Тарих

Хрущевке жолданған жеделхаттар

Зерде

1941 жыл еді. Сол тұста Қазақстанды басқарып тұрған Николай Скворцов компартияның үлкен бір жиынында баяндама жасайды. Баяндама тым ұзақ, 2 күн бойы сағаттап оқылған дүние екен. Бір топ тәжірибелі аудармашыға оны қазақшаға аудару тапсырылады. Олардың арасында Молдабай Әбдіров те бар еді.

Аудара отырып, баяндаманың мән-мағынасыз, бос сөзі көптігіне күйінген Молдабай Әбдіров: «Тым шұбалаңқы екен», — деп қалады. Міне, осы сөз құлақтан-құлаққа жетіп, ақырында басына қара бұлт болып үйірілген. «Республика басшысын мылжың деді, әрі-беріден соң, бұл — Скворцовты осы орынға қойған Сталинге қарсылықтың белгісі», — деген желеумен, оның бұрынғы «халық жауларымен», «тап жауларымен» аралас-құраластығы «анықталып», ақырында Красноярск өлкесінің Бабучанск деген жеріне айдауға жіберіліпті…

Молдабай Әбдіров 1909 жылы Ақтөбе өңірінің Қобда ауданында дүниеге келген. Бір деректерде оның Бекпан хазіреттің ұрпағы екені көрсетілген. Ел-жұрт «Бекпан хазірет» атап кеткен Бекмағанбет Кенбайұлы — Қобда өңіріндегі Қаратал ауылында мешіт-медресе ұстаған, кітапхана салдырған өз заманының оқымыстысы. Ол — Досжан ишан Қашақұлымен замандас, бірін-бірі білген, сыйластығы да болған адам. 1920 жылы дүниеден өткен екен. Жастайынан білім қуып, Алматы, Ленинград сынды үлкен қалалардағы жоғары оқу орындарын тәмамдаған, тағдырдың қатал сынынан сүрінбей өтіп, туған халқына адал қызмет еткен Молдабай Әбдіров — Бекпан хазірет әулетінің бір өкілі деуге әбден лайық жан.

Ол алдымен Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Одан соң оқуын Ленинградта жалғастырған. Ленинградтағы кейін бүкіл Одаққа белгілі болған Н. К.Крупская атындағы Мәдениет институты бұл тұста Коммунистердің саяси-ағартушылық институты аталатын еді. Осы институттың саяси-экономикалық факультетін бітіріп келіп, Алматыда А.Пушкин атындағы орталық кітапхананың директоры болып қызмет еткен. Бұл жылдары Мәскеудің пәрменімен компартия көсемдерінің еңбектерін қазақ тіліне аудару ісі қарқынды жүріп жатқан еді. Молдабай Әбдіров те осы іске тартылған. Ол Маркстің «Капиталын» қазақ тіліне алғаш аударушылардың қатарында болды.

Ал 1941 жылы Скворцовтың баяндамасына айтылған бірауыз сыны үшін итжеккенге айдауға жіберілгенін жоғарыда баяндаған едік. Ол Бабучинскіге келген күннен бастап, өзінің жазықсыз екендігін, еш кінәсіз айыпталғанын айтып, Мәскеуге хат жолдаумен болған. Бірақ ол жақтан өзі күткен жақсы хабарды ұзақ жылдар бойы ала алмаған. Тек 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін орнаған жылымық кезінде ғана үміті ақталыпты.

Елге 1954 жылы оралыпты. Ол тұста қатынас қиын, Красноярскідегі әуежайға келсе, билет алу үшін кезекке тұрған жұрттың қарасы қалың екен. «Менің билеттің кезегіне тұрғаныма 15 жылдай уақыт болды» — деп, өзінің ақталып шыққанын айтып, жұртты кимелей өтіп барып, билетке қол жеткізіпті. Кросноярскіден Новосібір арқылы Семейге жетіп, Семейден Алматыға аттанады. Жолдың азабын отбасымен, дос-жаранмен қауышудың қуанышы ұмыттырса керек.

Ақталғаннан кейінгі өмірін аударма ісіне, ғылыми ізденістерге, педагогтік қызметке арнаған. Экономикалық терминдер сөздігін құрастырып шығарған. Соңынан ерген талапты жастарға, олардан бөлек, қиындық көріп жүрген жандарға да көп көмектескені естеліктерде қалған.

Бірауыз сынға бола 14 жыл айдауда болғанына қарамастан, ол өмірін туған халқының мүддесіне арнасам деген мақсатынан ешқашан айнымаған. Бұған оның Кеңес Одағының 1954-1964 жылдардағы басшысы Никита Хрущевке жолдаған жеделхаттары дәлел. Хрущев — КСРО құрамындағы ұлттарды бір тілде сөйлейтін кеңес халқына айналдыру саясатын қарқынды жүргізген басшы. Осы саясатымен, әсіресе, қазақ халқына неғұрлым тырнағын батырғаны белгілі. Қазақстанның бірнеше облысын Тың өлкесіне біріктіріп, кейіннен Ресей құрамына қосуды көздеді, оңтүстіктегі аудандарды Өзбекстанға беріп жіберді, Маңғыстаудың мұнайын игеруді сылтау етіп, Түрікменстанға қоспақшы болды, жүздеген қазақ мектептері жабылды, тың игеру үшін жан-жақтан ағылғандар саны күрт артып, қазақ ұлты өз жерінде азшылыққа айналды. Міне, осындай жағдайдағы жұртының қамын жеген асыл азамат Мәскеудегі Кремль қожасына үш мәселені алға тартып, жеделхаттар жолдаған. Біріншіден, ол 1932-1933 жылдардағы аштықта шетке босып кеткен қазақтардың туған еліне қайтып келуіне көмектесу керек деген мәселе көтерді. Бұл жерде шетте жүрген қазақтардың тағдырына алаңдаумен қоса, елдегі азшылыққа айналған қазақтың санын көбейту мақсатының да көкейде болғаны сөзсіз. Екіншіден, Қазақстанда ауыл шаруашылығын өркендетіп, шикізат өндіріп қана қоймай, өнеркәсіпті дамыту керектігін алға тартты. Расында, бұл да ең өзекті мәселелердің бірі еді. Кремль қазақ жерінің байлығын ғана пайдаланды, оны өзінде өңдеп, дайын өнімге айналдыру үшін зауыт-фабрикаларды көптеп салу қолға алынбады. Үшіншіден, тіл тағдыры қозғалды, қазақтардың өз тілінде білім алуына жағдай жасау керектігі айтылды. Осы үш мәселені Хрущевке жеткізу арқылы туған халқының сол кездегі қыл үстіндегі тағдырына қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей араша болуды ойлады, көзсіз ерлікке барды. Хрущевтің мұндай батылдықты жақтырмағаны, оның хаттарына шамданғаны сол кезден қалған естеліктерде еміс-еміс сақталыпты.

Молдабай Әбдіров есімі жазушы Смағұл Елубаевтың «Мінәжат» туындысында кездеседі. Смағұл Елубаев осы шығармасын жазу барысында «халық жауы» деген жаламен жапа шеккен жандардың өз аузынан айтылған естеліктеріне сүйенген. Олардың арасында Молдабай Әбдіров те болған. Оның әңгімелері, тағдыры қатты толқытқандықтан болар, жазушы бас кейіпкерін Сібірде Молдабай Әбдіров атты қайсар бір қазаққа кезіктіріпті. Сонымен қатар жазушы өзінің Аbai.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында да: «Маған бір оқиғаны  көзкөрген марқұм Молдабай Әбдіров деген ақсақал айтып еді: «ҚазПИ-де студент едік. Институт залының  президиумында Голощекин бастаған республика басшылары: «Бес жылдықтың жоспары керемет орындалды. Ура-ура! Жасасын, коммунистік партия!» — деп айғай салып, ұрандатып отырды. Күн ыстық болғандықтан, залдың есігі ашық тұрған еді. Жиналысқа қатысып отырған студенттер, ашық тұрған есіктің ар жағында жолда аштықтан бұралып, құлап жатқан қазақтарды көріп, жылап отырдық. «Мыналар неткен көрсоқыр, қаныпезерлер еді», — деп жылап отырдық» дегені есте. Міне, осы бір эпизодтың өзі Голощекин басқарған саясаттың қазаққа қарсы бағытталған  қылмыстық, шовинистік сипатын көрсетеді», — дейді. Жалпы, көзін көргендердің естеліктері бойынша, Молдабай Әбдіров қазақтың ХХ ғасырдың 30-60 жылдарындағы тарихы жөнінде жиі әңгіме қозғап, Алаш қайраткерлерінің халқына жасаған қызметін жастарға насихаттаған. Сондықтан оның, бір жағынан, «халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлға ретіндегі өмір жолы, екіншіден, сол кезеңдер туралы құнды деректері алда зерттеушілер назарына ілігіп, сараланады деп үміттенеміз.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Гүлбаршын ЕРҒАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қобда бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button