы қарсаңында халқының барын дәріптеп, жоғын жоқтау жолындағы шығармашылығына әр уақытта сәттілік тілейміз.

Селбай ҚОЖЫҚОВ,

прокуратура саласының ардагері.

 

Жусанның мұңы

Мен жусанмын…

Орынбор жақта ормандай оймен қайғырдым.

Бауырымнан неге айырылдым?

Қанатын қағып, сан жылдар өтті, қайтейін…

Мен үшін бүгін ай, күн мұң.

Еділ мен Жайық сырласа қатар ағатын

Заманда жаным рақат жайды табатын.

Ой, дүние-ай,

Сағындырды ғой сол ғасыр

Тұмар қып мені тағатын.

Батыр мен биім

Халқымды жүрген басқарып,

Тұлпарын байлап жатушы еді жастанып.

Қарға бойлы Қазтуғандарды аңсаймын

Қарай да қарай төзімім-дағы таусылды-ау

Жанарымнан кетті жас тамып.

Мен —

Қырымда қалған жусанмын,

Қиялмен ойым бұрады керім.

Қырық батырдың тұмары едім,

Қара теңіздің жағасындағы

Сағынышы менен құмары едім.

Қанаты талып ұшқан кептердің

Қиналысын мен де көп көрдім.

Арманды сырын ұғар кім

Қарасай, Қази, Доспанбеттердің.

Мен жусанмын,

Самарқан жақта қалғанмын

Бабаларыңа арманмын.

Аялай алмай арыстарыңды аттыңдар,

Тірліктеріңе таңғалдым.

Бола да алмай қорғаның

Кезгенмін ойдың орманын.

Ыстық жүрекпен түстікте жатқан далаға

Әму мен Сырдан сағынып сәлем жолдадым.

Қиқуларымен төккенде көктен

Қанаты талмай айтарын,

Жетті-ау деп сенен байтағым

Көктемде құсты қарсы алдым

Сан батыр өткен ту ұстап,

Иіскейтін еді уысқа ап.

Бір түптен қалған тамырдан

Жалаңтөс пенен Төле би жатыр тыныстап.

Аңсарым бөлек емеспін тірі не өлі,

Орным менің кешегі заман төр еді.

Дәуірде мынау тек дәтке қуат етемін,

Ұлы даладан ескенде самал

Бауырымның иісі келеді.

Мен жусанмын,

Түменде қалдым,

Суыққа салқын ұрындым

Сары аяздарға шыдамай талай қырылдым.

Бойымды тіктеп жаза да алмадым

Дауысын естіп азалы арманның.

Ит жеккен жерде мен болдым,

Басына шықтым — жазықсыз

жазаланғандардың.

Өзгеріп кетті тілім дейтұғын тірлігім

Ол да бір бөлек сыр бүгін.

Шөп дейді ме екен

Бауырына да баспайды,

Түсінбей жүрмін шүлдірін.

Тәңірі маған,

Құс болып ұшып кетуді, әттең, жазбаған

Мазалайды көп іңкәрлікпенен

Жусаным деген бұрынғы үн…

Сарайшық

Боздайды Ойсылқара жазығымда

Тербеуде боз даланы сазы мұңда.

Жүрегім сол әуенмен тілдеседі

Тұрған соң Алтын орда қазығында.

 

Тірлігің өрлігің мен салтың арман

Қонысы Қасым ханның Алтын ордам.

Секер көл қайда кеткен ару жүзген

Ұлы су ағады тек жарқыраған.

 

Сұраймын тылсым сырды ормандардан,

Құлазып қалған үнсіз қорғандардан.

Жайықтың жағасында жүр Өтеген

Жүрегін мазалап ой армандаған.

 

Күрессе Бату ханым бағым үшін,

Алмалы бақ болғанды нақ ырысым.

Жеті хан өткен шаhар жер астында

Сен менің болдың мұңды сағынышым.

 

Не арман, бар ед мынау Жайығымда

Патшайым жүзген алтын қайығында.

Сол заман қасиетім, қасіретім

Жоғалту бас қаламды айыбым ба?

 

Қалайша арыламыз мына жайдан

Өлеңді отырған жоқ құрап ойдан.

Болған деп бір дәуірде Астанаңыз

Сыр толғар жәдігерлер мұражайдан.

 

Сарайшық сары даланың төсіндегі

Қазақтың сан өнерін өшірмеді.

Шығысқа, Батысқа да керуендеген

Тоғантады «Жібек жолы» көшің мені.

 

Хандықтар тартысуда қамшы көріп

Бұзылды іргесі елдің, әлсіредік.

Сарайшық, қалпыңменен өкіндіріп,

Барасың мөлдіреген тамшы болып.

 

Қарайды көкте ұшқан құс тізбектеліп,

Барады біздегі ойдан мұз бөктеріп.

Араға сегіз ғасыр өткеннен соң,

Тұр Құлбек, Ғалым, Дархан іздеп келіп.

 

Бұл күнге табылар ма көңіл емі,

Сағыныш Алтын орда төңірегі.

Еділім, Жайығыңның егізі ем  деп

Кеттің деп, неге тастап егіледі.

Анна мен алтын балық

Бірде телеарна тілшісі Анна Данченкоға

«Қазақшаң қалай?» дегенімде:

«Аға, біздің Аралдың балығы

да қазақша сөйлейді ғой», — деп еді.

Аралда балық қазақша сөйлер,

Таңғалдым.

Шынға айналған ба,

Бала күндегі ертегі.

Қалайша ғана білмегем, неткен аңғалмын,

Бабамның сырын шертеді.

 

Тұтас бір теңіз толқынын керіп,

Сырласады екен даламен ұзақ жағада.

Бақытты шақтың жалқынын көріп,

Шуласар сонда шағала.

 

Болды деп ғажап уызын тілдің сезгенің,

Боз белдермен қоңыр самал да еседі.

Осынау сәтті ұғатын неткен кез керім,

Ақша бұлттар да Аралға қарай көшеді.

 

Нұрқанның тілі Торғаймен келіп Құрдымға,

Жер астыменен теңізге барып жетті ме?

Алтын балыққа таңғалып, Анна, тұрдың да,

Нұртуған болып толғана жырлап кеттің бе?..

 

Аспан мен Жер де сөйлейді қазақ тілінде,

Бәлкім, бұл тек алтын балықтың арқасы.

Қошеметтеуден күн-түні көзі ілінбей,

Қол шапалақтайды жартасы.

 

Көрінбейді маған, жағалаудан келем із кесіп,

Жолықсам деумен тек Анна көрген ғажаппен.

Әттең-ай, әттең, сол алтын балық жүздесіп,

Тілдессе әрбір Қазақпен…

Басқа жаңалықтар

Back to top button