Спорт

«Ақтөбенің» кезекті жеңісі: 4:0 

Бірінші лига

Дүйсенбі күні, 19 қазанда бірінші лиганың Х тур кездесулері өткізілді.

Бірінші конференцияда ойнап жүрген жерлестеріміз бұл турда «Байқоңыр» командасымен кездесті.

Бұл кездесуді де «Ақтөбе» бірден шабуылмен бастады. Сол бастапқы минуттардан-ақ сасқалақтай қимылдаған қызылордалықтар әп дегеннен өрескел тәртіп бұзуға мәжбүр болды. Айып алаңының сырт іргесінен соғылған допты «Байқоңыр» футболшысы қолмен кері серпіп қалды да, бас төреші Александр Алиев еш ойланбастан пенальти белгіледі. 11 метрлік нүктеге келген Эдуард Суханов мүлтіксіз соққы жасады. Доп қақпаның оң бүйіріне қарай зып ете түсті, ал қақпашы сол бүйірге қарай шөкелей құлады — 0:1.

Гол әперген шабуыл екпіні бұдан соң да саябыр таппады. Ақтөбеліктер қарсыластар қақпасына дүркін-дүркін шүйілумен болды. Осылайша он шақты рет төнген тікелей қауіптен «Байқоңыр» әйтеуір жандәрмен қимылмен құтылып жатты.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда жерлестеріміз шабуыл қарқынын тіпті үдете түсті. «Байқоңыр» қаншама қорғанып баққанымен, тайм басталғаннан кейін он минуттай уақыт өткен соң, екінші голды қабылдады. Георгий Бурнаш тастаған тамаша пасты қақпаның алдына келе қалған Максим Самородов қатесіз қақшып түсті де, қақпаға лып еткізіп енгізді де жіберді — 0:2.

Бұдан кейін бес минут өтер-өтпесте тағы бір голдың соғылуына осы Максим Самородов тікелей үлес қосты. Ол тастаған пасты Рифат Нурмугамет қақпаға тура бағыттағанымен «Байқоңыр» қақпашысы аса қырағылықпен кері серпіп тастаған болатын. Сол кезде дәл осы маңда ойнақ салып жүрген Олег Чернышов допты қайыра теуіп, қақпа торын тағы да бүлк еткізді — 0:3.

Әрине, ірі жеңіс есебіне қол жеткен соң жерлестеріміз бір ауық дамылдауды ұйғарса да ешкім кінә арта қоймас еді. Олай болмады. «Ақтөбе» футболшылары «Байқоңыр» қақпасын торуылдауды доғармады. Ойын аяқталар сәтте, 89-минутта Әлішер Әжімов берген пасты алаңға екінші таймда шыққан Владимир Прокопенко қақпаға және тоғытты да жіберді — 0:4.

Осы жеңістен соң «Ақтөбе» көш басындағы тұғырын одан әрі нықтай түсті.

Айта кету керек, өткен турдағы сияқты бұл кездесуде де біздің Жасур Нарзикулов қорғаған қақпаға аса көп қауіп төне қойған жоқ. Бұл біздің команданың шабуыл шебінің алымдылығымен бірге қорғаныста да тастай мығымдығын дәлелдейді.

Еске сала кетсек, бірінші айналымда жерлестеріміз «Байқоңырды» 5:0 есебімен ұтқан болатын.

«Байқоңыр» — «Ақтөбе» — 0:4.

Гол авторлары: Эдуард Суханов, 5-минут, пенальти (1:0); Максим Самородов, 55-минут (2:0); Олег Чернышов, 60-минут (3:0); Владислав Прокопенко, 89-минут (4:0).

«Ақтөбе» мына құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов, Әлішер Әжімов, Әділхан Таңжарықов, Рустам Темірхан, Виталий Волков, капитан (Антон Шурыгин, 70-минут), Максим Самородов (Владислав Прокопенко, 75-минут), Рифат Нурмугамет (Никола Цуцкич, 61-минут), Георгий Бурнаш, Андрей Часовских (Бобан Джорджевич, 61-минут), Эдуард Суханов, Олег Чернышов (Ардақ Сәулет, 70-минут).

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Куасси Куаджа, Тәуіпбек Орналин, Есен Жасанов, Рустам Сахибов, Жамбыл Көкеев, Демият Сламбеков.

2020 жыл 19 қазан-17.00. Павлодар, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Мақтаарал»-«Алтай» — 1:0.

Гол авторы: Вячеслав Сердюков, 12-минут (1:0).

2020 жыл 19 қазан-11.00. Павлодар. Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

«Қыран»-«Арыс» — 1:2.

Гол авторлары: Стэнли Нкоби Чисом, 34-минут, пенальти (0:1); Жансерік Қалдыбай, 60-минут (1:1); Стэнли Нкоби Чисом, 69-минут (1:2).

2020 жыл 19 қазан-14.00. Павлодар қаласы, «Жұлдыз» стадионы. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Қазір Бірінші лиганың бірінші конференциясы бойынша 1-орында «Ақтөбе» командасы келеді — 20 ұпай. Жерлестеріміз 8 кездесуде 6 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады. Доп айырмашылығы — 19:2.

2-орынға «Қыранды» жеңген «Арыс» (Арыс) көтерілді — 17 ұпай. Бұлар 5 рет жеңіске жетіп, 2 рет тең ойнады, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 16:13.

3-орынға «Қыран» (Түркістан) сырғып түсті. 16 ұпайы бар бұл команда 5 рет жеңіске жетсе, 1 рет тең ойнап, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 12:7.

4-5 орындарды 13 ұпайы бар «Мақтаарал» (Атакент) мен 7 ұпайы бар «Байқоңыр» (Қызылорда) бөлісіп тұр.

6-орында бұрынғыша 6 ұпаймен «Алтай» (Семей) келе жатса, көш соңында қалған, 7-орындағы «Екібастұздың» (Екібастұз) 5 ұпайы бар.

Ескерте кетейік, «Ақтөбе», «Алтай», «Екібастұз» — 8 кездесуден, ал «Арыс», «Қыран», «Мақтаарал», «Байқоңыр» 9 кездесуден өткізді.

ХІ тур ойындары 22 қазан, бейсенбі күні өткізіледі:

«Арыс» — «Екібастұз»

«Алтай» — «Байқоңыр»

«Ақтөбе» — «Қыран»

«Ақтөбенің» мергендері:

3 голдан соққандар: Олег Чернышов, Бобан Джорджевич.

2 гол өткізгендер: Владислав Прокопенко, Рифат Нурмугамет, Виталий Волков, Максим Самородов, Эдуард Суханов.

1 гол авторлары: Әділхан Таңжарықов, Демият Сламбеков, Андрей Часовских.

Бірінші айналымның үздіктері:

Осы аптада Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) Бірінші лиганың бірінші айналымындағы үздіктердің символикалық құрамасын жариялады. Бұл құрамаға «Ақтөбенің» үш футболшысының есімі енгізілді:

Оң қапталдағы қорғаушы Әділхан Таңжарықов;

Оң қапталдағы жартылай қорғаушы Олег Чернышов;

Шабуылдаушы жартылай қорғаушы Рифат Нурмугамет.

Бұл символикалық құрама Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының әріптесі —«InStat» компаниясының клубтар арасында бірінші айналымда өткен кездесулерді талдаған статистикалық есебі бойынша жасақталды. Талдау барысында әр ойыншының жалпы қимыл индексі ғана емес, сонымен қатар олардың өз позициясына қатысты әрқилы маңызды көрсеткіштері де қамтылды.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button